ЕҢБЕКТІҢ ЕЛЕНГЕНІ-ЗОР МӘРТЕБЕ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Мал шаруашылығы қазақ халқының ықылым заманнан бергі ата кәсібі. Төрт түлік малдың амандығы – адам жанының саулығының кепілі.

Осы орайда, алтын бесік, атақоныс ауылда ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандар қаншама!

Олардың бірі де, бірегейі барлық еңбек жолын ветеринария саласына арнаған, ауылымыздың азаматы Әлімжан Бейсенов. Өз мамандығын жанындай сүйетін, түлік саулығына басты назар аударатын еңбекқор жан. Ол оқу бітіргеннен кейін жолдамамен Олжабай батыр ауылына келді, қиындығы мен жауапкершілігі мол игілікті салада абыройлы қызмет атқарды. Міне, ауылдасымыз 24 шілдеде құрметті демалысқа шықты.

Ерейментау аудандық «Мал Аман» мекемесінің басшысы Қазыбек Бекеев ауыл әкімшілігі аппаратында Әлімжан Бейсеновты шынайы құттықтады. Ветеринария саласына сіңірген еңбегін жоғары бағалады, «Алғыс хат» табыс етті. Сонымен қатар Нұрзия Өтешқызы, Сайлау Арынғазин, Раушан Бижанқызы жүрекжарды лебізін жеткізді.

Олжабай батыр ауылдық округінің әкімі Хавджалел Хасамхан әкімшілік атынан Алғыс хат ұсынды, мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

Осындай қуанышты күні ағамыз да баршаға қонақжайлық пейіл танытты.

Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере әлдилеген Әлімжан ағамызды біз де зейнеткерлік жасқа толуына орай зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Жанимхан КУЛАТАЙ,

Олжабай батыр ауылының кітапханашысы