ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ЖАН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Ерейменде Бекболат ақынды білмейтін адам кем де кем шығар. Атақты халық ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекболат Меркемелиденовтің өзінің табиғи өнерінің арқасында ел құрметіне көп бөленгені әуелден-ақ белгілі. Зор атағы бола тұра көпке қабағын кермеген, дүниеге бой алдырмаған кісі дейтін оны көз көргендер.

Біз осы ақын атаға бала күнімізде талай рет сәлем беріп, батасын алып едік. Себебі, Бекболат ақынның қызы Райхан мен күйеу баласы Долдаш Хасенов біздің үймен ұзақ уақыт көрші боп тұрды.

Бүгінгі әңгімемізге арқау боп отырған Райхан Бекболатқызы бар өмірін ұстаздық қызметке арнаған, сол еңбегі арқылы талай жастың бағын ашқан асыл жан еді.

Апай соғыс жылдарында Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, Ерейментаудың Торғай ауылында мұғалімдік жұмысын бастапты. Бұдан соң әр мезгілде Ерейменнің Олжабай, Шахты-Социал, интернат пен №2 орта мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген.

Дене бітімі, жүріс-тұрысы, сөзге деген ділмарлығы – әкесі Бекболатқа қатты ұқсайтын. Бір ғажабы, шәкірттерінің ол кісіге деген сый-құрметі ерекше болды.

Мінезге бай адамның әркез бағалы болатыны білгілі ғой. Өз заманында ол кісі КПСС мүшесі, ұстаздар ұжымының маңдайалдысы бола білді. Ұрсып-зекуді білмейтін адамның сыпайы сөзі оқушыға жігер беріп, шалыс басқан шақта, ұштаған қарындаштай, оқу мен қоғам жұмысына бірден араластырып жіберетін ерекше бір қасиеттері бар еді. Оны алдынан өткен, дәріс алған аға-апаларымыздан талай естігеніміз бар.

Бес баланың анасы болған Райхан Бекболатқызы жұмыстан бір де бір рет қол үзбеді. Халқының құрметіне бөлене жүріп ол педагогикалық істің қыр-сырын ширатты, соған сәйкес талай еңбектер де жазып шығарды.

Ерейментау қаласының мектеп-интернатында, бүгінгі Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінде ұзақ жылдар сабақ бере жүріп, облыс пен республикада өткен конференцияларға белсене қатысты, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, жас педагогтар алдында талай рет тәжірибелік дәрістер де берді.

Райхан Бекболатқызының көп жылғы сүбелі еңбегі еш болған жоқ. Ол соның нәтижесінде «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды. Одан басқа, адал әрі үлгілі еңбегі үшін СССР-дің «Құрмет белгісі» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған сирек жандардың бірі.

Соғыс және еңбек ардагерлері Долдаш пен Райхан Хасеновтердің жанұясынан ұшқан өрендер өмірде өз жолдарын таба білді. Балаларының алды зейнеткерлікте болса, кішілері ел қатарлы әлі еңбек етіп жатыр.

Бұл орайда Астананың белді азаматы, аяулы аға-апаның сүт кенжесі Аян Хасенов туралы ауыз толтырарлық сөз айтудың орны бөлек. Мамандығы дәрігер Аян Хасенов Ерейментау ауданының төлтумасы, атын мақтанышпен айта алатындай қадірлі жан.

Әке мен анаға деген құрметті мен осы Аянның, оның жұбайы Ләззаттың өмірінен көп аңғардым. Долдаш әкеміз бен Райхан шешемізді мәпелеген осы жас адамдар. Сондықтан болар, тіршілікте осы шаңырақ үлкендері өздерінің биліктерінен айрылған жоқ. Келіндері Ләззат пен ұлы Аянның ерекше құрметтеріне бөленді.

Шынайы ұстаздың өмірде шәкірттеріне берген ерекше қасиеттерін осы балаларынан көріп қайран қаласың. Бұл ұстаздардың ұстазының қолынан ғана келетін өнегелі әрі ізгілікті іс.

 

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Астана қаласы