КӨПІР – ҚАТЫНАС НЕГІЗІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ауданымыздағы халық мол шоғырланған Еркіншілік ауылдық округінде, тірек елді мекенінде, атқарылып жатқан игі іс аз емес. Олардың біріне өзіміз анық көз жеткіздік.
Міне, дала жолымен Веренкаға қарай бағыт алып келеміз. Орталық қонысқа дейінгі арақашықтығы – он төрт шақырым. Жолдың оң жақ қапталында Новомарковка ауылдық оркугіндегі Ержан Биекенов басқаратын «Хамзе» шаруа қожалығының егістік алқабы жайқалып тұр. Елді мекенді жағалап отырып, көпірге жеттік.
Біз көрген көпірдің негізгі ерекшелігі мен қажеттілігі – шағын ауылды Ақмырза ауылымен жалғайды да, әрмен қарай Новомарковка ауылы арқылы республикалық мәндегі автобанға қосылуға мүмкіндік береді.
Бертін етегін көктемгі тасқын су шайып кеткен көпір құлауға шақ қалған еді. Округ әкімі Жаңабай Амангелдиновтың ұсыныс-бастамасымен, қамқорлық ниетімен игі іс қолға алынды. Бір жағынан оған халықтың өтініші де негіз болды.
Шілде айы ішінде ізгі ниетті жандар білек сыбана жұмысқа кірісті. Осы округтегі Ержан Бектұрсынов басқаратын «Ержан» шаруа қожалығынан Нұртас пен Руслан Бектұрсыновтар «Беларусь» маркалы көлік бөлді, бордюр әперді. Ерейментау қаласындағы Николай Кравченко басқаратын «Эко Жәрдем» кәсіпорнының өкілдері металл құрылғыларын дәнекерледі, етек жағын нығайтып-бекітуге өз иелігіндегі жүк көлігімен уақтас жеткізіп берді, жағалауына бордюр орнатты. Бақыт Жамантаева басқаратын «Мәриям» шаруа қожалығының жұмысшысы Жақсылық Жамантаев елгезектік ниетпен көмек қолын созды. Сонымен өзекті мәселе түпкілікті шешілді, нақты нүктесі қойылды. Енді округ халқына Веренка арқылы қыста да, жалпы жыл он екі ай бойы Астанаға емін-еркін қатынасуға әбден болады. Алдағы қыста жолды қар ұстамас үшін, күзде жиегіндегі шөпті шабу міндетін «Ержан» шаруашылығы өз міндетіне алмақ ниетте. Біз де ол кісінің ел қамын ойлаған ізгі қадамын қуана құп алдық.
***
Алдыңғы мақаламызға арқау болып отырған Ержан Бектұрсынов – Веренка ауылының төл тумасы. Елді мекенде өзінің отбасылық шағын кәсібі, мал ұстайтын фермасы баршылық. Жылқы өсіреді, қара мал күтімін қолға алған. Ендігі кезекте мал басын көбейтуді, тұқымын асылдандыруды ниет етеді, келешекте қазақтың ақбас тұқымды екі бұқасын алдыруға талпыныс жасап отыр. Алдағы қыстама науқанына өз есебі бойынша жалпы 200 тонна шөп үйіп алу қажет. Ауа райының әрбір оңтайлы сәтін игілікке пайдалануды көздеген жерлесіміз шабындыққа шалғы түсірді. «МТЗ» маркалы екі тракторы, керекті еңбек құралдары, жанармай қоры қолда баршылық. Механизаторлар Руслан Бектұрсынов, Қажымұрат Атаев, Ержан Бектұрсынов, Ерболат Төлеуов ортақ іске жұмыла кіріскен.
Көктемгі егіс уағында 60 гектар алқапқа арпа себілген екен. Жерден өнген, аманшылық болса – күзде жиылатын өнім жемдік мақсатқа, қыста қолға қарайтын малға қосымша азық ретінде пайдаланылады.
Міне ауылдық жерде түлік күтіміне ден қойған, өздігінен талпынған, біраз адамдарды жұмыспен қамтыған жанның тіршілігі осындай.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суреттерде:жөнделген ауыл көпірі.
Суреттерді түсірген автор.