КӨЗ ЖАНАРЫ НЕГЕ ӘЛСІРЕУДЕ?

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Күнделікті өмірімізде көру мүшесі үлкен рөл атқарады. Көз арқылы біз айналамызда болып жатқан құбылыс мен көріністің куәсі боламыз, қоршаған ортаны танимыз. Көз адамның маңдайындағы жұлдызы десек қателеспейміз.
Айта берсек, көзге беретін жалпылама анықтама көп. Бірақ, біз күнделікті күйбең тіршілік қамымен жанарымыздың көру мүмкіндігін тексеріп, дәрігер көмегіне жүгіне бермейтініміз шындық.
Жүрісі жылдам дәуірде технология күннен-күнге қарыштап дамып жатыр. Бұл деген түрлі гаджет құралдарының күнделікті қолданысқа еніп жатқанын көрсетеді. Әрине, алдыңғы буын түріне қарағанда мүмкіншілігі мол жаңа технологияның жарыққа шығуы қуантады. Бірақ, оның адам денсаулығына тигізетін зардабын ескере білу керек. Себебі, қазіргі таңда, мектептің бастауыш буынындағы іні-сіңлілеріміздің де жастай көзәйнекке танылғанын байқаймыз. Бұл ұялы телефонды шамадан тыс қолдану мен күн ұзаққа компьютердің алдында отыру салдарынан туындаған мәселе.
Өңіріміздегі бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларының жанарының көру қарқындылығын білу үшін Ерейментау аудандық емханасының тәжірибелі маманы, көз дәрігері Анеля Петровна Огайдың пікірін сұрап көрдік. Балалардың көз дәрігеріне жолығуы жайлы маман не дейді екен?
-Ауданымызда мектеп оқушыларының жанарының көру мүмкіндігі төмен деп айтала аламын. Оқу жылы басталғанда білім ордаларында мединицаналық қаралым өтеді. Тиісті дәрігер-мамандар әр мектепке арнайы барып, оқушылардың денсаулығына толықтай тексеріс жүргізеді. Қаралым барасында, оқушылардың көру мүшесінің жағдайына көңілім толмайды. Бұл жөнінде ата-аналарға ескертіп, демалыс уақытында баланың денсаулығына көңіл бөліп, дәрігерге қаралып, тиісті емдом қабылдауын айтамыз. Бірақ, ата-аналар бұл жағдайға бей-жай қарайды, дейді маман. Үлкендердің бала денсаулығына салғырт қарау салдарын жас буын көріп жатады. Көз дәрігерінің ата-аналар мен балаларға берер кеңесі қандай?
-Біздің көзіміз қазіргі заманғы жаңа технологиялардың (смартфонды көрсетіп) ыңғайына қарай жаратылған жоқ. Көру мүшесі бізге алыстағыны болжап, жақындағыны көру үшін ғана. Ал, қазір бәрі күрделі, күнделікті өміріміз түрлі технологияларға байлаулы. Осы жағдайларды ескере отырып, балаларға межелі уақыт арасында ғана компьютер, теледидар қарап, көп уақыт аулада, таза ауада ойнауға кеңес беремін. Ал, ата аналарға айтарым, бастысы күн бойы балаларының не істеп жүргенін бақылау қажет. Сондай-ақ, бала денсаулығына қызығушылық танытып, дәрігерге қаралып тұру керек, деп ой қорытты дәрігер.
Осы тақырыпты негізге ала отырып, оқырман қауымға үйдегі балаңыздың немесе іні-сіңлілеріңіздің көру мүшесінің қарқындылығына көңіл бөліп, тиісінше әрекет етуін сұраймыз. Себебі жас балаға көзәйнек көру мүшесін алмастыра алмайды. Болашақ жастардың қолында, дегенмен, кейінгі ұрпақтың денсаулығына аса көңіл бөлгеніміз абзал. Бүгінгі өзекті мәселеге өз ой-пікірін білдірген білікті көз дәрігері Анеля Петровнаға алғысым шексіз.
Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ