МЕШІТ- ҒИБАДАТ ПЕН НАСИХАТ ОРДАСЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Халыққа имандылық ілімін насихаттайтын, ислам қағидалары мен шариғат ережелерін молынан сіңіретін ғибадат ордасының әрбір ауылда алар орны ерекше. Әсіресе бүгінгі алмағайып кезеңде жастарымызды, келешек ұрпағымызды бейтаныс жат діннің ағымы мен жетегінен сақтандырудың мәні зор. Бұл орайда жергілікті мешіт имамдарына, көпті көрген ақ сақалды қарияларымызға жүктелер міндет ауқымды.

ауыл мешітінің имамы Қайролла Жақияұлы
ауыл мешітінің имамы Қайролла Жақияұлы

Бұрыңғы дүкен ғимаратын өз күшімен, бірлескен ниетпен мешітке бейімдеген Еркіншілік ауылы тұрғындарының исламға ықыласы ерекше. Ауыл имамы Қайролла Жақияұлының осы негіздегі ұйымдастырушылық қабілеті, меңгерген білімі көздеген мақсатқа қол жеткізуге септесіп келеді. Ораза айты , Құрбан айт, тарауық намазынан бөлек, апта сайынғы жұма намазына жамағат айтарлықтай деңгейде жиылады. Жазғы каникул уағында да мектеп жасындағы он бес шақты бала Құран Кәрім әліпбиін меңгерумен қатар ислам ғылымының негіздеріне қанығады. Бұл жыл сайынғы дәстүрге айналған. Оған лайықты әдебиеттер мен көмекші құралдар да қолда баршылық.
Мешіт төңірегін айнала қоршауға талпыныс жасалуда. Ол да тиісті жөнімен, өз сәтімен еңсерілетін шаруа.
Бас имам – көршілес Қорғалжын өңірінің тумасы. Осыдан бес жыл бұрын Алматыда арнайы діни білім ордасында имам даярлайтын курсты тәмамдаған. Сонымен бірге, облыс пен аудан көлеміндегі, өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға, заманауи тың жаналықтарға ықыласпен ден қою арқылы білім-білігін жетілдіруге жіті мән береді. Нәтижесінде округтегі жалпы ахуал тұрақты. Қаракөздеріміз мол қоныстанған ірі елді мекенде түрлі діни рәсімдерді шариғат үлгісінде, арнайы бекітілген тиісті фәтуә шенберінде өткеруге, қолда барды ұқыптап ұқсатуға, ысырапшылдыққа жол бермеуге назар аударуда. Имамның ұсынысын халықтың да бірауыздан құптап қолдағаны зор ғанибет.
Жылы еден төселген ауыл мешітінің намазханасы жанға жайлы, бес уақыт намаз парызын сәтімен өткеруге өте қолайлы. Қазандығы, киім ілетін бөлмесі қарастырылған. Келешекте өмірден өткендердің рухына дұға оқытатын, бір жерден ас берілетін өз асханасын салуды жоспарлаған жайы бар. Оған ауылдастардың бірлігі, бақуатты кәсіп иелерінің демеушілік қолдауы қажеттігі белгілі. Аманшылық болса, Қайролла Жақияұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен елді бір арнаға топтастыра білетін елгезектік қасиеті көздеген мақсатқа қол жеткізетіні анық.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ
Суретті түсірген автор