НАУБАЙШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ДЕ БАҒАЛЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ауыл фермері, тәжірибелі шаруашылық басшысы Өміртай Сарқұлақовтың иелігіндегі наубайхана халықты бағалы да сапалы өніммен үзіліссіз қамтамасыз етіп келеді. Меңгерушісі Бәтима Сарқұлақованың қарамағындағы наубайшы келіншектер Надежда Элерс, Татьяна Алексеева, Людмила Нагаева, Ольга Бережная өз кәсібін адал атқаруда, жұғымды да сапалы өнімі көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Екі-екі адамнан екі түн қатарынан түнгі ауысымда жұмыс істейтін әріптестер салмағы 650 грамдық 400-500 бөлке нан пісіріп шығарады. Ұн мен ашытқыны, өзге шикізат кіріс қаражаты арқылы алдырылады.
Қамыр иленімі, нан пісірілімі – барлық жұмыс толық электрлендірілген. Жұмыскерлер тек қажетті шикізатын тиісті технологиясы бойынша әзірлейді де, дайын қамырды электронды таразымен өлшеп, қалыпты табаға бөліп салып тұрады. Пештің қызуын, нанның дұрыс пісуін, сапасын назарда ұстайды. Бір мезгілде 220 бөлке нан дайын болады.
Наубайхана орталық су желісіне қосылған, шүмектегі су аристон арқылы жылытылады.
Тұрмыстық бөлмеде түнгі ауысым жұмысшыларына лайықты жағдайдың бәрі қарастырылған. Еден жуушы Рымтай Сейсенбаева ішкі санитарлық тазалықты назарда ұстайды. Өз міндетін тиісті талап деңгейінде ұқыпты атқарады. Оған меңгеруші де дән риза.
Наубайшылар жергілікті меншікті дүкенге қоса көршілес Ақсуат ауылының тұрғындарын да аптаның белгілі күндерінде нанмен қамтамасыз етеді. Меншікті көлігін ұдайы бапты қалпында ұстайтын ұжым өкілі Азамат Алпысбаев тасымал жұмысымен айналысады.
Қызметін халқына арнаған, көпшілікке пайдасын тигізген шағын ұжым өкілдері де өз ісіне дән риза, алысқа бармай-ақ, жергілікті жердің өзінен сапалы да дәмді нанға кенелген тұрғындар да дән риза.
Суреттерде: наубайшы жұмыскерлер.
Суреттерді түсірген автор.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.