ШАБЫНДЫҚТА ЖҰМЫС КӨШ ІЛГЕРІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Еркіншілік ауылдық округіндегі іскер жігіт Өміртай Сарқұлақов жетекшілік ететін «ТБА» шаруа қожалығы бүгінде шабындық басында науқандық жұмысын сәтімен жүргізуде. Алқапқа жақындаған сәтте айнала рулондалған дайын шөпке көзіміз түсті. Жақын маңда жұмыскерлер үйреншікті кәсібін жалғастыруда.

механизатор жігіттер бригада жетекшісімен бірге
механизатор жігіттер бригада жетекшісімен бірге

Бізбен әңгімелескен шөпшілер бригадасының жетекшісі Амангелді Мұхамеджанұлы Әбенов біраз жайдан хабардар етті. Шалғышылар: Болат Сарқұлақов, Сергей Максименко шабындықтағы шөпті шауып, өз ізімен дестеге қалдырып отырады. Іле Карл Флаум Польшада құрастырылған Z562 METAL-FACH шөп буғыш-жинағыш құралымен іске кіріседі де, шабылған шөпті рулондап бумалайды.

Әрбіреуінің салмағы 200-250 келі тартады екен. MTЗ-892 маркалы трактордың иесі Александр Грюнвальд арнаулы шөп әпергішпен арбаға тиіп тұрады. Арман Мәженов оны тиісті ретімен жайғастырып үйеді. К-700 тракторының жүргізушісі Константин Дабилов оны маяға жеткізеді. Міне, есімдері аталған төрт жігіт осылайша қыстың қамын ойластыруда, фермадағы азық қорын еселеуге үлесін қосып жүр. Жұмыс таңсәріден күн батқанша жалғасады. Шағын вагонда аспаз келіншек Айнагүл Садақбаева шөпшілерге үш мезгіл дәмді тағам дайындап береді. Шарушылықтың иелігіндегі мал басына лайықты қор толыққаннан кейін өз жұмыскерлері мен үлескерлердің ауласына шөп түсіріліп беріледі.
Жолшыбай тиісті бабымен өсіп жетілген бидай, арпа, зығыр, судан шөбі алқабы көз қызықтырды. Яғни, келесі науқандық жұмыс – егістікке орақ түсіретін уақыт кезек күтеді деген сөз. Константин Дабилов пен Сергей Максименко қолдағы «Вектор» маркалы дала кемесімен егін жинауды ниет етеді. Міне, шаруашылықтағы тіршілік ырғағы, жалпы жұмыс реті осындай.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген автор