ЖАҒАЖАЙ ВОЛЕЙБОЛЫ ҚЫЗЫҚТЫРДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 4,00 из 5)

Loading...
Өткен аптаның жексенбісінде Еркіншілік ауылында бұрын ел естімеген жаңалыққа куәгер болдық. Орталықтағы ойын аланында жағажай волейболы алаңының тұсауы кесілді. Игі бастамаға тікелей ұйтқы болған әрі негіз қалаған – аталмыш округ әкімі Жанабай Амангелдинов.

ауылдас ойыншылар тобы
ауылдас ойыншылар тобы

Біз елді мекенге іс сапар шеккен күн – шіліңгір шілденің ми қайнатар аптап ыстығы болатын. Жаңа алаңның бір ерекшелігі – волейбол ойнайтын жерде көгал орнына кәдімгі құм төселетінінде.

Ал әдеттегі волейболдан тағы бір өзгешілігі – команданың құрамында небәрі екі-ақ ойыншы болады да, алаңда жалаңаяқ ойнайды. Доп берілісі мен қабылдау тәсілі, қарсыласты ұту, ұпай жинау әдісі әдеттегі ойын тәртібінен еш аумайды. Бұл бір жағынан ағзаны шынықтыруға, екіншіден, күн сәулесімен әбден қызған алаңда денсаулықты нығайтуға септеседі. Ойын алаңы әкімдік үйіне қарама-қарсы орналасқан екен. Бүгінде тұрғын халықтың жалпы саны бес мың адамға жуықтаған ауылда спортқа әуес жастар да аз емес. Еркіншіліктің тұрғындары ауданда, облыста өтетін түрлі жарыстарға ұдайы белсене үн қосады, алдыңғы орыннан көрінеді. Облыстық «Ақбидай» спартакиадасында да аудан құрамасын мықты да білікті ойыншылармен толықтырды. Осы жағдайды ескерген ауыл әкімі жаңағыдай қадамға баруды ұйғарды. Келешекте қосымша корт ашатын ниеті барын да естігенде көңіліміз толды. Бұл бір жағынан елді мекенде саламатты өмір салтын насихаттаудың, халықтың бос уақытын мәнді ұйымдастырудың, түрлі зиянды әдеттерден сақтандырудың жарқын үлгісі. Екіншіден, Елбасы аманат еткен тұрғындардың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамтуды көздеген бағытын нақты іспен нығайтудың бір нышаны.
Әдеттегі спорт ойынынан бөлек, жағажай волейболына күн ысыған сәтте әуестенушілер қатарының аз болмайтынына анық көз жеткіздік. Жаңа алаңның тұсаукесері күні шаршы топта командаға бөлінген ойыншылар қатары айтарлықтай болды. Оған округтің спорт жөніндегі әдіскері Айдос Мырзат та тікелей септесті.
Алаңға құм жеткізуге жергілікті шаруа қожалықтары жәрдемдескен. Ал қолда барды игілікке жаратуға жастар да белсене үн қосқан. Әкімнің ұйымдастырушылық қабілеті мен елді мекен тұрғындары арасындағы беделінің жарқын үлгісі. Өзге округтерге өнеге боларлық игі бір іс. Бірлікпен атқарылған жұмыстың ұдайы он нәтиже беретіні белгілі жайт. Оған дәлел – ауылда іске қосылған бүгінгі алаң.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ
Суретте: ауылдас ойыншылар тобы
Суретті түсірген автор