ЖЕМІС-ЖИДЕК САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Мамыражай жаздың аяқталуына да аз уақыт қалды. Дәл осы шақ маусымдық жеміс пен көкөністің толысып-уылжып піскен кезі. Иә, көз қызықтыратын, құмарын мен тәбетіңді қоса ашатын экологиялық таза, табиғи өнімнің қай-қайсысы болсын, адам ағзасына берер пайдасы орасан. Ырыздықтың барлығы Жер-Ананың бағалы сыйы деп жатамыз. Орман-тоғайдың баурайындағы әрбір шөп дерте дауа, жанға шипа. Ал, жаз мезгілінде кең дала төсінде адал еңбекпен ақша табам дегенге жұмыс көп. Ыстық күннің астында, жерден еңкейіп, ризығын тапқанға не жетсін. Жидектің балбырап піскен шағында өңіріміздегі шағын базардағы күнделікті сауда ырғағына қызығушылық танытып едік.

Адасқан Кулжиг
Адасқан Кулжиг

Қаз-қатар тізілген үстел үстінде, ауызекі тілде бүлдірген атанған, кәдімгі жидегіміз молынан қойылған. Бірі үй бақшасында өз қолымен өсірсе, енді бірі ауа райының қолайсыздығына қарамастан тоғайдан жиып алған өнімдер. Сатылымдағы жеміс-жидектің дені өзіміздің жергілікті жердікі. 5 литрлік шелектегі бүлдіргеннің бағасы – 3000 теңге болса, шие – 3500 теңгеден. Ал қарақаттың бір литрі – 1000 теңге болса, бір литрлік шыны ыдыстағы таңқурай – 900 теңге.
Новомарковка ауылының тұрғыны Адасқан Кулжиг отбасымен бірге жаз бойы жеміс-жидек теріп, аз да болса нәпақа тауып жүрген жандардың бірі.
-Жыл сайын осы уақытта отбасыммен бірге жидек теріп, аудан орталығына келіп өткіземіз. Кешке таман бүлдірген теруге шығамыз. Ал таңертеңгісін жиған-тергенімізді осы шағын базарға шығарамыз. Бұл біздің күнделікті дағдылы ісіміз.
Мен Астана қаласының «Жасыл-аймақ» мемлекеттік мекемесінде бригадирлік қызмет атқарамын. Қарамағыма 25-ке жуық адаммен бірге, қала сыртындағы қарақат ағашы көшетіне күтім жасаймыз. Өнім бітік шығуы үшін бәрін бабымен қадағалаймыз. Қарақат пісіп жетілгенде теріп, саудаға шығарамыз. Жерді тынықтыру үшін биыл маусымдық жұмыс уақытша тоқтатылған, – дейді кейіпкерім.
Апамыз бүлдірген жинау маусымы аяқталған соң, қарақат теріп, жеміс-жидек саудасын әрі қарай жалғастырмақшы. Иә, жұмыс жоқ деп еңбек етуге ерінетін адамдарды көргенде осындай еңбекқор жандар еске түседі. Күн астында жидек сатып тұратын адамдар еріккеннен тұрмайтыны хақ. Бәрі де күнкөрістің қамы емес пе? Бір жағынан адал еңбектің жарқын үлгісі. Бәлкім, бәзбіреулер бұл ойымызды қостар, енді бірі даттар.
Бұл сауда түрін тақырыпқа ала отырып, еңбекпен жидек теріп жүрген апа-жеңгелеріміздің маңдай тері мен адал қызметіне бір сәт тоқталғымыз келді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілеңбей» деп, Абай бабамыз ұлағат еткендей, қай салада болса да, адал еңбек атқарып жүрген жандарға мықты денсаулық пен қажымас қайрат тіледік. Әрқашан саудаларыңыз жеңіл, жұмыстарыңыз табысты болсын.
Зарина КЕҢЕСОВА
Суретті түсірген автор