БӨГЕНБАЙ БАТЫР ЖОРЫҚТАРЫНЫҢ ІЗІМЕН…

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».
(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасынан)
Елбасы осы бағдарламада айтылған ойын жүзеге асыру мақсатында былтыр «Ереймен еліндегі Бөгенбай батыр жорықтарының ізімен…» тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырған едік.
Бұл танымдық жорық биыл да сәтті жалғасын тапты. 3 тамызда қаламыздағы Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің 8 сынып оқушыларымен Ерейменнің киелі жерлерімен танысу мақсатында экспедиция ұйымдастырылды. Ерейментау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ләззат Түгелбаева бұл саяхат туралы бізге әңгімелеп берді.
Ләззат Ғаббасқызы экспедицияның алғашқы сағаты Ерейменнің «Шошақтөбе» деп аталатын тауында орналасқан, 1991 жылы Бөгенбай батырдың 300 жылдық мерейтойының құрметіне орай орнатылған «Үш»найза» стеласының тарихымен танысудан басталғанын айтты. Ереймендік өлкетанушы Мейрам Бөкешевтің айтуынша, «Үш найза» стеласындағы біріктірілген үш найза, үш қалқан, үш тірек үш жүздің біріккен жерін, жауға төтеп берудің, ел тұтастығының белгісін білдіреді. Ескерткш белгідегі екі қалқанның сыртында қазақтың ою-өрнегі, ал үшіншісінде: «Қорған болған еліне, айбар болған жеріне, қойылды осы ескерткіш, Бөгенбайдай еріне!» деген жазу бар.1999 жылы Елбасы Ерейменге келген сапарында ескерткіштің жанында халықты жинап, тілегін айтқан еді. Қазіргі күні бұл ескерткіш белгі Ереймен халқының, жас отау құрушылардың қастерлі, қадірлі жеріне айналған.
Әрі қарай экспедиция мүшелері «Бұйратау» ұлттық табиғи қорығы аумағында орналасқан Сұңқарқия тауларына бет алды. Ерекше табиғатымен тамсандыратын бұл аймақта бізді ел аузында сақталған аңыз деректермен осы қорықтың топсеруеншісі Дина Әбілдинова таныстырды. Кезінде палеозой дәуірінің бас кезінде бұл алқап шалқыған теңіз айдыны болыпты. Оның түбінде миллиондаған жылдар бойы қатты жынысты тұнба жиналып, теңіз тартылған кезде әк тасқа, гранитке, кварцке айналған деседі. Кейін келе палеозой қабаттарын вулкандар бұзып талқандайды. Табиғат әрекеттеріне байланысты жер қабаттары көтеріле-көтеріле келіп тауларға айналған екен. Ерекше тас қабаттарынан тұратын таулардың үстіндегі балдырлар мен үйлесімді өскен қарағаш сол көне заманның елесін көз алдыңа әкеледі.
Ерейменнің табиғаты мен тарихына тамсанып Сұңқарқия тауларының бойында орналасқан Әулиебұлақ деген жерге жаяу бет алдық. Ел аузында қалған әңгімелерге сүйенсек, баяғы заманда ауа райының тұрақсыздығына байланысты елде құрғақшылық, жұт болған екен. Азып-тозған ел сол жерде тұратын қарт молдаға барып, Тәңірден жауын тілеуін өтінеді. Қария осы жерде орналасқан биік шоқының үстіне шығып, Алладан үш күн бойы жауын тілейді. Сөйтіп, ақсақалдың тілегі қабыл болып, бұл жерге нөсерлі жаңбыр жауады.Толассыз жаңбырдың шарапатымен осы жерде бұлақ пайда болады. Бастаудың суы нәрлі, емге шипа болғасын, халық оны «Әулиебұлақ» деп атап кеткен екен.
Саяхат барысында айтылған аңыз деректердің біразы Көк бөріге қатысты болды. Көк Бөрі – түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. Оған қатысты әңгімелер ежелгі үйсін, түркі және моңғол аңыздарында кездеседі. Қытай тіліндегі жылнамаларда сақталып қалған біреуінде тұтас бір халықтың жаугершілік заманда қырылғаны, батпақ ішінде аяқ-қолы шабылып, жараланған он жасар бала ғана тірі қалғаны айтылады. Ол балаға бір қаншық қасқыр жолығып, емізіп, қанын тоқтатып, жарасын жалап жазып алады екен. Ата-бабаларымыздан қалған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұл киелі жерде сол Көк бөрінің рухы да кездеседі-мыс. Қыста адасқан адамның түсіне кіріп, жол сілтейтін көрінеді. Қалай десек те көне түркілер көк бөрінің ұрпақтары деген мифтік аңыз-әңгімелерден туған қиял ма екен деп те ойлайсың.
Сұңқарқия тауларына қатысты ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге қаныққасын экспедиция мүшелері Қарағайлы ауылының маңында орналасқан «Құмай түріктік этнографиялық кешеніне» жол тарттық. 2009 жылы археолог, ғалым Айман Досымбаеваның барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылған ескерткіштердің озық үлгілеріне шолу жасалды», -деп Ләззат Ғаббасқызы сөзін түйіндеді .
Осылайша, туған өлкеміздің тарихын танып, ата-бабаларымыздан қалған аңыз-деректерді білу мақсатында ұйымдастырылған экспедиция қызықты әрі әсерлі өтті.
(Ақпарат электронды поштамен алынды).