«БОЗТАЛ-2018» АӨК: БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің тиімділігі де, халыққа берер пайдасы да, аз емес. Бір жағынан бірлікті көздейді, екіншіден, мал-жанның амандығын, ортақ ниетті меңзейді.
Осы қағидаға ықылас танытқан ауылдасымыз Рахмет Күрес 20 отбасын бір ортаға біріктіруге мақсат қойды. Бәрінің жеке ауласындағы ірі қара, жылқы, қой кооператив басшысының қарамағына өтті. Бүгінде мал Ақбарақ жайлауында бағылуда. Бақташы қонатын, тамақтанатын арнайы қос тігілген. Бұл жаңалықтың бір ерекшелігі – табын қар түскенше тегін бағылады, малшының тұрақты назарында ұсталады. Түлік саулығын қадағалауға, жоспарлы тексеріс-екпе жұмысына «Мал Аман» КМК-ның мал дәрігері Қабылқажы Мұрат өлшеусіз жәрдем көрсеткен. Малдың жазғы бағылымына Құрманбек Сылай, оған қоса өз балалары қолғабыс тигізеді.
Аналық ірі қараны төлдетудің, түлік тұқымын асылдандырудың қамы да ертерек қарастырылды. Кооператив басшысы да осы мәселені ертерек ойластырған. Көршілес Торғай ауылдық округіне қарасты Валерий Кармелюк басқаратын «Торғай» серіктестігінен әкелінген абердино-ангус тұқымды екі бұқасын 50 сиыр бағылып жатқан табынына қосты. Үкіметтен ол үшін субсидия төленді. Тағы бір артықшылығы – өрістегі бұқа екі жылда бір мәрте айырбасталып отырады, ауыл малының тұқымдық құрамын жақсартуға негіз қаланады.
Меншігінде мал ұстайтын бозталдықтардың да замана жаңалығына жалпы көзқарасы ойлағандай деңгейде, бәрінің ауылдасына деген ой-ниеті түзу.
Рахмет Күрестің өзі де 2016 жылдың желтоқсанында облыс орталығы – Көкшетауда «Бизнес-кеңесші» бағдарымен дәріс тыңдаған, сертификат алып шыққан. «Ауыл шаруашылығын қаржылай сүйемелдеу қоры» арқылы алты жыл мерзімге несие ресімдеткен, меншігіне сиыр сатып алған. Бәйге атын баптауға да қызығушылық ынтасы барын жасырмады.
Рахмет Күрес сонау 2006 жылы Аспан асты елінің Шыңжан Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданынан Қазақстанның Ақмола облысының Бозтал ауылына қоныстанған ауылдасымыз алыс шет елде де егін мен мал шаруашылығына төселген, жасынан қарапайым еңбекпен ысылған жігіт. «Ол кезде отбасымда үш перзентім бар еді. «Бала-бақыт» демекші, Ереймен көлемінде тағы бір нәрестеміз дүниеге келді, оны жақсы ырымға жорыдық. Бүгінде олардың алды Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педколледжіне оқуға түсті. Ұлым Степногорскідегі спортқа дарындылар мектебінде дәріс алуда. Енді менде не арман бар? Атамекенге ту тіккеніме, еңбек еткеніме, бауырмалдық ниет білдірген халқыма, қадамымды қолдаған ауыл әкіміне ризамын», деп қуанышты жүзбен ой қорытты кейіпкерім.
***
«Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, отбасындағы әңгіме барысында, дәм дастарханында қазақы ою-өрнекпен кескінделген, көркем тігілген, қыздың жиған жүгіндей тиісті орнына рет-ретімен қойылған көрпе-жастыққа көзіміз түсті. Дегенмен бұл жерде үй тұрмысын сынауды ниет етпедік. Мән-жайды анық білуге аңсарымыз ауды да, Рахмет Күрестің келіншегі Сылай Нұрлыгүлді әңгімеге тарттық.
«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген екен қазекем. Осы қағида негізінде Нұрлыгүлдің анасы Фарида Мағасылқызы он саусағынан өнер тамған, қыз жасауын әзірлейтін, киіз үй жабдығын безендіретін жан болыпты. Бізкесте арқылы да тоқыма тоқитынын естідік. Алыс шет елде ұйымдастырылған талай көрмелерде алдыңғы қатардан орын алған. Ол кісі былтыр дүниеден өткен екен. Қайын енесі Әтиған Мажайқызы тігіншіліктен құралақан болмаған. Қос ананың қыз-келінге берген өнеге-тәрбиесінің нәтижесіне молынан қанықтық. Нұрлыгүлдің қолындағы JANONE маркалы шет елдік әмбебап іс мәшинесі тігін өнерін шыңдауға, іспен пысықтауға толық септескен тәрізді.
Сонымен бірге иірілген жүн мен түбіт жібінен қолғап, шұлық тоқуға де бейімді екенін аңғартты. Анасымен бірге киіз басқаны, сырмақ, текемет, жамылатын жүн көрпе тіккені және бар. Теріні ұқсатуға, иленген теріден киім тігуге ынта қойғанын да байқатты. Отағасының қолындағы түлкі тымақ кез келген боран-аязда суық өткізбейтіні, қонаққа да, досқа да, ұялмай ұсынуға болатыны ақиқат.
Алдағы қыркүйек айына жоспарланып отырған ауданның 90 жылдық атаулы тойында жаңағы қолөнер бұйымының Бозтал ауылының атынан көрмеге ұсынылатынына, қарапайым ісмер әйелдің өнеріне бүкіл қонағымыздың тамсанатынына үміттенеміз.
Бәлкім, аманшылық болса, келешекте елді мекенде шағын тігін шеберханасы ашылар. Оған Нұрлыгүлдің өзін тікелей тәлімгерлікке бекітіп, төл өнерімізге бейімді қыз-келіншектерді біріктіретін орта құрармыз. Тек ол үшін ауылдасымызға құжаты толық заңдастырылып ресімделген, лайықты еңбек жағдайы ойластырылған жеке ғимарат қажет болатыны анық. Жергілікті атқару билігінің өлшеусіз жәрдемімен бұл мақсатқа де қол жететін күн алыс болмас деген ойға берілдік.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретте: ісмер әйелдің тігін бұйымдары.
Суреттерді түсірген автор.