ЕЛ ІРГЕСІН ЕҢБЕГІМЕН НЫҒАЙТҚАН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Биыл ауданымыз айтулы датамен орайлас түрлі шаралар ұйымдастырмақшы. Осы ретте өңіріміздегі ауыл шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосқан, игі саланың басы-қасында жүрген ел ағасы Ерейментау қаласының құрметті азаматы Мақсұт Баймұрынұлы Баймұрыновпен жүздесудің сәті түсті.

Мақсұт Баймұрынұлы
Мақсұт Баймұрынұлы

Кейіпкерім 1939 жылы 4 мамырда Павлодар облысы Баянауыл ауданының Белағаш ауылында дүниеге келген. Сәбилік шағы сұрапыл соғыс кезеңімен орайлас келсе де, ата-ананың қамқорлығымен өсіп-өнген сол уақыттың балалары ілім-білім игеруді бірінші кезекке қойғаны рас. Жергілікті онжылдық мектепті тәмамдаған бозбала 1959-64 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында білім алды. Дипломды азамат Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Ерейментау ауданына жұмысқа жіберіліпті. Алғаш еңбек жолын өңіріміздегі ауыл шаруашылығы бөлімінде аға зоотехник қызметінен бастайды. Ізінше аталмыш мекемеде бас маман, бөлім бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Тіпті, Новодолинка, Еркіншілік совхоздарында бас зоотехник қызметін атқарды. Өмірін ауыл шаруашылығына арнаған тәжірибелі де білікті маман 2002 жылы зейнетке шықты. Бертін Елбасының бастамасымен құрылған «Нұр отан» партиясы аудындық филиалы төрағасының орынбасары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық қызметін жалғастырды.
Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүреді емес пе? Ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын игерген атамыздан өткен өмірі мен еңбек жолынан естелік әңгіме шертуді сұрадық. Ол кісі сәл ойланып отырды да, жаратылысына лайықты байсалды, сабырлы қалыппен сөзін бастады.
– Иә, шырағым, жұмыс барысы демекші, біздегі басты міндет – ауыл шаруашылығының әртүрлі саласының іс-тірлігін қадағалап, халықты сапалы ет-сүт, астық, түрлі көкөніс өнімімен қамтамасыз ету болды. «Партия жоспары – халық жоспары» ұраны негізгі қағидамызға айналды. Маусымдық жұмыс кезінде, жоғырыдан әрбір совхозға белгілі жоспар келеді. Онда Үкіметке тапсырылатын ауыл шаруашылық өнімінің тиісті шамасы көрсетіледі. Ал біз, жергілікті сала басшылары, сол жоспардың тиісінше орындалуын қадағалайтынбыз. Қыста ірі қараның бабы мен күтімі, көктемде мал төлдету, тұқым себу, жазда шөп шабу, күзде егін жинау науқаны басталады. Жылдың төрт мезгілінде де ауыл тірлігі осылай жалғаса береді. Зоотехник ретінде түлік күтімі, тиісті шартты рацион негізінде азықтандырылуы, бордақыланатын малдың бабы, жұмысшылардың, ферманың еңбек жағдайы біздің тұрақты назарымызда болды. Бөлімшелерде ашылған Малшылар үйі соңғы мәселені ретімен шешуге мол септескені рас. Сол кезде қызыл мүйіс атанған арнаулы тақтада еңбегімен танылған, мал өнімін дайындауда абыройға бөленген қарапайым ауыл адамының суреті әріптеске үлгі ретінде көрсетілетін. Бесжылдық жоспар, жылдық меже, тоқсандық тапсырма орындалымы, социалистік міндеттеме – бәрі-бәрі аупартком мен ауыл шаруашылығы бөлімінің қадағалауында болатын.
Бітік шыққан өнімді жинауға көршілес Белоруссия, Украина елінен жұмыс күші мен арнайы техника жұмылдырылады. Жұмыс тәртібі, мемлекетке астық тапсырылымы, егін түсімінің ысырапсыз жиналуы бөлім басшысының ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты, – дейді атамыз.
Әңгіме барысында кейіпкерім әріптестері мен замандастарын еске түсірді. Өңіріміздегі ауыл шаруашылығының қарыштап дамуына үлесін қосқан жандардың бірқатарын атап өтті.
-Аудандық партия комитеттінің бірінші хатшысы Иван Иванович Тимошенко, Қасым Аппасұлы Тәукенов, Ерейментау совхозының бас инженері Ілияс Ахметжанұлы Қанапиянов, бас зоотехник Сыздық Темірболатұлы Есіркепов ауданымызда ұзақ жыл еңбек етті. Андрей Иванович Кехтер Новодолинка совхозында басшы, Тұяқбай Жангелдин бас мал дәрігері болды. Бертін мамандандырылған шаруашылық құрылған Новомарковка совхозын Алексей Андреевич Камышный басқарды, Петр Степанович Михайленко бас зоотехник қызметін атқарды. Василий Тимофеевич Крайнев Өлеңті совхозында директор, Әнуар Узденов бас зоотехник болды. Бас мал дәрігері қызметін Торғай совхозында бастаған Матай Мәшкенұлы да адал еңбектің үлгісін көрсеткен білікті азамат еді. Есімі түскені бар, түспегені бар- бұл жігіттердің біразы өмірден өткен, – деп еске түсірді кейіпкерім.
Иә, атамыз әріптестерінің толық ата-жөнін бір деммен айтып берді. Бұл замандастарының арасындағы сыйластықтың, өзара тілектестік ниет пен ізгілік әріптестіктің белгісі болар, сірә. Өңірімізде ауыл шаруашылық саласын өркендетуге, аудан экономикасын нығайтуға ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлік білігімен, өзіндік ақыл-парасатымен үлес қосқан Мақсат Баймұрынұлының еңбегі бағасыз қалған жоқ. І дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері атанды. «Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерудің 25 жылдығы», «Тыңға 50 жыл», «Лениннің 100 жылдығы» мен «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалімен марапатталған.
Жерлесіміз бүгінде немересінің қызығын көріп отырған ұлағатты ата. Ғұмырында ұстаздық қызмет атқарған марқұм жұбайымен 1962 жылы Алматы қаласында отау құрып, үш перзентке ата-ана болды. Тұңғышы Нұрлан өңіріміздегі Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ерланы Павлодар қаласында теміржол саласының бухгалтері қызметінде. Кенже ұлы-Ермұқан Ресей гуманитарлық мемлекеттік университетін, Германияның Гете атындағы Дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінде қызметте. Ермұқан ағаның балалары да шет елде білім алып жатыр. Ардақты әке, аяулы ата бүгінде осы балаларының ілім-ғылымға ықылас қойғанына, ел игілігіне еңбек етіп жүргеніне шүкіршілік етеді.
Міне, ауданымыздың Құрметті азаматы шерткен бір үзік сыр осындай. Қария жасына аяқ басса да, елдің тыныштығын, еңбек жолы өткен Ерейменнің гүлденуін, келешек жастардың амандығын тілейтін, көпті көрген ел ағасына жолыққанымды мақтан тұттым. Ойы қазына, сөзі алтын, кеңесі құнды, ақылға толы бағыты көңіліме мол әсер қалдырды. Иә, жүзінен нұры, бойынан қайраты таймаған қажырлы жанның әлі де күш-қуаты еселеніп, балаларының ақылшысы, немерелерінің қамқоршысы, тұтас елдің бетке ұстар абыз атасы атануын тілеп қоштастым.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Суретте: Мақсұт Баймұрынұлы
Суретті түсірген автор