ЕР ЕСІМІ –ЕЛ ЕСІНДЕ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ауданымыздың өсіп – өркендеуіне өз үлесін молынан қосқан адамның бірі әрі бірегейі- Социалистік Еңбек Ері Балабек Жақин.
Ол кісі 1899 жылы қазіргі Ерейментау ауданының Новомарковка ауылына қарасты Бөтек ауылында Жақа есімді адамның отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі орташа дәулетті, қарапайым өмір кешкен. Балабек жастайынан ұғымтал, зерек болып өседі. Өз күшімен сауат ашып, хат танып, есеп-қисап жүргізу тәсілін меңгереді. Есейіп ер жетіп, Бәтима атты қызға үйленеді, балалары жастай шетіней берген, төрт қыз, бір ұл ғана өскен. Күйеу баласы Жексенбі, қызы Клара осы ауылда тұрады. Ат жалын тартып мінген шағы ескі үкіметің күшпен құлауы, жаңа үкіметтің орнау кезеңіне тұспа-тұс еді. Ескі мен жаңаның арасында көптеген түсінбеушілік, сөзге ерушілік, өзіндік көзқарасының болмауы, келешекке сенбеушілік сияқты жайлар белең ала бастады.

Бұл орайда жаңа үкіметтің саясатын қызу қолдап, партия қатарына өткен адамның бірі Балабек екен. Еңбек жолы қарапайым үй шаруасынан, қоғамдық жұмысқа, әрі қарай ел басқару ісіне дейін көтеріліпті. Ең алғаш Бөтек аулында алғашқы колхоз ұйымдастыруға белсене қатысып, өзінен қосатын мал-мүлкі болмағандықтан, үйіндегі бірнеше орындық үстелін қосыпты, – деп соғыс ардагері Құдайберген ағамыз айтып еді. Колхозды ірілендіру кезінде 1931 жылы Авангард колхозына мүше болып ілесіп, Мыңшұңқырға орналасыпты. Ол кезде қазағы да, басқа ұлты да түгелдей Мыңшұңқырда деп айтатын – дейді Санақ ақсақал. Колхозда қандай жұмыс болса да ұқыптылық танытқан жігіт 1936-1938 жылдары жылқы шаруашылығының меңгерушісі қызметін атқарады. 1938 жылдан өмірінің соңына дейін «Авангард» колхозын басқарған екен. Ұлы отан соғысы жылдары ауыл басқармасы ретінде «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін » ұранымен Үкіметтен берілген тапсырманын бәрін асыра орындап, абыройға бөленген. Жүз биеден құлына алу жоспары да сәтімен еңсерілген. Осылайша, іскер азамат еліміздің дамуына сүбелі үлес қосты. Әрине, «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, ұйымдастырылған жұмысқа, берілген нұсқауға көпшіліктің арасынан көрнеу, көмескі іріткі жасаушылық, жалқаулық сияқты жайттар да кезіккені рас. Мұндай сәттерде басқару тәсілін айтып түсіндіру, үгіттеу, тіпті болмаса күш қолдануға дейін баратын еді»- дейді бірге еңбек еткендерден естігендерім. Кезінде В.И.Лениннің: «Қатаң диктатурасыз социализм құруға болмайды», дегені осыдан қалса керек. Балабек Жақиннің Отан алдындағы еңбегі тиісті бағаланды. 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атанды. 1954-1956 жылдары тың игеру жұмысын нәтижелі ұйымдастырылды, жалпы өңірде 4,5 мың гектар жер игерілген екен.
Елбасынының көрегендік саясатымен еліміз «Рухани жаңғыру» дәуіріне аяқ басқан шақта еңбегімен елге танылған, есімі ел есінде қалған ұлы тұлғалардың еңбек жолын насихаттау, ашылмаған, ел білмеген, жарыққа шықпаған ел аузында қалған мәліметтерді толықтыру келешек ұрпақтың еншісіндегі іс. Новомарковка орта мектебі Жақин Балабектің атымен аталады. Бұл орайда: ауылдың атын да осылай қайта атауға бола ма екен?, деген сұрақ туындайды.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Новомарковка ауылы
Суретте: Социалистік Еңбек Ері Балабек Жақин
Сурет электронды поштамен алынды