ЕСЕЛЕГЕН ЕҢБЕКПЕН ЕЛ ЫРЫСЫН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Биылғы жыл – баршамыз үшін ерекше. Ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Жастық шағында туған жеріне тері тамған, еңбекпенен бағы жанған, мәртебесі еселенген әке-ағалар, әпке-аналар – бүгінде ортамыздың көркі, саялы бәйтерегі. Іссапармен ауылға шыға қалсақ – әдетте әкімінен бөлек, елдің үлкеніне жолыққанды, амандық сұрасқанды жөн көреміз. Әңгімесіне құлақ түрсеңіз – өмір жолынан белгілі бір ұқсастықты аңғарамыз. Байыбына үңілсек – бәрі де көпті көрген, ыстық-суыққа төзген, Отанның қамын көздеген, қиындықты жеңген қажырлы жандар. Орденді еңбеккер, Бозтал ауылының тұрғыны Серік Рақымовтың да жастарға айтары аз емес.

Серік Рақымов
Серік Рақымов

Ағамыз барша қауым аңсап күткен, елді қуанышқа бөлеген Ұлы Жеңіс мейрамынан кейін төрт жыл өткенде дүниеге келген екен. Туған жері – Бозтал ауылының маңындағы Қарасеңгір қыстағы. Әкесі – ақтылы қой өсірген, қазына түлігін баптаған қарапайым ауыл шопаны.
Өлеңті мектебінде жетіжылдықты тәмамдаған шәкірт бала келешекті, мамандық таңдау мәселесін алдын-ала ойлаған екен. Мақсат жетегімен Торғай орта кәсіптік-техникалық училищесіне құжатын өткізді, кең профильді тракторшы-машинист білігін меңгерді, тиісті куәлігін, дипломын алып шықты. Міне жиырма жасынан жұмысқа кіріскен ауылдасымыздың зейнеттік жасқа дейінгі бүкіл ғұмыры ауыл тірлігімен тығыз байланысып жатыр.
Бозталдың халқы кезінде Өлеңті совхозының бөлімшесі ретінде егіншілік пен мал шаруашылығын кәсіп етті. Василий Крайнев, Анвар Узденов директор, соғыс ардагерлері Ғибрат Нұрмағамбетов, Зияда Серікбаев бөлімше басқарушысы, Сейітбек Рақымжанов бригада жетекшісі болыпты. 1974 жылы майдангер Жақия Қанғожиннің басқаруымен Горный совхозы ашылды да, Бозтал ауылы орталығы болды. 1978-1983 жылдар аралығында Александр Бокк директорлық қызмет атқарды.
Егіннен бөлек, жалпы сегіз табын ірі қара, жиырма екі отар қой күтілді. Бүкіл түлік елді мекен төңірегіндегі он сегіз мал жайылым учаскесіне орналастырылды. Сарыкөл аумағында жылқы да бағылды. Осы түліктің бәрінің қысқы азығын қамдауға механизаторлардың да үлесін қосқаны анық. Атабай Бәкеев, Науан Сәтбаев, Мұқан Елшібаев, Талғат Оспанов жылдың төрт мезгілінде де Серік ағамен бірге сапарлас-әріптес, өзара тілектес-ниеттес жанашыр аға-ініге айналды. Үлкендердің қатарына ауыл жастары Болат Көшенов, Айтпай Әміржанов қосылды. Әрқайсысының техникаға қызығушылық ниеті, игі еңбекке ынтасы, досқа адалдығы, ынтымақ-бірлігі, ағалық-інілік ізеті мен елгезектігі бірінші кезекте тұрды.
Елді мекеннен ең алыс қыстақ 30-35 шақырым. Оған қысқы жолдың жағдайын, көктемгі қарғын суды, жаздың аптап ыстығын, күздің қара суығын қоссаңыз – тіркемелі трактормен сапарға шығудың, жемшөп жеткізудің жеңіл тимегенін өзіңіз-ақ аңғарасыз. Алдында айтылған он сегіз учаскенің әрқайсысына құрама жемінен бөлек, 120 тонна шөп үйілетінін санасаңыз, механизаторларға, жүк көлігі иелеріне қаншама жұмыс болғанын есептей беріңіз.
Жыл мезгілі демекші, климаты қатаң өңірдің қысы мен көктемі де халықты біраз әбігерге салатыны бар. Тәуекелге бел бууға, шынжыр табанды трактормен тоғанды, Өлеңті өзенін тікелей кесіп өтуге де тура келді. Ал қыстың көзі қырауда, көктемде қар ерігенде төтенше жағдай сорын алмас үшін, Өлеңті ауылымен іркіліссіз қатынасу мақсатында К-700 маркалы қуатты трактормен арнайы кезекшілікте тұрған уақыт біздің де кейіпкеріміздің көз алдында. Күре жолда талай көлік пен тіркемені сүйреп өткізген, грейдерге дейін бәрін аман-есен шығарып салған сәттер аз болған жоқ.
Горный совхозы ашылған сәтте Целиноград обкомының сол кездегі бірінші хатшысы Андрей Георгиевич Браунның пәрменімен Өлеңті-Бозтал-Усанбай грейдерлі жолы, орталық қоныста бірнеше жаңа тұрғын үй, машина-трактор шеберханасы іске қосылды. Шеберхананың құрылысына бір шеті Целиноград силикат зауытынан Мұқан Елшібаевпен, Нығмет Ақағызовпен бірге кірпіш жеткізген екен. Жалпы 150 үй қоныстанған, сегізжылдық мектеп, медпункт, дүкен, пошта, клуб, мал фермасы жұмыс істеген Усанбай ірі ауыл болды. Бөлімше басқарушысынан бөлек, орта буын мамандар, қарапайым жұмысшылар еселі еңбек атқарды. Әр сапарында жолшыбай Бозталға да аялдайтын Целиноград-Усанбай бағытында күніне бір мезгіл жолаушылар автобусы қатынасты. Бірге жұмыс істеген, әріптес болған механизаторлар Базарбай Тұрсынбаев, Николай Козлов, Иван Альтергот, Анатолий Штриккер кейіпкеріміздің есінде қалыпты.
Иә, еңбектің еленгені, уақтылы тиісті бағасын алғаны зор ғанибет қой. Серік аға да Үкімет марапатына ілікті. «В.И.Лениннің 100 жылдығы құрметіне қажырлы еңбегі үшін» медалі, бесжылдық жоспарды төрт жарым жылда еңсергені үшін ВЛКСМ Орталық комитетінің «Молодой гвардеец пятилетки» қола төсбелгісі көп жайдан хабар береді. Олардың ішіндегі ең бағалысы – 1972 жылдың 13 желтоқсанында ұсынылған Еңбек Қызыл Ту ордені.
Серік Рақымов – бүгінде зейнеткер, ауылдың сыйлы ақсақалы, жастардың ақылшысы. Кезінде совхоз қырманында, таразы желісінде, «Ерейментау Су Арнасы» филиалында жұмыс істеген Торғай жеңгемізбен 1975 жылдан бері тату-тәтті отасып келеді. Ұрпақ тәрбиелеген, немере әлдилеген ұлағатты ата-ана ғұмырнамасы баршаға зор өнеге.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.