МАУСЫМДЫҚ ЖҰМЫС ҚАРҚЫН АЛУДА

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Аграрлық саланың тәжірибелі, көреген жетекшісі Валерий Кармелюк басқаратын «Торғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзі қоныстанған округ аумағында мал шаруашылығын өз деңгейінде өркендетуде. Алғы мәлімет бойынша абердино-ангус тұқымды 500 бас ірі қара қыста қолда күтілмек.
Ал бүкіл түлікті алдағы жауапты кезеңде аман сақтау үшін әрбір шартты мал басына белгіленген зоотехникалық нормаға сәйкес жалпы екі мың тоннаға жуық шөп үйіп алу қажет.

механизаторлар жұмыс үстінде
механизаторлар жұмыс үстінде

Фермер шөптің құнары жойылмай тұрған шақта уақтылы іске кірісуге уақтылы қамданды. Юрий Гончар басқаратын трактор-егіс бригадасы қазіргі таңда кіші Шарықты шабындығы маңында қоныстанған.
Үш-төрт жылдық еркекшөп алқабына қарай жақындап келеміз. Алыстан шағын күркені, жаңа ғана шабылған шөп шөмелесін байқадық, трактор үні құлаққа ап-анық естіледі. Шалғышылардың бірі шөпті дестеге жығып қояды, келесісі шөмелеге жияды да, іле шөп әпергішпен К-701 маркалы трактордың үш тіркемесіне тиеп тұрады. Механизаторлар, өз саласының білікті мамандары Қайрат Жүсіпов, Николай Палий, Андрей Свереденко, Денис Комар осылайша жұмыс көрігін қыздыруда. Тырнауыш Серік Тоқсақовқа бекітілген. Шөп буғыш-сырма Тимур Илгамовтың, Дулат Жанбауовтың иелігінде. Валерий Васецкий мен Валерий Свереденко шөптің трактор тіркемесіне ысырапсыз, шашылмай дұрыс тиелуіне жауапты. Олег Захарчук тиелген шөпті маяға жеткізеді. Күндік еңбек нормасы 50-60 тоннаны қамтиды.
Фермада жұмыс қарқынды жүруде. Әрбір арба әуелі таразыдан өткізіледі. Таразышы Елена Лятиева салмағын дәл анықтайды да, жалпы қор есебін тіркейді. Маяшылар Вячеслав Ершов, Владислав Комар, Максим Правосудов өз кәсібін адал атқарады. Алғы дерек бойынша, бүгінгі күні мал қыстатылатын орынға жалпы 1400 тонна шөп әкелініпті. Алдында айтылғандай, жалпы белгіленген меже – 2000 тонна. Оның 200 тоннасы серіктестік жұмыскерлеріне үлестіріліп берілмек. Келесі аптада, егер ауа райы ашық болса, жалпы алаңы 400 гектарды қамтитын судан шөбі алқабына шалғы түсіріледі.
Басшының бастамасымен 250 тонна шөп даярлауға апталық тапсырма белгіленген. Жоспар ойдағыдай орындалса – жұмысшылардың бәріне сыйақы төленеді. Бұл тәсіл өнімді еңбекке жігерлендіреді. Бригада аспазы Валентина Комар шөпшілерге бір мезгіл тегін түскі тағам дайындайды. Оны дала қосына қызмет көлігінің жүргізушісі Владимир Литвинов тасымалдайды.
Алда маңызды да жауапты науқан – егін орағы кезек күтіп тұр. Диқандар қауымы 20 тамызға таман арпаны, бидайды оруға кіріседі. Бастапқы болжамға, егіннің өсіміне сәйкес гектар өнімділігінің 12 центнерден айналатынына үміт бар. Бұл алдағы қыста қолда күтілетін малдың қоңын сақтауға септесетін болады.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суреттерде: механизаторлар жұмыс үстінде
Суреттерді түсірген автор