СӘКЕННІҢ ІЗІМЕН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Аталған белгілі тарихи акция Ерейментаудан басталып Павлодар, Жезқазған облыстарында жалғасын тапты.
1983 жылдың жаз айында Ерейментау ауданында болған қызықты бір оқиғаның куәсі болғанымыз бар.
Қазақстанның ақын-жазушылары мен ғалымдары Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» кітабында айтылатын оқиғаларға сай ұйымдастырған тарихи экспедициясын Ерейментау ауданынан бастады. Себебі, қазақтың кемеңгер ұлы Сәкен 1916 жылғы Ереймен көтерілісін жазғанда елге қажет біраз мәнді мағлұматтар қалдырғанын оқырмандар жақсы біледі.
Ол кезде Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеген Қашқынбайұлы Ошағанов болатын. Талдықорған өңірінің тумасы соғыс жылдары шекарашы болса, азаматтық қоғамда – түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтер атқарған жан. Ол мейілінше ұстамды, мінезге бай, көрген жанды жылы сөзімен баурап алатын қасиеті зор кісі болған еді.
Республикалық деңгейде құрылған экспедицияны белгілі жазушы әрі ғалым, әдебиет саласының сардары Тұрсынбек Кәкішев басқарса, оның құрамында атышулы ақын Мұзафар Әлімбаев пен облыстық газеттердің бірнеше тілшілері болды.
Соған сәйкес, аудандық партия комитетінің мәжіліс залында көпшіліктің қатысуымен мағыналы жиын өтті. Ауданның бас қонақтары төрге жайғасып алғаннан кейін әңгіме тиегін ағытты, бастап отырған сапарларының мән-жайын түсіндірді. Екі тілде сөйлеп отырған Тұрсынбек аға залда көпшіліктің ішінен өзінің бір кездегі шәкірті-мені көріп қалып масаттана сөйледі.
– Сіздердің араларыңызда менің студентім отыр, – деп маған ерекше назар аударып, біраз сөзін арнады да.
Анненковтың ажал вагонынан қашып шыққан Сәкеннің арып-ашыса да осы құла жонмен туған жеріне жаяу-жалпылай әрең жеткендігін жазушы ағалар өз тыңдармандарына жан-жақты айтып шыққан-ды.
Бұдан басқа олар 1916 жылғы Ереймен көтерілісін ауыз толтырып айтты. Ұлы баһадүр Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың аруағы қонған ел бес қаруы сай ақ патшаға өр мінезімен қарсы тұра білгені – екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Сондықтан, ұлы ақын Сәкен бұл оқиғаға үлкен толғаныспен қарап, уақыт ағысына сай астыртын түрде астын сызып айта білді.
Екі сағаттан астам мезгілге созылған жиында жазушыларға да, отырған ел үлкендеріне де біраз сауалдар қойылды. Бұл менің ойымда ұмытылмастай сақталып қалды.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суретте: Тұрсынбек Кәкішев.
Астана қаласы