ҰСТАМДЫ ШӘКІРТ-ҰСТАЗДЫҢ БАҒЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Елбасының 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы ереймендіктерге де тың міндет жүктеді. Түпкі мәнісі өніріміздегі халықтың әлеуметтік жағдайын оңалтуға, жұмыссыздықты жоюға арналады. Газетіміздің алдыңғы нөмерлерінде «Бастау-Бизнес» жобасы қамтылған мақалалар қатары жарық көрді. Ал бүгін, ауданымызда жүзеге асып жатқан жоба бойынша бизнес бапкер Азамат Маханалин жайында сөз қозғамақшымыз.

Азамат Серікұлы Маханалин
Азамат Серікұлы Маханалин

Кәсіпкерлікті қолдау орталығының қызметкері Азамат Серікұлы Маханалин Батыс Қазақстан облысы Ақтөбе қаласының тумасы. Туған жерінде негізгі

мектепті аяқтап, Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінде білімін жалғастырған. Экономика саласы бойынша кәсіпкерлікті басқару мамандығын игеріп шыққан. Алғаш еңбек жолын сүт өнімдері зауытында бастады.

Ізінше банк саласында 10 жылдай қызмет етті. Күнделікті кәсіптік жұмысына қоса, білімін жетілдіруге де ден қойған. Қаржы институтында жұмыс атқарғанмен, кәсіпкерлік саласы бір табан жақын тартқан секілді. 2015 жылы Елордамыз Астанаға қоныс аударды, мұнай өнімдерін өткізу саласында жұмыс атқарды. Түрлі салада қарапайым еңбекпен төселген тәжірибелі маманға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан ұсыныс түседі. Ұйымда бұл ретте «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негізінен дәріс беретін мамандарға іріктеу жарияланды. Аталмыш мекеменің жұмыс ырғағына толық қаныққан Азамат Серікұлы ойда жүрген кәсібін дамыту ниетімен іске кірісуді жөн көрді.

Атап өтетін жайт, бизнес бапкерлікке 140 үміткер шақырылды. Апта көлеміндегі конкурстық іріктеу барысында 80 адамның бағы жанды. Болашақ мамандар Қазақстан бойынша түрлі аймақ-аудандарда ашылған орталыққа жұмысқа бөлінді. Басты мақсат- елді мекендерде іс ашып, кәсіп дөңгелетем дегендерге бизнес саласында дәріс жүргізу, ой-жоспарды жүзеге асыруға ықпалдасу. Алғашқы жылы ауданымызда 185 болашақ кәсіпкер тренингке қатысты, 31 адам жеңілдетілген несие алған. Бүгінде 94 адам кәсіби білімін жетілдірген, жыл соңына дейін әлі де 50 шәкірт оқыту жоспарлауда.

Кейіпкерім жоба негізінде өңірімізге қоныс аударған. Бір жылдан астам жергілікті халықпен жұмыс істеді, түрлі ой-жоспар үлгісімен танысты. Бизнес бапкердің шәкірттер жайында пікірі қандай екенің сұрап көрдік.

-Алғаш осы мекенге келгенде өңір тұрғындарының кәсіби білім алуға деген құштарлығын байқадым. Кәсіп саласын меңгерудегі талпынысы жоғары. Бізге де дәл осындай жандармен бірігіп жұмыс істеу жеңіл тиеді. Олардың ой-жоспарының сәтімен іске асуына септесеміз. Оқу жүйесі кезіңде алдымен психологиялық дайындық жүргізіледі. Себебі, жеке кәсіп иесі болғандықтан келешекте жүктелетін жауапкершілік те зор. Егер несие алуды жоспарласа, оны тиімді игеру жолдарын ұсынамыз. Сертификат иегерлерінің арасында өз-өзін ақшалай қаржыландыра алатын бақуатты да кездеседі,- дейді маман.

Орталықта өз ісін дөңгелетем деген жандардың легі атакәсіпті жолға қойған ауыл тұрғындары. Тәлімгер кәсіп саласының қыр-сырын үйретумен қатар, шәкірттерінің тұрмыс-тіршілігіне де куә болады. Ірі қараны күтіп-баптауға арналған қора жағдайының даярлығына қанық болады. «Армансыз адам- қанатсыз құспен тең» демекші, бапкердің келешекте жоспарлаған арман-мақсаты бар ма екен? Бұл сұрағымызға да көңіл толарлық жауап алдық.

-Жоба аясында қызмет етіп жатқаныма бір жылдан астам уақыт өтсе де, ауыл тынысы мен тұрғындары жайлы түсінігім кеңейді. Қаланың қалыпты тіршілігі мен үнемі асығыс үстіндегі адамның көрінісіне қарағанда, ауылдың тыныш өмірі мен қарапайым жандармен бірге өмір сүрген қандай жақсы!

Әрине, аталмыш жоба өз ісін жоспарлы аяқтаған соң, өз кәсібімді қолға алуды ойластырып жүрмін. Басты бағыт – халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту. Өндіріс саласында да бағымды сынағым келеді. Сондай-ақ, таусылмайтын табиғи ресурстарға қатысты инновациялық жоба ойластырып жүрмін. Яғни, желді, суды, күнді пайдаланудағы тиімді жол. Бұл әзірге ойда жүрген жоспар ғана, нақты жүзеге асып жатса, игі бастаманың тырнақалды нәтижесіне бірге куә болармыз.

Иә, осындай игі қадам, тың жоба ел экономикасын биік деңгейге көтеруге септесетіні хақ. Орталықтағы кәсіпкерлерге тиісінше дәріс өткізіп, бизнес-жоспарды іс жүзінде орындауда өз үлесін қосып жүрген бапкер жайлы ақпарымыз осындай. Сөз соңында, тәжірибелі маман алдынан өткен болашақ кәсіпкерлердің ойлаған ісі биік шыңға көтеріліп, бизнес-бапкердің үміті ақталсын дейміз.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суретте: Азамат Маханалин