ЖАҢА ТӨРАЙЫМ САЙЛАНДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Аудан әкімі Виктор Радченко қалалық ардагерлер кеңесінде өткен аталмыш қос ұйым төралқасының бірлескен жиынына қатысты.
Кездесуді жүргізген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин көпшіліктің назарына өзекті екі мәселені ұсынды. Ол еңбек және тыл ардагерлерінің қалалық кеңесінің қызметтегі төрайымы Галина Артамонованың жұмыстан босатуға өтініш түсіруімен және осы қызметке үміткер ұсынумен орайласты.
Төлеген Әжібайұлы әріптесінің өтінішін көпшілікке жария етті, осы лауазымдағы ұзақ жылғы қажырлы еңбегіне тоқталды. Белсенді де еңбексүйгіш жетекші үкіметтік емес ұйымның дамуына, көпшілікке танылуына барын салды. Аудан ол кісінің еңбегін лайықты бағалады, «Ерейментау ауданының құрметті азаматы» атағын берді.
Ізінше, көпшілік тарапынан ізгі ниетті тілек лебізі мол жолданды. Кеңестің барлық өкілдері жетекшісіне жылы сөз арнаумен қатар өз атынан, қала әкімі аппаратының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан гүлдестесін, бағалы сыйлығын тарту етті.
Аудан әкімі Виктор Радченко қоғамның дамуына үлесін қосқан ардагерді ескерусіз қалдырмады. Мінсіз қызметіне алғысын арнады да, әлі де саптан табылатынына үміт білдірді. Өзің алмастыратын ізбасар әріптесімен тәжірибесін бөлісетініне сенім жүктеді. Көпшіліктің қошеметімен Грамота мен сыйлық ұсынды. Өңір басшысы аудандық ардагерлер кеңесінің ұсыныс хабарламасын оқыды. Онда бұрынғы төрайым орнына жаңа қызметке Қарашаш Елубайқызы Қалқаманованың кандидатурасы ұсынылатынына айтылған. Жаңа үміткердің педагогикалық білімі, партия-комсомол саласында ұзақ жылғы қызмет тәжірибесі баршылық. Ардагерлер ұйымының активі ол кісіні бірауыздан жақтап, дауыс берді. Осылайша жерлесіміз төрайым лауазымына тағайындалды.
Аудан басшысы ресми бөлімнен кейін шәй дастарханы басында аға буынмен емін-еркін жүздесті. Жұртшылық өздерін қызықтырған сұрақтарына тұжырымды жауап алды.
«Ерейменнің» өз ақпараты