ЖАРТЫ ҒАСЫР ДӘМ-ТҰЗЫ ЖАРАСҚАН ЖҰП

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ерейментау ауданының 90 жылдығына, қаланың 70 жылдығына орай Бестоғай ауылының ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарымызбен бірге дөңгелек үстел басында өткеннен сыр шерткен едік.
Өмір белесін көрген, түп-түзу ұзақ өмір жолымен жүрген, еліне еңбегі сіңген, алдына мақсат қойған, оған қол жеткізу жолында күрескен, артындағы бала-шаға, ұрпағына үлгілі із қалдырған, әрі тура жол сілтеген ауылдастарымыз қаншама.
Ашығын айтқанда, ауылда отбасылық тату-тәтті өмір үлгісін көрсетіп келе жатқан, баршаға қадірлі де үлгілі қос жұп Бекзан Өтепұлы мен Ғалия Кәрімқызы Темірғалиевтардың өмір тарихына тоқталғымыз келеді.
«Ұстаздардың ұстазы-үлкендердің көзі» – Ғалия Кәрімқызы 1969 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті, педагогикалық бөлімінің биология мамандығы бойынша оқуға түсті. 1975 жылы дипломды маман атанды.
Жанатұрмыс негізгі мектебінде алғаш ұстаздық қызметін бастаған мұғалима апай бүгінде еңбек жолын Бестоғай орта мектебінде жалғастырып келеді. Ағарту саласында 51 жыл еңбек еткен. 1979 жылы «Қазақ ССР-ы Оқу министрлігі тарапынан Қазақ ССР-ы халық ағарту ісінің үздігі – озық қызметкері» атағын иеленген. 1983 жылы Аға мұғалім атанды.
-Өзім бірінші сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін жетекшілік еткен, жоғарғы оқу орнына шығарып салған түлектерім өте ыстық. 1983 жылы мектеп бітірген 17 шәкіртімнің 7-уі жоғарғы оқу орнына түсті. Бораш Шажлиев, Абай Ақияров, Гүлжан Әбілмағзұлова, Баян Айтбаева, Бауыржан Жиенбаев тағы да зерделі ұл мен қыз менің алдымнан өтті. Олар медицина, педагогика саласын тандады.
Отағасым Атбасар ауыл шаруашылық колледжін тәмамдаған. Ауылымызда гараж меңгерушісі, инженер, Бестөбе СПТУ-25 филиалының оқытушысы қызметін атқарған. Соңғы жылдары ауыл мектебінде шаруашылық ісін басқарады, – дейді ұстаз.
Мерейлі отбасы 7 бала тәрбиелеп өсірген. Ұлағатты ұстаз «Алтын алқа» иегері. Нәзгүл Көкшетау педагогикалық институтында қазақ тілі-әдебиеті пәнінің маманы, Астана қаласында анасының жолымен қызметін жалғастыруда. Райгүлі Көкшетау педагогикалық колледжінде. Келіні Айсұлу ұстаз, немерелері Нұрастан мен Аружан жоғарғы оқу орында білімін шындауда. Олар да ата-әжесінің ізін жалғастырмақ ниетте. Яғни, әулеттік маман династиясы бар деген сөз.
Темірғалиевтер отбасы былтыр «Алтын тойын» атап өтті. Бұл да барша ауылдасқа, жас отау иелеріне зор өнеге, мол ұлағат.
Тәжірибелі ұстаз ауылішілік қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. «Әжелер» ансамблінің өнерпазы ретінде киелі өнерді насихаттауға, ана тілінің тазалығын сақтауға, мәдени өмірге жанашырлық ниетпен ден қойып келеді. Әсіресе, көктемгі күн мен түн теңелген шақта тойланатын төл жаңа жылымыз – әз Наурызыдң басты тағамы – наурыз көже дайындаудың білікті шебері. Сайлау науқанынын да белсенді өкілі. Сөз соңында, осындай өнегелі жұп қатары көбейе берсін. Шаңырағында тек бақыт пен шаттық орнасын.
Ауданымыз бен қаламыздың алдағы атаулы қос мерекесі құтты болсын, ағайын!
Д.БӘЙТЕМІРОВ,
жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы
Бестоғай ауылы