АҚЫЛЫМЕН ЕЛДІ ҰЙЫТҚАН ҚАРИЯ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ардабай Хазез ақсақалмен жүздесуіміз ғұмырбаяндық дерекке негізделген қызықты әңгімеге ұласты. 1992 жылы көш көлігін Моңғолиядан атамекенге бұрған қандасымыз қазіргі Аршалы ауданының Сарыоба совхозына қарасты Береке бөлімшесін қоныс етіпті. Шопандық кәсібімен еңбекке араласқан. Отбасындағы балалар Ақмола қаласының Жамбыл атындағы №4 мектеп-интернатына қабылданған. Ілім-білімге құштар, оқуға зерек ұл мен қыз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Көкшетау қаласының жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. Бүгінде әрқайсысы бір-бір мамандық иесі.
Қарияның алыс шет елдегі өмір жолы, омырауындағы марапаты бірден назарымызды өзіне аударта берді. Кейбірінің бөгде жазуының түпкі мәнісіне түсінбесек те, адал еңбегінің лайықты бағаланғанына, көпшіліктің ортасында зерде-білігімен дараланғанына көз жеткізгендей болдық.
Киномеханиктің жұмысы кешегі кеңес дәуірінде өз алдына жеке идеологиялық мәнге ие болатын. Аталмыш кәсіп иелері тіпті газет-журналмен тең дәрежедегі үгітші әрі насихатшы рөлін иеленетін. Теледидар тұрмысымызға бертін дендеп енген сәтке дейін халық кітап оқуға құмартумен қатар көбінесе кешкілікте ауылдың клубына қарай көз тігетін. Аудандық кинопрокат желісінің көлігі шекарадан аттаған сәттен, бүгінгі киноның атауын жарнама тақтасы арқылы біліп алғаннан кейін лек-легімен мәдениет ошағына қарай ағылатын. Кинофильмнің алдында журнал ретінде тиісті анықтама-түсіндірмесімен арнайы көрсетілетін фотосуреттердің ақпараттық мәні, тәлімдік мағынасы терең-еді-ау. «Қазақфильм», «Мосфильм» студиясынан бөлек, .үнді киносына да жұртшылықтың ынта-ықыласы өзгеше болғанын үлкендер жақсы біледі. Алыс шет ел қазақтарының да кеңестік кино туындысына қызығушылығы басым түскенін ақсақалдың естелік әңгімесінен анық аңғарғандай болдық.
Кино аппаратын, пленка жәшігін салт ат пен түйеге өңгеріп, ауыл-ауылды аралағаны қарттың әлі де көз алдында. Отандық фильмдерден бөлек көршілес аспанасты елінің ШҰАР өңірінде түсірілген «Қасен-Жәмила», «Қазақфильмнің» туындысы – «Қыз Жібек» киносы көрерменнің көзайымына айналғанын еске түсіріп өтті. Әсіресе, Қазақстанда шығарылған киноның тартымдылығы маңызды, оны тамашалауға қандастарымыздың ықыласы зор болғанын аңғардық. Бұл бір жағынан туған жерді, екіншіден, төл өнерімізді, ана тілімізді, ата салт дәстүрімізді ансаудың белгісі тәрізді. Міне, осылай еңбек еткен, өзге елде мәдениет пен өнерді насихаттаған Ардабай Хазез ағаның еңбегін шет ел үкіметі лайықты бағалады да. «Мәдениет қызметкері», «Баян Өлгей аймағының құрметті азаматы» төсбелгісі, «Ардақты ата» медалі жемісті еңбегін, отбасындағы өнегелі өмірін паш ететін құндылықтар.
Ғұмырында Моңғолияның партизан отрядында елін қорғаған, ерең ерлігі үшін ең жоғарғы үкімет марапаты – Сухэ-Батор орденін иеленген, бейбіт уақытта да колхоздағы қажырлы еңбегімен «Бірлестік орнатушы» белгісімен көтермеленген әке ғұмырнамасында да өнеге тұтарлық жайттар аз емес. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесінен өнеге ретінде дарыған саятшылыққа, атбегілікке бейімділігін әңгімесін негіз етіп өтті. Бұл кәсіптің қыр-сырын, түпкі әдіс-тәсілін, сәйгүлік баптаумен, бүркіт ұстап, қаңсонарда аң аулаудың қызығымен орайласқан өнердің түпкі астарын жастарға үйретуге ниетті екенің байқадық. Жасы 83-ке толса да, қайраты қайтпаған қарияның ақыл-парасатына, жылы лебізіне молынан қанықтық.
Әңгімесін саясатқа қарай ойыстырған атай Елбасының барша қандастарды елге жиған, жайлы жағдай жасаған көрегендік саясатына, Қазақстандағы бүгінгі бейбіт заманға шүкіршілік, ризашылық ниетін білдірді. Ежелгі аңыз-әңгімеде айтылғандай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын уақыт туғанына көңілі тола келе, Отанға тыныштық, жастарға саламаттылық, елге бірлік тілейтінің жеткізіп жатты.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ
Суретті түсірген автор