АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫН АҒАЛАР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Ауданымыздың алдағы торқалы датасы жақындаған сайын күні-кеше еңбек еткен, бүгінде ауыл ақсақалы дәрежесіне жеткен алдыңғы буын ағалардың шежірелі ғұмыры қызықтыра түседі. Жүк көлігінің түр-түрін өз кезегімен, тиісті ретімен сәтті тізгіндеген жүргізушілердің де ерен еңбегі баршылық. Бозтал ауылының тұрғыны, қажырлы еңбеккердің бірі Амангелді Бопалақов ағанын да өзіндік айтар әңгімесі, қызықты естелігі аз емес.

Амангелді Бопалақов
Амангелді Бопалақов

Ауданымызда сол кезде бірнеше совхоз болғанын ойға алсақ – әрқайсына жыл он екі ай бойы жұмысшы қолына сұраныс ұдайы кең болды. Тіпті, жетпей де жатты. Әсіресе, күзгі егін жиналатын уақытта әскери бөлімдерден жауынгер жүргізуші лек-легімен шақырылғанын, тұтас автоколоннанын ауыл шетіндегі алаңқайда қаз-қатар сап түзегенін оқушы бала күнімізде біз де талай көрген едік. Комбайн мен қырманның арасындағы көлік керуені толассыз ағылатын. Бұл кешегі мызғымас Одақ тұсында орын алған көрініс.
Амангелді ағанын да Өлеңті совхозында 1963 жылдан еңбекке араласқаны көп жайдан хабар береді. Небәрі 20 жастағы тепсе темір үзетін жас жігіттің техникаға әуестігі қайран қалдырады, қызықтырады. Сегізжылдықты тәмамдаған сәтте әскери коммисариаттын жолдамасымен №63 Торғай орта кәсіптік-техникалық училищесінде 5 айлық курста оқыған, арнаулы куәлік алып шыққан. Бұл құжат пен азаматтық мамандық әскер қатарына шақырылғанда да келешегіне мол септесті. Қазақстан қалаларының біріндегі Н. әскери бөлімшесінде 3 жылдық қызметте жүргенде осы істі кәсіп етті.
Елге оралған, әскери тәртіпке төселген, шындалып, ысылған азамат бірден еңбекке араласты, жүргізушілік жұмысын жалғастырды. Бастапқыда ГАЗ-53 маркалы, бертін тіркемелі ЗИЛ-554 маркалы көлікті сәтімен тізгіндеді. Бастапқы тәжірибе, тапсырылған іске жауапкершілік, аға буынның өнеге- тәлімі табысқа жетуге, өз шаруасын сәтімен еңсеруге негіз болып жатты. Ол уақытта жүк көлігі алыс сапарларға да жиі жіберілетін. Өйткені, шаруашылықтың игілігіне қажетті бұйымды жеткізуге Семейден бөлек, бір шеті Омбыға, Алтай өлкесіне дейін жолға шығуға тура келетін. Целиноград, Қарағанды, Павлодар сапары бір бөлек. Ауылдас әріптестер Мазан Қаңтарбаев, Абай Ережепов, Талғат Оспанов, өлеңтілік көптеген жігіттер талай мәрте жол қиындығын бірге бөлісті. «Дос қадірін жорықта білерсің» дегендей, әдетте алысқа шыққан шопыр қауымның бойында бауырмалдық, жаңашырлық ниетінің, елгезектік, кішіпейілдік қасиетінің басым болатыны айдан анық. Өйткені, ауа райының кез келген тосын сыйы, жолдың жағдайы әрдайым қырағылықты, тапқырлықты, тұйықтан шығудын амалын бірлесе іздестіруді керек етеді. Тағы бір ерекшелік қағидасына келсек, төтенше тосын жағдайда амалдайтын әдіс те алдын-ала ойластырылады. Жолға шығарда бүкіл керек-жарағы: қосымша дөңгелек, жол тазалайтын күрек, қыздырғыш шам, кілттің түр-түрі, жылы киім, жаңармай ыдысы, алғашқы дәрігерлік көмек заттары ұдайы жүксалғышта жатады.
Тіркемелі ЗиЛ мәшинесімен көршілес Целиноград ауданына қарасты Заречный совхозынан шөп, Алтай өлкесінен, Семейдің Үржар ауданынан ұсақ мал тасыған кезең талай қиындық-қызығымен есте қалды. Көліктің бабы, жүріс тәртібі, жылдамдық нормасы, тиісті құжаттардың дұрыстығы – МАИ тексерісіне сақадай-сай болуға септесетін амалдар. Екі арасы 30 шақырым қашықтыққа – Бозталдан Усанбайға жемшөп тасымалы аязды айтпағанда, әсіресе қаңтардың ақ түтек боранында, қарлы қыста оңайға соқпайды.
Міне, осындай бейнетке толы еңбекпен жүргенде Амангелді аға зейнетке шығатын уақыттын да келіп жеткенін аңғарды. Жалпы санап отырса, осы салада 40 жылдан астам жұмыс істеген екен. Қанша тонна жүк тасылды, қанша шақырым жолды еңсерді? Оны дәл қазір дөп басып айтудың, нақты есептеп шығудың өзі қиын. Әйтседе, көлік тізгіншісінің сол кезде іргетасы жаңа қаланған Горный совхозының өркендеуіне, керегесінің кеңеюіне, уығының нығаюына, экономикасын еселеуге үлес қосқанын білеміз.
Отбасында жалпы 52 жыл отасқан, өмірдің ыстық-суығын, қиындық-қызығын бірге бөліскен, әрбір алыс сапарынын сәттілігі мен амандығын тілеген жеңгеміз Тыныштық Хасенқызымен кешкен ғұмыры жеке өнеге. Шаңырағында өсіп-өнген ер балалардың бәрі әке кәсібін тандапты. Ал, үкілеген гүлі-қызынын да өз кәсібі баршылық. Зайыбы бала тәрбиесіне қоса ауылда клуб меңгерушісі, аспаз ретінде еңбек еткен. Ұлағатты ата-әжелер бүгінде немере-шөбере аялаумен қатар ауылдың көпті көрген үлкені, жастардың ақылшы-қамқоршысы ретінде баршаға қазақы жөн-жөба, бағыт-бағдар сілтеп отырады. Шаңырақтың кенжесінің қолында тұратын қос жұптың бүгінгі естелігі, бірге жүріп өткен дара жолы осындай.
Ағаның еселі еңбегі зая кеткен жоқ. Дәстүрлі кәсіби мерекелерде, еңбек жылынын қорытындысында совхоз әкімшілігі, аудан басшылығы тарапынан талай мәрте құрметке ілікті, сый сыяпатқа ілінді. Ал көпшіліктің алғыс батасы ең бағалы сыйлық деген ой қорытты көпті көрген кейіпкеріміз.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ
Суретте: Амангелді Бопалақов
Суретті түсірген автор