БӘЙМЕНІМ – АЯУЛЫ ТУҒАН ЖЕРІМ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қазіргі Бәймен ауылы, деп жүрген ел, Бәймен бабамыздың атына қойылған. Ертеде халық бұл елді мекенді қажы ауылы дейді екен. Бәймен қажыдан үш ұл – Әлкей, Керей, Шәркей тараған. Әлкей ата, кезінде болыс болған, Жаманның Кәрібайынан болыстықты алған. Бәймен бабамыз, Баянбайдын екінші әйеліңен туған. Ауылымыз кешегі кеңес дәуірінде Қазақстан совхозының үшінші бөлімшесі ретінде ақтылы қой өсірген. Оған қоса, егін баптаған, мал басына шөп шапқан. Осындай қойнауы құтты, жері қасиетті, қотаңы көңілді, табиғаты сұлу атақоныс болып еді.
Бүгінде есімдері ел аузында құрметпен аталатын, округ тарихына енген еңбек озаттары аз емес. Әке-ағаларымыз шопандықты кәсіп ете жүріп, аудан экономикасын нығайтуға, ортақ Отан ырысын еселеуге білімі мен тәжірибесін жұмсады. Қазақ КСР-ы Жоғарғы кеңесінің, облыстық, аудандық кеңестің депутаттары: Алпысбай Алдасүгіров, Шәмшит Байтуаров, Егінбай Шошанов, Балтабай Назарбеков, Айтмұхан Алдасүгіров, Еламан Жағыпаров, Қалау Күшенов, Ісләм Күнкенов, Назар Күнкенов, Қазбек Оразов, Бөгенбай Ысмайылов, Қуаныш Кереев, Алтын Мырзалимова, Жаңабай, Аманжол Жағыпаровтар, Амантай Жантуаров еңбек көрігін барынша қыздырып, баршаға сыйлы болып өтті. Ұзақ жыл мал дәрігері қызметін атқарған Хамит, Аманжол Күнкеновтер, аға зоотехник Сайлау Сейсенбаев, Төлеген Жағыпаров, шаруашылық меңгерушісі Өсербай Шошанов, өзге ағалар осы бөлімшенің игілігіне, жалпы шаруашылықтың өркендетуге еңбегін сіңірді. Ұзақ жыл осы аулымыздың жасыл желегін көздің қарашығындай қорғаған орманшы-қорықшы кәсібін абыроймен адал атқарған Нығмет Кереев ағамыздың өмір жолы да жеке әңгіме.
Қарапайым адамдардың адал еңбегімен өркендеген атамекен ауылымызда бір кездері оқушы балаларға лайықты кең де зәулім мектеп салғызуға мақсат көзделген еді. Өкінішке қарай, заман ағымы, жекешелендірудің салқыны, жұмыссыздық сүттей ұйыған ауылдың әп-сәтте таралуына негіз болды. Бүгінде азын-аулақ мал өсіретін шағын шаруа иелері ғана қоныстанып отыр.
«…Алыс сапар шеккенде сағындырған ауылым», деген өлең жолдарында шырқалғандай, аудан орталығын қоныс етсем де, ауылымды, Бәйменімді сағынамын. Кешегі бізге ақылшы болған, бағыт-бағдар сілтеген, еркелігімізді көтерген, қателігімізді кешірген, ата-анамыздың көзі көрген аға-апаларды, сауатымызды ашқан ұстаздарымды сағынамын. Өйткені, кіндік қаным тамған, мектебінде білім алған, біраз өміріме куә болған елім қашанда жүрегіме жақын, көзіме ыстық.
Бір кездері аудан орталығы болған бұрынғы Благодат, қазіргі Олжабай батыр өңірінің байырғы тұрғыны ретінде өз ойымды қысқаша осылай қағаз бетіне түсірдім. Биылғы айтулы датаға – Ерейментау ауданының 90 жылдығына орай әлі де талай авторлық естелік аз айтылмас. Көрікті аулымыз, қажырлы еңбеккерлері, әсем сұлу табиғаты, жасыл желегі, жеміс жидегі, сылдыраған мөлдір бұлағы-бәрі-бәрі талай шығармаға арқау болар. Алдағы торқалы той туған жеріме, тұтас ауданға құт-береке, баянды бақ, толымды табыс сыйласын, елім әрдайым көркейіп, гүлдене беруге жазсын.
Айкен АЙТМЫРЗАҰЛЫ.
Ерейментау қаласы