БҰЛ – ДАҒЫ ӨТКЕН КҮННІҢ БІР БЕЛГІСІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Мен кешегі Звенигородка, қазіргі Тайбай ауылдық округіне қарасты Малтабар ауылының тумасымын. Балалық-жастық шағым, алғашқы еңбек жолым осы елді мекенде өтті.
Ес білген сәттен өмірдің талай сынағын: жетімдікті де, ауырлықты да, қайғыны да, бастан кешірдім. 8 жасымда әкем Махмет өмірден өтті. Тірегім әрі сүйенішім – жалғыз ағам Шорман 30 жасында дүние салды. Сырлас апам Орынтай мен қамқор жездем Барауқан Жолдасұлы да қазір өмірде жоқ.
Әрине Алланың жазғанына көну керек. Дегенмен, қимас жандарымды есіме алсам, әлі де қимастықтан жүрегім шерге, жанарым жасқа толады.
Дегенмен, достарым мен құрбы-құрдастарымның арқасында бәріне де қайсарлықпен төтеп бердім. Жыласам сүйеу болған, құласам демеу болған осы дос-жолдастар еді. Қазақта: «әкең өлсе өлсін, әкеңді көрген өлмесін», деген мақал бар ғой. Амал не, замандастарым да, әкемді көргендер де қазір жоқ. Жалғыз бауырым Шорманның үзеңгілестері де бақилық болды. Ес біліп, етек жапқан кездегі, туғандай болған жанашыр-ақылшыл ағалар: Солтан Оспанов, Іслям Жүнісов, Қайролла Өмірбаев, Төлеу Досымов, Қисамиден Мұқашев, Хамит Шәріпов,Орынбасар Дауылбаев, Қадыр Ахметов, Темір Айнагелдин, Жәмбек Шәпин, Науқан Сейтқазин, Ботпай Бекбаев өлшеусіз көп кеңес беріп еді.
Ал бірге өсіп біте қайнаған, өзара аға-інідей сыйласқан, дәмдес құрбы-құрдастарым, туысқандарым да дүниеден өтіпті. Сатыбай, Темірболат, Туғанбай, Қыдырбай, Қайыргелді, Қайырбай, Қуат, Бегендік, Түркен, Мұқаш, Бұғыбай. Мен үшін оларға жан жетпейді. Жыласам бірге жылап, қуансам бірге қуанушы еді. Тағдыр-ай, неге сонша қатал болдың?!
Алғашқы еңбек жолымды 15 жасқа толар-толмас бойжеткен қыз күнімнен, 1963 жылдан бастадым. Ол кезде сауын фермасында механизация атымен болған емес. Сиырды қолмен саудық. Оттыққа шөпті айырмен тасыдық. Қиды шанамен шығардық. Малды да төлдеттік. Бұзау да күттік. Электр жарығы жоқтың қасы, айналаға кешкі сауын уақытында, әсіресе қыстың қысқа күнінде, ұзақ түнінде керосин фонарьмен жарық беретінбіз. Әріптес-құрбым, бүгінде марқұм Зейне Қыпшақбаева екеумізге істің жай-жапсарын байыппен түсіндірген, жол да жөн көрсеткен тәлімгер апаларымыз Айша Оспанова, Зәйкен Боранбаева, Шәйза Тәшенова, Рақия Жантілеуова болатын. Ол кісілер көпті көрген, ақылшы да жанашыр, нағыз еңбекқор, мал күтімінің қыр-сырын кез келген зоотехниктен кем білмейтін білікті жандар еді.
1967 жылдан бастап фермаға техника келді. қол еңбегі сәл жеңілдегендей болды. Бертін Малтабарда барлық жұмысы механикаландырылған кең де жайлы жаңа қора іске қосылды. Электрлендірілген сауын аппараты іске қосылды.
Еңбекке ерте араласқанымды алдында айтып өттім. 1972 жылы Малтабар сегізжылдық мектебі ашылғанда Елемес Хамзин ағай (марқұм) ауылда мектеп директоры болды. Сол кісінің ақыл-кеңесімен 10 сыныптын мемлекеттік емтиханын сырттай тапсырдым, іле зоотехник даярлайтын курсын оқыдым, мамандық алып шықтым. 1968 жылы замандасым Қуат Өмірбаев екеуміз аудандық Советке депутаттыққа ұсынылдық. Іле мен облыстық Советтің депутаты болдым. Замандасымызбен екеуіміз де «Лениннің 100 жылдығы» мерейтойлық медалімен және «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталдық. Иә, бұл әуелі алланың сүйемелдеуі, екіншіден, елімнің құрметі, халқымның қолдауы, баршасының өз қызындай, қарындасындай алақанына аялағанының бір нышаны деп білемін.
Менің де осы мақаланы жазудағы мақсатым – мақтаныштың белгісі емес. Керісінше, алда аталып өтетін ауданның 90 жылдығы қарсаңында барша туыс-бауыр, құрбы-құрдастарды бір мәрте ізет-құрметпен еске түсіруді ниет еттім. Өткендеріміздің жер бесігі жарық, топырағы мамық болсын.
Заманның ағымымен Астанаға қоныс ауыстыруға тура келсе де, бүгінде жанарып жасанған Бас қалада 1993 жылдан бері тұрсам да, туған жерімнің, жастық шағым өткен, қолтаңбам қалған елімнің тау-тасы, әрбір төбешігі, бір кездері жұмыс істеген өңірдің ақ қайыңы мен терегі, қандыағашы, жусаны мен жеміс-жидегі көзіме әрдайым ыстық көрінеді.
Елімді мен ешқашанда ұмытпаймын, ұмытпақ та емеспін. Өйткені, барлық әулетімнің аруағы осы жерде мәңгілік қоныс тапқан. Ендігі ақтық тілегім: қазағым өз еркіндігін, азаттығын алған уақытта, аман жүрген ағалар, бауырлар, інілер, сіңлілерім – бәрі-бәрі бала-шағаларының қызығын көруді алла нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болуына ақ жүрекпен, шын көңілмен тілектеспін!
Шолпан МАХМЕТҚЫЗЫ.
Астана қаласы