«БАҚЫТЫҢДЫ БАЛАҢНАН ІЗДЕ…..»

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ата-ана бала өмірінің мәнді де алаңсыз өтуіне себепші болатын басты дәңекер. Жас баланы саналы тәрбие, сапалы білім алуына үйдегі әке-ана мен мектептегі ұстаз бірлесіп үлес қосады. Иә, бұл бүгінгі саламатты ұрпақ тәрбиесіндегі басты қағида. Дәл осындай тақырып аясында Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің «Рухани жаңғыру» кабинетінде «Бақытыңды балаңнан ізде….» атты «дөңгелек үстел» өтті.
Шаршы топқа аудан бойынша жиналған ата-аналар шақырылды. Шара аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың кіріспе сөзімен басталды. Ол өз сөзінде бүгінгі жас ұрпақты болашағына сенімді және бәсекеге қабілетті адам етіп тәрбелеп өсіру қажеттігін басты назарда ұстады. Ізінше, аталмыш білім ордасының өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Лариса Викторовна көңілді сергіту сәтін өткізді. Маман ата-аналардан жаңа оқу жылы қарсаңында туындайтын сауалдар легін сұрады, ата-аналардың пікірімен санасты.

Көтерінкі көңіл-күй сәтінен соң, бүгінгі жиынның күн тәртібіне қойылған мәселеге кезек келді. Оқу процесіндегі жаңартылған бағдарлама қиындықтары мен оны игеру жолын осы мекеме директорының оқу ісі бойынша орынбасары Оксана Асатияни баяндады. Ұстаз білім беру ісіне енгізілген кейбір өзгерістерді түрлі көрнекілік арқылы ата-аналарға түсіндірді. Ойын үлгісінде өткен тренинг жаңа жүйені түсіндіруде тиімді жол болды. Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебі директорының оқу ісі бойынша орынбасары Алма Жасарова жаңартылған бағдарлама идеясы мен функционалдық сауаттылық жайлы ақпар ұсынды. Бұл жүйеде білім алатын оқушыға көбірек ойлануда, ізденуде ата-ана демеу көрсетіп жіберсе, баланың ілім-ғылымды әрі қарай игеріп кетуі оңайға тиетінің айтты. Білім берудің жаңа үлгісі нақты түсіндірілген соң, көпшілік тарапынан түрлі сұрақ туындады. Жаңа жүйе болғандықтан, оған сай кітап пен жұмыс дәптері болуы шарт. Арнайы оқулық мекептерге тегін беріледі. Бірақ, оқулықтың өңірімізге кеш келетіні әзірге ата-аналарды алаңдатып отыр. Ал, тиісті жұмыс дәптерің оқушының әке-шешесі өз қаражатына алуы тиіс. Оның өзі өңіріміздегі дүкендерге данасы аз келеді, дейді үлкендер. Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов бұл сауалды қазіргі таңда аудандық білім бөлімімен бірлесіп шешіп жатқанын баяндады. Жаңа оқу жылы басталғанша, туындаған мәселе тиісті өз шешімін табатынын қоса айтты.
Ата-ананың білім саласына қатысты ой түйсігіндегі сұрақтар легі түрлі мәселені талқылаумен өтті. Жиын соңында, аудан әкімінің орынбасары ата-аналармен ашық әңгіме ұйымдастырған аудандық білім бөлімінің оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Қатима Сапарбекқызы Әубәкірова және әдіскерлерге алғыс айтты. Баршасына екі аптадан соң басталатын жаңа оқу жылына сәттілік, мол табыс тіледі.
Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор