ЕЛ ІРГЕСІ ТЕ БІРЛІКПЕН НЫҒАЯР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тапсырмасына сәйкес осы еңбек аптасында барлық деңгейдегі әкімдер үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді.
Бекітілген кесте аясында, сәрсенбі күні, есепті кездесу Сілеті ауылында өтті. Ауыл әкімі Сәуле Сұлтанова мен аудан әкімі Виктор Радченко өткен кезең ішінде атқарылған жұмыс жайын, алғы күнге межеленген міндет ыңғайын баян етті.
Бір кездері аудан орталығы мәртебесін иеленген ірі елді мекенде қазіргі таңда 855 адам тұрады. Олардың 93-і зейнеткер санатында. Еңбекке қабілетті 429 азаматтың 404-і қоғамдық-пайдалы іске ден қойған. Шағын және орта кәсіппен айналысатын 15 адамның иелігінде төрт дүкен мен бір наубайхана баршылық. Бірнеше адам «Бастау-Бизнес» бағдары негізінде курста оқыған. Екі шаруа қожалығы, төрт серіктестік мал өсіруге ықылас танытып отыр. Елді мекенде, атауы Халықтың психологиялық денсаулық орталығы болып өзгертілген, облыстық наркологиялық аурухана қалыпты жұмыс істеп тұр. Лицензияланған дәріханасымен дәрігерлік амбулатория, мәдениет, білім мекемесі баршылық. Биыл орта мектепті бітірген үш түлегіміз өздері таңдаған жоғарғы оқу орнына түсті, тағы екеуі колледжде оқымақ ниетте, бұл да ұстаздарымыздың игі жетістігінің бірі. Ауылдастар ауыл мен ауданның мәдени-спорттық өміріне белсене араласады.
Кентішілік жол жөнделе бастады. Өткен жартыжылдықтың ішінде қоқыс алаңының құжаты реттелді. Меншікті мал бағылымы бір ізге түсірілуі шарт. Кітапхананың сыртқы төбе жабуы жөндеу күтеді. Төңіректі көріктендіруге, иесіз үйді бұзып алуға, алдағы жылу берілісі кезеңіне дайындыққа арналған міндеттер ккезек күтеді.
Аудан әкімі Виктор Радченконың есепті баяндамасы өткен жартыжылдық ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму ыңғайын сипаттады. Қол жеткен межеге қоса жекелеген салаларда әлі іске қосылмаған, облыста рейтингтік көрсеткішімізді теңестіруге тұрарлық резервтеріміз баршылық.
Ауыл тұрғындарын негізінен жол жөнделімінің сапасы, ауыз су мәселесі, аудан орталығымен, Астанамен, әсіресе демалыс күндері, тікелей автобус қатынасы, көше шамы, жергілікті мектептің сыртқы төбе жөнделімі, жайылымдық жер бөлінісі, несие ыңғайы, меншікті тасымал иелері сататын шөп пен көмірдің құны толғантады. Жекеменшік такси иелері қызметінің заңдастырылымы да сұрақ қоюға негіз болып жатты. Осы сауалдар аясында тиісті анықтама берілді. Аудан әкімі, сумен жабдықтау, жер қатынастары, құқық қорғау қызметінің өкілдері тиісті жауап қайтарды.
Атқару билігімен арадағы әңгіменің мәнісі кез келген сипаттағы өзекті мәселені тек ауызбірлікпен ғана нәтижелі шешуге болатынын аңғартты.
***
Бестоғай ауылында өткен, округ әкімі Джомарт Мусиннің есебін тыңдауға мақсат белгіленген кездесуге аудан әкімі Виктор Радченко келді.
Өңір басшысының сапарына аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәмет Қанапиянов, «АРЭК» АҚ электр желілері аймағының, жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшылары Амангелді Мәжитов, Елена Олексиенко, Нұрлан Бәтенов, АІІБ жергілікті полиция бөлімшесі бастығының орынбасары полиция майоры Рауан Төлендинов бірге ілесті.
Аталмыш округке қарасты үш елді мекенде есепті кезең ішінде тазалық айлығы сәтімен жүргізілді. Шаруа қожалықтары мал өсіруді қолға алған. Жергілікті «Нұр Агро» серіктестігі картоп пен көкөніс баптауда, ірі қара мен романов тұқымды қой алдырған, келесі жылы малазықтық дақыл егіліміне ден қоймақ ниетте. «Бастау-Бизнес» қысқамерзімдік курсы түлектерінің өз кәсібін ашатын бейімі баршылық. Байсарыда мал тексеретін алаң жабдықталған, әрбір үйге су желісі тартылған. Елбасының бағдарламалық мақаласы негізінде округтің көркемөнерпаздары «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауының Гала-концертіне белсене қатысты. Болашаққа межеленген міндеттерге қоса жедел шешімді керек ететін өзекті мәселелер де анықталды. Қызылту ауылының оқушыларын Торғай орта мектебіне таситын көлік қажет; Бестоғай ауылының су құбыры, мектептің асханасы жөндеу күтеді, көше шамын орнатқан жөн, қоқыс-қалдық алаңы заңдастырылғаны дұрыс.
Аудан басшысы Виктор Радченконың есебі істің жалпы жағдайын талдауға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жалпылама сипаттауға арналды. Аудан орталығында түрлі салалардың жағдайын реттеумен қатар келесі жылы көпқабатты үш үй салуға, биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастауға ниет баршылық. Тағы бір жағымды жаңалығымыз: Бестоғай ауылында су құбырын тартуға жобалық-сметалық құжаттама ресімдетуге облыс бюджетінен жеткілікті деңгейде қаржы бөлініпті, құрылыс жұмысы келесі жылы басталмақ.
Ауылдастар тарапынан келесідей мазмұндағы бірқатар ұсыныс-сауал жолданды: электр желісіне кедергі келтіретін ағаштың бұтағын шабуды, көшеге шам жағуды, балалардың ойын алаңын, жастардың спорт алаңын жабдықтауды, аудан орталығына қатынасатын автобус жіберуді, жас мамандарға үй бергізуді, мал қорымына орын белгілеуді, Бестоғай мектебінің қазандығын ауыстыруды сұрап жатты. Округ бойынша құқық тәртібін жолға қоюға, балалардың амандығына қатысты әкімшілік құқық бұзушылықты қадағалауға ұсыныс түсті. Жылдамдатылған Интернет орнатылымы, көктемде айналаға егетін ағаш көшетінің сатылымы, жайылымдық, шабындық жер бөлінісі, сабақ кезінде Бестоғайдың оқушыларын демалыс күні Ерейментау қаласының интернатынан алып қайту реті, Байсары клубына музыкалық аспап әперілімі сұрақ қоюға негіз болды. Олардың бәрі тиісті органдардың назарына алынды.
Округ тұрғындары көкейдегі мәселесімен бөлісті. Оны сәтімен еңсеру үшін шаруашылық иелерінің ынтымақты жәрдемі, қоғамдық бірлестіктердің ақылға қонымды ұсынысы қажет. Жекелеген сәттерде орайы келгенде ауылдастардың өздерінің де, сырттай бақылаушы әрі сыншы болмай, ортақ іске жәрдемші болғандары орынды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.