КИЕЛІ ЖЕРЛЕР МЕКЕНІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында бүгінде халық жадында ұмыт қалып жатқан дүниелер қайта танылуда. Осыған байланысты қазақ халқының тарихынан елеулі орын алатын еліміздің қасиетті орындарын анықтау қолға алынды. Ақмола облысы мәдениет басқармасы тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының міндетін атқарушы Тілектес Көпешұлы Нұрсейітов пен мекеменің бас инспекторы Серік Базарбекұлы Ысқақов іс сапармен өңірімізге келді.
Ресми тұлғалар аудан орталығында орналасқан Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану мұражайында жиын өткізді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев жиналған қауымға мейман қонақтарды таныстырды. Ізінше мамандар облыс бойынша анықталған ескерткіш пен киелі жерлер туралы мағлұмат ұсынды. Олар Зеренді, Қорғалжын, Бурабай және Ерейментау аудандарындағы қасиетті нысындарға жеке-жеке тоқталды, әрқайсының тарихи маңыздылығын атап өтті. Белгілі аймақтар жайлы тың ақпаратқа ұстаздар қауымы мен кітапхана жетекшілері қанық болды. Бұл қатардан өңіріміздің құрметті азаматтары да табылды.
Сондай-ақ, жиын барасында Елбасымыздың бастамасымен жарық көрген «Қасиетті Қазақстан», «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты кітаптары таныстырылды. Бұл кітаптарда діни сәулет ескерткіш, кесене, тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар жайлы мәлімет ұсынылған.
Іс сапар барысында мейман өкілдер Ереймен жеріндегі киелі орындарға барды, тіркелуге тиісті орындарға шолу жасады. Алғашқы талпыныс болғандықтан, қасиетті орындардың тізіміне еңбей қалған нысандар әлі де бар болса керек. Болашақта киелі орындар тізімі толықтырылып, ізденіс жұмыстары одан әрі жалғаспақ.
Атап өтетін жайт, Ақмола облысы бойынша 1793 ескерткіш бар. Оның 1032-сі жергілікті маңызы бар, 757 алдын-ала есепте тұрған жерлер. Еліміз бойынша танылған киелі мекендер тізіміне біздің облыстан 53 маңызды орын ұсынылған, оның 43-і құпталды, тізімге қабылданды. Аталмыш киелі нысандардың екеуі Ереймен жерінде орналасқан. Өзге де елді мекендермен салыстырғанда, біздің облыс киелі де қасиетті жерімен көш бастап тұр.
Ел мен Жер – рухани құндылықтардың арқауы. Елбасымыздың бұл бастамасы халық санасына қасиетті орындар ұғымын сіңіру мен алдыңғы ұрпаққа тың мұра-дерегін қалдыру. Келешекте осы құндылықтардын бәрі бізге, ізбасар іні-қарындастарымызға мол тағылым беретін, құнды заттарды көненің көзіндей, көздің қарашығындай қастерлеп бағалайтын дүние болмақ.
Зарина САРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор