«ОЮ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ БІР БӨЛІГІ»

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Бүгін Еркіншілік мәдениет үйінде ауыл кітапханасымен бірлескен, қазақтың ең үздік ою-өрнегін безендіруге арналған қызықты да тартымды байқау ұйымдастырылды.
Шара барысында оқушыларды ою-өрнектің жаңа түрімен таныстыруға, баланың қағаздан түрлі әдістермен ою қиып алу білігін пысықтауға, көркемдік талғамын, шығармашылық қабілетін дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге ден қойылды.
Шаршы топқа «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің өнерпаздары, халық шығармашылығы ұжымының өкілдері, ниет білдірген көрермендер қатысты. Қолөнер шеберлері мен қонақтар өздерінің ісмерлік қолөнер бұйымдарын ала келген. Тұскиіз, тойқалта, қоржын, сүлгі, қағаздан жасалған тәтті сақтайтын әдемі киіз үйдің макеті көздің жауын алады. Бүкіл бұйым айшықты да тартымды, бірегей ою-өрнекпен кескінделген. Хұмарберген Өнергүл металл мен қыш бұйымға, ағашқа, матаға кескінделген ұлттық оюдың тарихына тоқталды. Ойын үлгісіне негізделген «Ою-өрнек туралы жұмбақты, мақал-мәтелді кім көбірек біледі?» викторинасы ла тартымдылығымен ерекшеленді. С.Алданыш қазақ халқының өнері қамтылған ақпараттық тұсаукесер жүргізді. Жеңімпаздар дипломмен, естелік сыйлықпен көтермеленді. Үздік қол еңбегі қолданбалы өнер көрмесіне ұсынуға іріктеліп алынды.
Қазақтың ою-өрнегінің нақты мән-мазмұны баршылық, қоршаған әлемді көркем тұрғыда тануға жол ашады. Бұл туынды ежелгі дәуірден бері адамды түрлі бәледен сақтандыратын, бақ сыйлайтын бойтұмар ретінде дәріптеліп келді. Киім-кешек, зергерлік бұйымдар, тұрғын үй, кілем мен текемет – бәрі-бәрі оюмен көмкерілді. Осы әшекейдің бәрі, түптеп келгенде, мал-жанды, үй-орманды тіл-көзден аман ететін, сәттілікке жол ашатын қастерлі белгіге айналды. Кейбір нышандарымыздың осы күнге дейін еш өзгеріссіз қалпында жеткені – зор ғанибет. Өнер туындыларымен бүгінгі таңда киім-кешегіміз безендіріледі, бойтұмарға, зергерлік бұйымдарға, күнделікті заттарымызға сәтімен қондырылып жатады. Бұл қазақ халқының құнды жәдігерінің бірі, салт-дәстүрге сыйластығымыздың жарқын көрінісі. Заманауи қазақ дизайнерлері ұлттық-ою-өрнектің түр-түрін, қолданыс аясын кеңейтуге ұдайы ықылас танытып келеді. Тіпті арада сан ғасыр өтсе де, бұл өнер өз құндылығы мен өзектілігін жоймайды, өйткені түпкі астарында халықтың тұрмыс мәдениеті шоғырланған.
Александра БЛОХИНА, мәдениет үйінің әдіскері.