«СЕРНОВОДСК» ЖШС-НІҢ ҚАДАМЫ НЫҚ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Висит Вискаевич Кекаев бас директоры болып бекітілген бұл серіктестік Ақмырза ауылдық округінде егіншілік пен мал шаруашылығын кәсіп етуде.
Елді мекенге таңертең келдік. Аталмыш округ әкімдігінің қызмет көлігімен бұрынғы Тимофеевка совхозының кулинария ғимаратына аялдадық. Бүгінде ол «Серноводск» ЖШС-нің асханасы ретінде бейімделген. Осы сәтте аспаз келіншектер Валентина Кладько мен Екатерина Нагаева шалғышыларға даярлаған түскі тағамын арнаулы термосқа жеке-жеке бөліп, құйып жатты. Ас мәзіріне бірінші, екінші тағам, шәй енгізілген. Қосымша нан мен ас үй жабдығы салыныпты.
Әріптес аспаздар өз кәсібіне сәуірде кіріскен. Осы уақыттан бері күн сайын шөпшілерге түскі тамағынан бөлек, түстік асқа самса, шәй дайындап береді. Көктемгі егіс уағында, іссапармен келушілерді қосқанда жалпы 30 жұмысшы олардың қолынан дәм татты. Ал қазіргі жұмыскер саны – 13 адам. Екі мезгіл әзірленетін тағам шаруашы лықтың есебінен бәріне тегін беріледі. Шикізат пен азық-түлікті серіктестік жеткізіп беріп отырады. Дайын тамақты дала қосына қызмет көрсететін көлік тасымалдайды. Ас үйде газ плитасынан басқа қажетті дүниенің бәрі баршылық. Әйелдердің жауапкершілік, жанашырлық ниеті арқылы азық-түлік бастапқы қалпында сақталады, ыдыс-аяқтың күтімі санитарлық тазалық талап деңгейімен толық үйлесіп тұр. Тек жалғыз ғана өзекті мәселе – сыйымдылығы белгілі шамадағы су жылытатын аристонның жоқтығында. Ол іске қосылса – аспаздардың жұмысы жеңілдер еді.
«Ас адамның арқауы» қағидасын ұстанған, мәзірді түрлендіруді, тағам құнарын нығайтуды, баршаға әл беруді көздеген аспаздардың еңбегіне диқан қауым разы деген ойдамыз.
Шаруашылықтың атқарушы директоры Заурбек Халидовтың бастамасы мен құптауымен шабындық алқабын аралап көрудің, механизаторлардың жұмыс ырғағымен танысудың сәті түсті.
Елді мекеннен 10 шақырым қашықтықта орналасқан жұмыс орнына қарай көлікпен бет алдық. Жаңа шабылған жасыл шөптің бірнеше рулоны алыстан, алақандағыдай анық көрінеді. Ермек Әлиев пен Сергей Рейн «Енесей-1200 1HM» маркалы шөп жинағыш комбайнмен жұмыс істеуде. Алик Комлев пен Андрей Гарцанов «МТЗ-82» маркалы тракторға тіркелген қос қатарлы шалғыны иеленген. Виктор Рейн жаңа шабылған шөпті жинастыруда. Кондрат Сирияк пен Леонид Андрияш шөп буғыш-жинағышпен рулонды бума дайындап жүр. Александр Педан желдеткіш аталатын әмбебап қондырғы мен «К-700» маркалы қуатты тракторды кезек-кезек жүргізеді. Александр Андрияш «КУН» маркалы шөп әпергішпен үш тіркемеге бума шөпті тиеп жатыр. Бригада жетекшісі Кондрат Сирияк бүкіл жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуына жауапты. Қосалқы бөлшек, жанар-жағармай жеткізілімі мәселесін, жалақы төлемі ретін бас директор ойластырады.
Біздің кездесу әңгімеміз жұмыскерлер дала қосына толық жиналған тікелей түскі үзіліспен сәтті ұштасты. Бұл уақытта бүкіл еңбек құралдары тоқтатылды да, механизаторлар бір деммен дәм татуға кірісті.
Бригада басшысы осы сәтте маусымдық жұмыс барысы, алдағы ой-жоспары жайында әңгіме шертті. Шалғышылар түстен кейін екпе шөпті шабуға кіріспек. Осылайша жұмыс тамыздың соңына дейін жалғасады. Фермаға, өткен аптаның жұмасында, жалпы 400 тоннаға жуық шөп үйілген. Әрмен қарай егін орағы кезек күтеді. Осы уақыт аралығында арпа да пісіп қалады, ол жиылып біткенде бидай алқабына орақ түсіріледі. Дәнді дақыл алқабы мен шабындықты қоса есептегенде серіктестіктің иелігінде жалпы 38000 гектар жер баршылық. Тұрғындар да осы алқаптан өз малына қажетті шөбің шауып алады.
Шаруашылыққа тиесілі ірі қара табыны, жылқы үйірі жайлауда бағылуда. Малға кезекпен екі бақташы иелік етеді. Тікелей басшының айтуынша, маусымдық жұмысты уақтылы, жедел жүргізуге жұмысшы жетіспейді.
Ауыл аграршыларына толымды табыс, түсім молшылығын, тұрақты жалақы төлемін тілей келе, тура бір айдан кейін астық алқабында тағы бір мәрте жүздесу ниетімен біз де қоштастық.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ
Суреттерде: аспаз әріптестер; шөпшілер бригадасы түскі үзіліс уағында; агреграттар жұмыс үстінде.
Суреттерді түсірген автор