ҚҰТ ДАРЫТСЫН ЗЕЙНЕТІҢІЗ, АҒАЖАН!

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Адам қандай да болсын істен нәтиже шығаруы үшін таңдап алған ісі, жолы дұрыс болуы шарт. Алыстан іздеген асылымыз да, үлкен табысқа апарар жол да, қоғамдық еңбекте деп білемін. Елбасының да жалпыға ортақ еңбек қоғамы бағыты әрбір қазақстандықты елге адал қызмет сіңіруге, баршаға үлгі-өнеге көрсетуге арналған. Сондай еңбекқор, көпшіліктің сый-құрметіне бөленіп жүрген жандардың бірі Бозтал ауылының ел азаматы Сәбит Мейрамұлы Шайхудинов дер едім. Сәбит ағамыз сонау 1955 жылдың тамыз айында Солтүстік Қазақстан облысының Булаево ауданына қарасты «Чистовский» кеңшарында дүниеге келді. 1973 жылы «Таманский дивизия» кеңшарында онжылдықты бітірген. 1974-1976 жылдары Владивосток өңіріндегі Н. әскери бөлімшесінде мерзімдік міндетін абыроймен атқарды. Елге аман-сау оралған азамат анасы Бәдіғұл әжемізбен бірге сол кезде жаңадан құрылған «Горный» кеңшарына қоныстанды. Өзінің алғашқы еңбек жолын «Арман» комсомол-жастар қой өсірушілер бригадасында бастаған. Еңбек ете жүріп, қазіргі Целиноград ауданына қарасты Қосшы совхоз –техникумын сәтімен тәмамдап алды. Ауыл шаруашылығының әр саласында қажырлы еңбек етті. Құрылыс саласына да біраз қолтаңбасын қалдырды. Осылайша, іргесі жаңадан қаланған шаруашылықтың керегесін кеңейтуге, уығын нығайтуға, шаңырағын биіктетуге қарапайым жұмысымен айтарлықтай септігін тигізді.
1982 жылы ғұмырлық жолдасы Бибігүл Сматқызымен бірге отау құрды. Алланың сыйы болар, отбасында бір ер, екі қыз тәрбиеленді. Ерлі-зайыптылар жұбы өз ұрпағының бәріне жоғары білім алуына мүмкіншілік жасады. Қазіргі кезде немерелердің сүйікті атасы мен әжесі болып отыр.
Ауылдасымыз 2005 жылдан бері Бозтал орта мектебінде күзетшінің міндетін атқарады. Өз ісіне, материалдық игіліктің аман сақталуына жауапкершілікпен қарайтын жан. Жүктелген тапсырманы тиянақты атқаратыны бойына біткен қасиеті дер едім. Қазіргі кезде елді мекенде ауыл жігіттерінің күшімен бой көтеріп жатқан болашақ Имандылық үйінің құрылысына да белсене үн қосып жүрген азаматтың бірі.
Біздің Сәбит ағамыз ұжымда, елде беделді, ағайын-туысқа сыйлы, жас отбасына үлгі тұтарлық азамат. Әрбір іске ынтасы мен бейімі ойлаған мақсатына сәтімен қол жеткізуге, нәтижелі жемісін көруге негіз болып жатады. Осы қасиетін бағалаған барша қауым ауылдасты ұдайы құрмет тұтады. Міне, ол кісі пайғамбар жасы – 63-ке толды, зейнеттік демалысқа шықпақ. Құтты болсын зейнеткерлік жасыңыз,- деп алдағы уақытта кейіпкерімнің деніне саулық, отбасына аманшылық тілегенді жөн көрдім.
Райхан САҚТАҒАНОВА,
Бозтал орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары