ЗАҢНАМА ТӘРТІБІ ЕСКЕРІЛУІ ШАРТ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қазақстан Республикасының «Өсімдік карантині туралы» Заңына, «Республика аумағын карантинді заттардан, бөгде бұйымдардан қорғау туралы» ережеге сәйкес, өсімдік карантині саласында мемлекеттік бақылауға алынатын зат тізбегі белгіленген. Олар: ауыл шаруашылығы, орман және декоративті дақылдарының тұқымы мен екпе материалы, өсімдік пен оның сабақ-бұтағы, жемісі, сондай-ақ індет таратуы ықтимал өсімдік тектес кез келген өзге өнім. Карантинді өнім ұдайы қосымша бақылауда болады. Үлгісі таңдалады да, зертханалық сараптамадан өткізіледі. Іріктелім негізінде тексеріледі. Карантинді құжаттары қаралады. Өсімдік карантиніне арналған шаралардың орындалым реті бақыланады. Осы істің бәрі Қазақстан Республикасының аумағына залалды заттың әкелінуін тыюды, байқалып қалған таралу ошағын ауыздықтауды, жоюды, өсімдік және азық-түлік қорын қорғауды көздейді. Негізгі кәсібі карантинді өнім өндірісімен, даярлығымен, ұқсатылымымен, сақталымымен, тасымалымен, өткізілімімен орайласқан жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының өсімдік карантині саласындағы заңнама талабын ескеруге, орындауға міндетті. Өсімдік карантині бойынша мемлекеттік инспекторлардың талабы негізінде тексеруге жататын бұйымның бар-жоғы туралы мәлімет ұсынуы тиіс. Егістікке қоса дайын өнім сақталатын аумақта, қоймада жүйелі тексеріс жүргізілуі, қолдағы өнім тексеріс пен сараптамаға ұсынылуы шарт.
Карантинді өнімді Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығаруға, өзге елден әкелуге тек салалас аумақтық мекемеден берілетін фитосанитарлық сертификат арқылы ғана рұқсат етіледі. Облысаралық тасымалға карантинді сертификаттың бар-жоғы сұралады. Облысішілік жеткізілім амалына карантиндік қосымша бақылау актісі қолда болуы шарт. Бұл құжатты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі КМИ аумақтық инспекциясының салалас мемлекеттік инспекторы ресімдеп береді. Аудан аумағына дайын өнімді әкелген сәтте ол жөнінде жергілікті маман инспекторға хабар берілуі тиіс. Өйткені енгізілетін өсімдік тектес өнімнің бәрі екінші мәрте қосымша бақылауға алынғаны абзал. Сырттан өсімдік өнімін алып келген адамның қолында, оны өткізуге кіріспес бұрын, залалды заттың жоқтығын растайтын құжаты болуы тиіс. Сәйкестелген құжатсыз жаңағыдай өнім сатқан амал арнаулы ережені бұзғандық болып табылады. Тәртіп бұзған жеке тұлға Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 400 бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Нақтырақ айтқанда жеке тұлғаға айлық есеп көрсеткішінің 20, лауазым иесіне, шағын кәсіпкерлік өкіліне әлде коммерциядан тыс ұйымға 30, орта кәсіпкерлік өкіліне 40, ірі кәсіпкерлік өкіліне 100 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде айып салынады. Әкелген өнімін залалсыздандыруға, қайтадан өңдеуге мүмкіндік болмаса, онда бәрі тәркіленеді. Назар аударарлық сауалдар бойынша аудандық аумақтық инспекцияға келіп жолығыңыздар. Мекен-жайы: Ерейментау қаласы, Шоқан Уәлиханов көшесі, 41 үй. Телефоны: 2-38-33, электронды мекен-жайы: nurmagambetova.gu@minagri.gov.kz
Гүлнәр НҰРМАҒАМБЕТОВА,
өсімдік карантині бойынша мемлекеттік инспектор