ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫ БИІК БОЛСЫН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ауданымыз спорт майталмандары жағынан ұдайы көш бастап келеді. Бапкерлер мен шәкірттердің нәтижесі де толымды. «Дені саудың – жаны сау» қағидасын ту еткен спортшылар қатарының көбейгеніне көңіл толады. Осылайша саламатты өмір салтына ден қойған әр жастағы жерлестеріміз ұдайы жарыс пен ойын алаңынан табылады. Түрлі белестерді бағындырған, боз кілемде жауырыны жерге тимеген палуандарымыз, жарыс жүлдегерлері – өңір мақтанышы.
БЖСМ директоры, күрестен КСРО спорт шебері Сәрсенбек Темірғалиұлы Өтепов өз мекемесін 11 жылдан бері басқарып келеді. Осы уақыт аралығында өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі айтарлықтай. Мерекелік сұхбатымызда аталмыш салаға алғашқы әуестігі жайында ой бөлісуін өтіндік.
-Бала күнімде, өз теңдестерім тәрізді футбол, хоккей ойнадым. Әйтсе де, күреске әуестігім басым түсті. Орта мектептен кейін Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетіне түстім. Дипломмен туған жеріме оралдым, спорт мектебіне бапкер болып орналастым. 2007 жылдан бері директормын. Жұмыс бабында бұрынғы басшы, ҚР еңбегі сіңген бапкер Александр Дукартпен, самбодан ҚР еңбегі сіңген бапкер Қайыркен Жақыппен, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Виктор Рябухамен, шаңғы жарысынан еңбегі сіңген бапкер Валентина Палиймен әріптес болдым. Қазір олардың бәрі зейнеттік демалыста.
-Тамыздың үшінші жексенбісі Қазақстанда спорт күні мерекеленеді. Ел өмірінде көпшілік шаралар басталып та кетті. Ауданның 90 жылдығы да жақын қалды. Осы орайдағы ой-жоспарыңыз қандай?
-Бұқаралық спортты дамытуға септескен жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Ол көпұлтты халықты біріктіретін, намыс туын биіктететін, ел мәртебесін көтеретін сала. Жеңімпаздарымызға келер болсақ: Ольга Мандрика шаңғы жарысынан спорт шебері, әрі Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионатынын жүлдегері. Екатерина Мандрика жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионы. Құрман Ахметов, Қуаныш Бекқожин, Екатерина Забара волейболдан облыстық, республикалық жарыс чемпионы әрі жүлдегері. Ағайынды Ербол, Бекбол, Есенбол Нұрланұлы белбеу күресінен әлем чемпионаты жүлдегері, облыстық, республикалық жарыстың бірнеше дүркін чемпионы. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыруымызға болады.
Қазақша күрес палуандары: Олжас Еренғайыпов Еуропа кубогының жүлдегері, Айбек Жұмағұлов, Виктор Неплюев ҚР чемпионатының қола жүлдегері.
Ұжымымызда жалпы 20 әріптесім қызметте. Тәрбие жұмысы бойынша орынбасарым Ольга Борисенко осы салада 30 жылдан астам қызметте. Бапкерлер: Бекболат Жұманиязов, Мәншүк Кәмәлиденова (дзюдо), Қанат Бахриденов (футбол), Құрман Ахметов, Сергей Тресцов, Мадияр Смағұлов (волейбол), Самат Тілеубергенов, Мереке Төлейбергенов (қазақша күрес), Мұрат Уажанов (тоғызқұмалақ), Александр Котов (шаңғы жарысы) және басқалары өз саласының майталмандары.
18 тамызда «Жігер» стадионында сағат 10-да мерекеге арналған кең ауқымды «Таңғы гимнастика» акциясы өтеді. «Ерейментау -2-Павловка» футболшылары бәсекеге түседі. Қыркүйекте қала мекемелерінің қатысуымен дәстүрлі «Денсаулық күні» жалғасады. Бұдан бөлек, қазіргі таңда ҚР қалалары деңгейінде өтетін, 30 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбаны Перуаш Кәрімұлын еске түсіруге арналған қазақша күрес турниріне дайындық жүруде.
Чемпиондарымыз қазіргі таңда бозбалалар мен бойжеткендердің дзюдо күресіне қатысуға республикалық селолық спартакиадасына Қызылордаға аттанды. Демеуші – облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы. Жерлестеріміздің толымды нәтижемен оралатынына үміттіміз.
Барша әріптестеріме, әуесқой спортшыларға биік белес, бой сергектігін, игі жетістік тілеймін.
-Әңгімеңізге рахмет!
Людмила МАРКОВА
Суретті түсірген автор