«ЖАДЫРАҒАН ЖАЙДАРЫ ЖАЗ – ЕРЕЙМЕНДЕ»

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің мамандары «Туған жердің тарихы» әдеби саябағын ұйымдастырды. Ерейментау ауданының 90 жылдығына арналған шараға өңіріміздің 5-70 жас аралығындағы тұрғындары қатысты. Түрлі жас аралығы толық қамтылуы үшін саябақ бірнеше бөлікке бөлінді. Жас оқырмандарға арнайы кітап көрмесі әзірленді.

Балалар кітапханасының қызметкерлері әртүрлі сайыс ұйымдастырды, флешмоб биледі. Аудандық және жасөспірімдер кітапханасындағы әріптестеріміз ересек буын оқырмандарын шақырды. «Туған жер-туған ел», «Мағжанның мұрасы мәңгілік» және «Жаңа кітаптар әлемі» кітап көрмесі көпшіліктің назарын өзіне аудартты. «Туған жер-туған ел» бөлімінде ауданға қатысты көптеген мәлімет берілді. Өңіріміздің тарихы мен мәдениеті, жергілікті ақын-жазушыларымыз туралы ой қозғалды.
М.Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Мағжанның мұрасы мәңгілік» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Бұл бөлімде оқырмандар «Мағжан Жұмабаев туралы мақалалар жинағы» тақырыптық папкасы мен «Қазақтың дарабоз ақыны» әдеби көрмесінен көптеген маңызды ақпарат алды. «Жаңа кітаптар әлемі» тақырыбы аясында кітапханамызға жыл бойы жаңадан келіп түскен әдеби кітап жиынтығы қойылды. Оның ішіндегі ең құндысы – «Тәуелсіздік дәуірі» және «Қасиетті Қазақстан» кітабы. Елбасы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи публицистика жанрында жазылған «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен ертеңіне автордың көзқарасын танытады. Егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап қалыптасу кезеңінің ерекшеліктері қамтылған. 26 жылдық Тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетігі егжей-тегжейлі баяндалған. «Қасиетті Қазақстан» кітабына Ақмола облысының киелі жерлері, тарихи оқиғалар өткен қасиетті орындары, табиғи ландшафттың ерекше ескерткіштері және ұлттық құнды мәдени мұралары енгізілген.
Жүздесуге жиылған оқырмандар жергілікті ақындарымыздың өлең шумақтарын оқыды, алғыс айтты, жақсы көңіл-күйде тарқасты.
Арайлым ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Орталықтандырылған кітапхана
жүйесінің әдіскері