«ҚАРАҒАЙЛЫНЫҢ» ЖОСПАРЫ АУҚЫМДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Торғай ауылдық округіне жақын маңда қоныстанған «Қарағайлы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Әсет Алпысұлы Манабаевпен (суретте) жүздесудің сәті түсті.
Былтыр ашылған шағын ұйымның құрамына бес отбасы біріккен екен. Осы жазда табынға қосылған бұқа көршілес «Кеңөткел-НС» шаруашылығынан алдырылды. Бағылымдағы сауын сиырдың жалпы саны -25 бас. Шағын табынға Өмірхан Әлиев иелік етеді.
Халық жинақы қоныстанған, бір кездері кешегі Торғай совхозының бөлімшесі болған шағын ауылдағы ұйымның өз ерекшелігі барын байқадық. Үкіметтен төленетін субсидия қаржысы мал иесіне қайтарылады. Табында жүрген бұқаға ауылдастар ақша төлемейді. Сауын сиыр мен құнажын көктемнен күзге дейін тегін бағылады. Ірі қараның бәрін «Мал Аман» коммуналды мемлекеттік мекемесіне қарасты округтік мал дәрігері Шиқа Айтмағамбетов тексерістен өткізіп берген, тиісті екпе жүргізген, бақылауына алған.
Жазғы ауа райының ашық сәтін тиімді пайдалануды көздеген Әсет өз иелігіндегі жылқы үйірі мен қой табынына, бақташысының меншікті малына қысқы азық даярлап алмақ ниетте. Иелігінде жалпы 275 гектар жайылымдық жері, ауласында қос тіркемелі екі тракторы, шалғысы баршылық.
Ауылдасымыздың келешекке межелеген өзіндік ой-жоспары да ауқымды. Әуелі аудандық жер қатынастары бөлімі конкурс жариялай қалса – өтінім арқылы бағын сынауға, шабындық жер алуға мақсат көздеп отыр. Бұл мәселе оң шешілген сәтте келешекте табынға қосатын тағы бір асыл тұқымды бұқа алдыруға, мал басын әрмен қарай көбейтуге әбден болады.
Меншікті мал иелерінің қамын көздеген, түлікті өз төлінен өсіруге ден қойған ауыл азаматының бастапқы игі қадамы осындай. Ауылда қарапайым еңбекпен төселген, бірлікпен атқарылған істің нәтижесі де толымды болатынын үлкендерден көріп өскен жанның болашағынан зор үміт ұшқынын айқын аңғардық. Жерлесіміздің бүгінгі тырнақалды қадамына сәттілік, алғы күндегі қарапайым еңбегіне толымды табыс тіледік.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.