«БАСТАУ-БИЗНЕС» – ТАБЫС НЕГІЗІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасымен орайластырылған көзбе-көз әңгіме алаңы аталмыш жобаға ықылас қойғандардың алғы болашағын белгілеп берді.
Республикалық акция аясында тоқсан сайын өткізілетін «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күніне» бұл жолы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін игерген сертификат иегерлері өзара әңгімелесуге жиылды.
Бағдарламаға үн қосуға ниеттенген әріптестер жалпы акцияға құптарлық баға берді. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтуға, жұмыс іздегендерді сүйемелдеуге септеседі. Бастауыш кәсіп иелеріне арналатын 100 айлық есептік көрсеткішіне шақталған біржолғы өтеусіз гранттың тиімділігі өлшеусіз, қолға алған игі ісін өркендетуге сеп болары сөзсіз. Сағымбай Ботпаевты кәсібі алға басқан іскер жан ретінде үлгі тұтуымыздың жөні баршылық. Егер жерлесіміздің жобалаған бизнес жоспарына облыста жол ашылса, онда жылдық алты пайыздық үстемесімен өз ісін өркендетуге несие берілмек. Жұмыспен қамтуға арналған шаруасы алға басса, табыс салығын, зейнетақы аударымын, Міндетті медициналық сақтандыру қорының жарнасын үзбей аударуға, құзырлы мекемелерге табысы бойынша мағлұмдама тапсырып отыруға міндет жүктеледі.
Қысқамерзімдік курсты тәмамдағаны туралы қолға берілген сертификат екі жыл күшін сақтайды. Сондықтан, әрбір түлек уақытты оздырмай, келешегін ойлағаны, игілікті іске талпыныспен қам жасағаны абзал. Кездесуге шақырылған түлектер де болашақты көздеген қызықты бизнес-жоспарына шолу жүргізді. Әділхан Мусин қалада Aiti орталығын ашқан, оған қоса №2 орта мектеп-лицейде 20 курсантқа есептелетін осындай сынып ашпақ ниетте.
Тиісті мақсатқа облыстан арнайы бөлінген «Жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесінің грантына құжат ресімдетуге кепілдік мүлік талап етілмейді. Қолда тек небары алты құжат болса жеткілікті. Олар: мекен-жай анықтамасы, сертификат, жеке куәлік, бизнес-жоспар, жеке кәсіпшіліктің ашылымы туралы анықтама, белгіленген үлгідегі өтініш. Грантпен берілетін қаражаттың пайдалы іске жұмсалғаны абзал. Мысалы, оған мал алдыруға әлде өндірістік желіні іске қосуға болады. Қаржы берілісі дайын жоспарға облыс тарапынан құптарлық қорытынды алынған жағдайда үстіміздегі жылдың күз айларына жоспарланып отыр.
Өткен жыл да толымды нәтижесімен есте қалды. Жалпы отыз бір курсант несие алды. Олардың 95 пайызы мал шаруашылығына ықылас танытты. Өзгесі таңдаған кәсібін дамытуға ниетті. Биылғы түлектердің арасында асыл тұқымды мал өсіруге несие ресімдеткендер баршылық. Келешегін болжаған жас кәсіпкер аэротүсірілім, топография ісіне, оған лайықты дрон аппаратын алдыруға көңіл аударып отыр. Сүт мәшинесін сатып алуға, газ блогын құйып шығаруға, жекеменшік балабақша, дәмхана ашуға мақсат қойған жерлестеріміз де баршылық. Бәрінің де игі қадамы құптауға әбден лайық.
Партияның аудандық филиалының бастамасымен «Кедергісіз келешек» бағдарламасы жоспар негізінде жүзеге асырылмақ. Осы негізде кемтар жандарға кез келген мекемеге емін-еркін енуге, белгіленген квота бойынша жұмысқа алынуға, мемлекеттік басым бағдарламаның игілігін көруге баршамен теңбе-тең мүмкіндік берілгені дұрыс. Көшбасшы партия филиалы сонымен қатар келешекте «Бастау-Бизнес» бағдарламасының көшбасшылары арқылы Әлеуметтік бағыттағы психологиялық көмек орталығын ашқызуды ұсынды. Кездесудегі әңгіме осы сарында түйінделді.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ. Суретті түсірген автор.