КӨКШЕТАУДА БАПАН БИГЕ КӨШЕ БЕРІЛДІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ел Конституциясы күні қарсаңында, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Ақмола облыстық судьялар алқасының бастамасымен Көкшетау қаласындағы мөлтекудандардың бір көшесіне қазақ халқының айтулы билерінің бірі – Бапан бидің есімі берілді, деп хабарлайды Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.
Өткізілген игі шара өткен тарихымызды мәңгі есте қалдыруды, билер сотын қалыптастыруды, дамытуды, қазақ даласындағы әділ сот төрелігінің рөлін дәріптеуді, дағдылы құқық нормаларын жетілдіруді, тарихи, мәдени, құқықтық мұрамызды сақтауды, жас ұрпақты мемлекет тарихы мен құқықты бағалауға тәрбиелеуді, мақтаныш пен отаншылдық сезімін нығайтуды мақсат етті.
Салтанатты жиынға жергілікті атқару билігінің, құқық қорғау органдарының, прокуратура, ішкі істер департаментінің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайластыққа қарсы амал жөніндегі агенттігі департаментінің өкілдері, Бапан бидің ұрпақтары, зиялы қауым, Ақмола облысының сот жүйесінің ардагерлері мен судьялары қатысты.
Дамыған елдер қатарына енуіміз үшін ұлттық құндылығымыз сақталуы шарт. Қолда барымыз ел игілігін көркейтуге арналуы тиіс. Осы орайда мемлекетіміздің сот жүйесінде мақтан тұтарлық, өткен дәуірдің билер сотынан үлгі аларлық іс аз емес.
Қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы тарихтан, қазақ халқы мен мемлекетінің қалыптасуына, дамуына сүбелі үлес қосқан жаужүрек батырлар мен қара қылды қақ жарып, тура әділдігін айтқан билердің ғұмырнамасынан өнеге алуы тиіс.
Билер соты қауымдастығы тек қазақ халқында ғана дәстүр ретінде қалыптасты. Қоғамдық өмірде, халық арасындағы қарым-қатынаста әділдіктің өлшеміне айналды. Сөз жоқ, хандық билік мемлекеттің негізгі басқармасы ретінде бағаланды, олар билердің пікірімен санасты, сот билігі ретінде сенім жүктеді. Би ханның кеңесшісі, ұстазы, рухани тірегі болды. Би ұдайы халық атынан сөз сөйледі, көпшіліктің жақтаушысы болды.
Облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров жұртшылық пен меймандарды айтулы оқиғамен құттықтады. Ұлттың абыройы сақталған ана тілімізді құрметтеп, дәріптегенде ғана, салт-дәстүрімізді әспеттегенде ғана халықтың рухани жаңғыратынын, ұлттық кодтың нығаятынын айтты. «Ұлттық код пен ұлттық мәдениет сақталмаған жерде, ешқандай алға басушылық болмайды», – деп атап көрсетті Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласында. «Сот билігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері жариялылық, әділдік, өнегелілік, адамгершілік қағидаларын берік ұстануы шарт, Ол қазақ халқының билеріне лайықты қасиеттер», – деді Д.Әміров.
Жиын барысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқық реформасы жөніндегі комитетінің мүшесі Берік Дүйсембинов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгеров құттықтау сөз сөйледі. Ерейментау ауданының делегациясын әкімнің орынбасары Абай Әлжанов басқарып барды. Бапан бидің ұрпақтары облыстық соттың қызметкерлеріне алғыс айтты, жұмысына табыс тіледі. Бапан би көшесі тұрғындарының атынан сөз алған Қ.Жапаров облыстық соттың басшылығына көшені көріктендіруге көрсеткен көмегі үшін ризашылық білдірді, игі жақсылық тіледі.
Жазушы, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосын Бапан биге арнауын орындап берді.
Облыстық сот алқасы осы көшенің бойында айтулы бабаның суреті кескінделген билборд орнатыпты.
Шара театрландырылған қойылыммен жалғасты. Оны Көкшетау қаласының мәдениет бөлімі ұйымдастырды.