ҰЛТЖАНДЫ ЕЛ АЗАМАТЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Еліміз егемендік алғаннан кейін көп адамдар қолдарына қалам алып, бойларында бар қасиеттерін, таланттарын іс жүзінде көрсете білді.
Біздің жазып отырған мақаламызға себепкер болған – Теміртас қажы Ахметов те солардың қатарында жүрген адам.
Зейнеткерлікке шыққан Темекеңнің қолынан қаламы, мойнынан фотоаппараты бірде-бір түскен емес. Бір атан түйеге жүк болар білімінің негізінде ол біраз шығармаларды дүниеге әкелді. Ол туралы ертеректе баспасөз беттерінде, Интернет желілерінде жариялаған болатынбыз.

Теміртас қажы Ахметов
Теміртас қажы Ахметов

Ереймендік жерлестерге айтатынымыз сол, жақында Теміртас қажының «Ананың жаны» атты деректі әңгімелерден құралған жаңа кітабы жарық көрді. Көлемі жағынан энциклопедияға ұқсас бұл жинақтың парақ саны 400-ге жуық.
Автор бұл кітабын жалғыз ұлының қызығын көре алмай арманда кеткен аяулы анасы Шәмәзия Усамбайқажы тегінің ұрпағы мен 45 жыл отасқан асыл жары Раушан Хамзеқызы рухына арнапты.
Жасынан білімге құштар ел ағасы, Ерейменнің төлтумасы Теміртас қажы өмірде өзінің аңсаған мұраттарына жетсе де анасынан ерте айрылып, жетімдік қасіретін басынан көп кешіргенін осы шығармасында жан-жақты аңғартады. Қиындыққа мойымаған азамат мектепті, соңынан жоғары білімді басқалардан оза отырып алып шыққаны белгілі. Өз замандастарының арасында ол Құлагердей жүйрік, үздік оқушы атанды. Біле-білген кісіге бұл да үлкен өнер.
Ауылшаруашылығының белді маманы Ақмола өңірінің біраз жерінде ел қатарлы еңбек етті. Тектілігінің арқасында ол адамдық жаратылысына, ата-баба аруағына нұқсан келтірген емес. Жасынан елдің қадірлі азаматтарының қатарына қосылды. Мансапқорлықтың жолын іздемеген кісі сондай болар.
Теміртас қажы қазіргі кезде Астананың белді тұрғыны. Өзінің шаңырағынан түлеп ұшқан ұрпақтары да бабалар аманатына берік кісілер екенін айта кету орынды болар. Жақсы тәрбие көрген балаларының арқасында ол талай елмен құдандалы болды. Үнемі ізденісте, ұзақ жолсапарда жүреді.
Еңбекке, білім мен өнерге алғыр Теміртас қажы Ахметов өзінің құдай берген қасиеттерінің арқасында талай-талай сүбелі еңбектер жазып шығарды. Бұл, әрине, бірінші кезекте елге керек дүниелер. Оқыған адамдардың танымдық ой әлемі арта түсетіні белгілі.
Намысы өрттей, білімі таудай болғасын ол осы шығармаларында көңіліне жүк болған талай дүниелерді ақтарған, соған жауап беруге тырысқан.
Ақан сері мен Нұралы, дүлдүл жүйрік Құлагер, жер мен су атаулары туралы көп толғаныстарымен бөлісіпті.
Бұрынғы шығармаларында қазақ халқының қаһарман ерлері көп шыққан Қанжығалы тайпасы туралы тарата жазса, тың еңбегінде жалпы қазаққа тән өрелі мәселелерге назар аударыпты. Әрине, мұндай мәселелерге өресі биік зерделі адамдар ғана қалам тарта алады. Теміртас қажы Ахметов сондай абзал жандардың бірі (суретте).
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ, Ерейментау ауданының Құрметті азаматы.
Астана.