НҰР ЖАУСЫН ТАЛАБЫҢА КЕЛЕШЕКТЕ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Аудан әкімінің орынбасары, әлеуметтік сала жетекшісі Абай Әлжанов өңірдің дарынды балаларымен жүздесті. Шаршы топқа қала мен ауыл мектептерінен жалпы 25 зерделі шәкірт жиылды. Олардың бірі оқу үздігі, екіншісі – спорт жарысының чемпионы, пән олимпиадасының, түрлі конкурс пен өзге сипаттағы өнер жарысының жеңімпазы.
Емін-еркін жағдайдағы кездесу жылы шырайлы әңгімеге ұласты. Сонымен бәріміз Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің «Рухани жаңғыру» кабинетіне жиылдық. Сегіз қырлы, бір сырлы ұл мен қыз өздері жайында әңгімеледі. Кейбіреуі саз әлеміндегі өнерімен танылды, жас ақындар өз туындыларын оқып берді.
«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» республикалық конкурсының жүлделік оқу иегері, шаңқобыз өнерінің шебері Расул Ерболов, қазақ тілінен аудандық, облыстық, ресрпубликалық олипиада жеңімпазы Венера Қуатова, қанатты сөз зерттеушісі, облыс пен республикалық өнер бәсекесінің жеңімпазы Асылбек Нұртілек, аудандық, облыстық қазақ тілі олимпиадасының жеңімпазы Валерия Доценко, тоғызқұмалақтан облыс чемпионы, республикалық дәрежедегі турнир жүлдегері Сабина Уажанова, волейболдан күміс жүлдегер, жаға волейболынан қола медаль иегері Дариға Ахметова өздерінің қол жеткен табысы жайында әңгімеледі, болашақ ой-жоспарымен бөлісті.
Шараны жүргізген аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Қатима Әубәкірова Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің дарынды ұстазы, «Мұғалім- 2015» конкурсының Бас жүлде иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі Бекай Нұрмұхановқа сөз берді. Ол оқу үздіктерін қол жеткен табысымен құттықтады. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, ойлаған мақсатына қол жеткізе беруін тіледі.
Шәкірттер аудан әкімінің орынбасарына, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына қызықты сұрақ қойды. Әсіресе, қаламыз бен жалпы ауданымыздың жалпы дамуы; сұраныс тудыратын жас мамандардың өңірге шақырылымы; мемлекеттік тілінің бағы; дарынды жастардың сүйемелденуі; мамандық таңдалымы әңгімеге негіз болып жатты.
-Ауданда дарынды, қабілетті бала өте көп. Сөз жоқ, бұл орайда ата-ана мен мұғалімнің сіңірген еңбегі өлшеусіз. Баршаңызды ел мақтанышы, жарқын болашағымыз ретінде бағалаймыз,- деді Абай Еламанұлы.- Сіздердей зерделі жастарымыз елімізді әлемге танытып келеді. Ғылымда да, спортта да, мәртебесі асқақтаған жастарға бәрі тамсанады.
Әңгіме түйінінде өскелең жастың спортқа әуестігінің, саламатты өмір салтына бейімінің маңыздылығын, ана тілін меңгеруі, жетік білуі, түпкі тегін ұмытпауы, өз халқының тарихы мен мәдениетін жетік білуі тиіс екенін атап өтті.
Жүздесу соңында бәріне сый-сыяпат ұсынылды.
Людмила МАРКОВА. Суретті түсірген автор.