ӘРБІР ҚОРЫМ ҚОЙНАУЫНДА ТЫЛСЫМ СЫР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Өңірімізде жасап өткен, есімдері шежіре арқылы бізге де мәлім болған тарихи тұлғалар мен айтулы адамдарды танып білуге мүмкіндік туды. Әлі де ескі қорымға зер салуға, ата-баба есімін түпкілікті зерделеуге лайықталған іс-шара өз кезегін күтеді.

Бұл жолғы сапарымызға Тайбай ауылының тұрғыны Ерлік Батталов тікелей бастама көтерген еді. Алдынғы ой- мақсатпен Астана-Павлодар тас жолын жағалай отырып, күншығыс жаққа қарай бағыт алдық. Малтабардан он екі шақырым қашықтықта оң жақ қанаттағы Тасбақа қыстағына аялдадық. Бұл өңір кешегі кеңес кезінде көршілес Өлеңті совхозы шопандарының қысқы қонысы болды. Бүгінде жеке меншік иесі өз кәсібімен айналыспақ ниетте.

Байырғы зираттағы құлпытастың тұсына аялдадық. Бізбен бірге жолға шыққан ел ағалары: белгілі өлкетанушы Бөкеш Мейрам ақсақал мен «Қанжығалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайыркен Жақып бейіт басында аруақтар рухына дұға бағыштады. Айналада кезінде бірнеше адам жерленген қорымның орны жер болып, тегістеліп қалған. Бізді қайран қалдырған жайт: жеке ескерткіштегі арабша жазу әлі сол қалпында сақтаулы тұр. Маркермен әрбір әріпті бояған сәтте тек Баян деген жазуды ғана оқуға мүмкіндік болды. Ал негізінен бұл жерге екі адамның қорымы бары анықталды. Ал Ерлік замандасымыздың ұсынысымен Қоржынкөлге барар жолда (бұл Қайнар жайлауы болуы мүмкін) жазуы жоқ екі құлпытасқа көзіміз түсті. Ол кісінің мақсаты Жылқыбай бабасының қорымын анықтауды, өз тасымен арнайы қоршап, келешекте құлпытас қоюды көздеген еді. Он жағында Бапан бидің зираты жатыр. Кезіңде Жылқыбай атаның қорымын малтабарлық ақсақал, ел ағасы Қамысбайұлы Құсайын анықтап берген деседі. Бейіт Қоржынкөлге қараған тұста, он жақта деген болжам баршылық.Оны соғыс ардагері Әлихан Барлыбаевтың бауыры Қайлан ақсақалдың баласы да растаған екен. Шежіре дерегіне зер салсақ, Жылқыбай баба – Шөбей-Қалдаман-Жақып-Сейтқазы-Баттал-Біләл болып таралады. Қорымға жаңа белгі тас орнатуға бастама көтеріп жүрген Ерлік Қалауиденұлы – Батталдың немересі.

Кейіпкеріміздің түпкі мақсаты – баба аруағын әспеттеуді, келешек ұрпағына танытуды көздейді. Ойлаған ісінің сәтімен жүзеге асуына тілектестік ниетпен, баба бейітіне арнайы құран бақшылап бізде кері аттандық.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ

Суретті түсірген автор