РУХАНИ КЕЛІСІМ – ІС НЕГІЗІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Бұл күндері бүкіләлемдік қауымдастық мұсылман қауымның Құрбан Айт мерекесін атап өтеді. Негізгі құндылық бағыты: қайырымдылық, жомарттық, ізгілік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша мұсылман қауымды айтулы мейраммен құттықтады. Құрбан айтына арналған шаралардың негізі отбасында арнайы мал шалуды, мал ұшасының үштен бір бөлігін мұқтаж жандарға, шағын ауқатты отбасыларына үлестіріп беруді көздейді.
Аудандық Тоқмағамбет хазірет мешітінде өткен алғашқы айт намазында аудан әкімі Виктор Радченко бүкіл жамағатты құттықтады. Бейбіт өмір, жақсылық, ел бірлігін, ынтымақ-татулығын тіледі. Құран Кәрімнің ілім қағидаларына, шариғат ережелеріне зер салған теолог маман, наиб имам Еркебұлан Исенов, бас имам Жандос Базарбеков құрбандық шалу тәртібін түсіндіре келе, бұл күні мұқтаж жандарды, қарттар мен балаларды, шағын ауқаттыларды сүйемелдеуге шақырды. Өмірден өткендердің рухына арнайы Құран хатым түсірді.
Құрбан айттың алғашқы күні Астана қаласындағы бизнес өкілдерінің ынталы тобы қайырымдылық мақсатында 11 бас ірі қараны құрбандыққа шалды. Мал етін қала мен елді мекендердегі әлсіздер санатындағы 211 отбасына үлестіріп берді. Сонымен бірге азық-түлік сәлемдемесін әзірлеген. Акцияны ұйымдастырушылар өз есімдерін көпшілікке жария етпеуімізді сұрады. Құрбан айт күні республиканың түрлі өңірлерінде олар жылда осындай шара атқарып жатады. Малтабар ауылының манындағы мал соятын алаңда мешіт имамы Жандос Базарбеков бата қайырып, құран бақшылады. Діни мекеме өкілі аудан тұрғындары атынан қайырымды қонақтарға шынайы лебізін арнады, деніне саулық, отбасына амандық, кәсібіне толымды табыс тіледі.
Раушан БАРЖАҚСЫ