ТҰЖЫРЫМДЫ, ӨЗЕКТІ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Өткен аптаның соңында түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы қорытынды есепті кездесуі өтті.
Аудан әкімі Виктор Радченко мен аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов кесте бойынша аптаның соңғы жұмыс күні Күншалған, Олжабай батыр ауылдық округіне есепті кездесуге келді.
Айта кететін жайт, Еркіншілік-Күншалған бағытындағы, облыстық мәндегі жол жөнделімі басталған. Алыс мекенге барар жолда тиісті еңбек құралдарымен шөп шауып жүрген еңбек адамдарын байқадық. Меншікті аулаға қоса шаруа иелерінің маясы да біртіндеп мал азығымен толығуда.
Округ әкімі Айланыш Тілекберді жартыжылдықтың ішінде атқарылған жұмыс жайында баяндады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі жоспарлы, айтулы шараларға тоқталды. Өлке арихын зерделеуге директор Ораз Сетаевтың басшылығымен орта мектептің ұжымы сүбелі үлес қосқан. Үрпек батырдың өмірі мен игі ісіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция сәтімен өтті, Жұртшылық бірсыпыра қызықты та танымдық мол мағлұматқа қанықты, естелік белгінің ашылу рәсіміне куәгер болды. Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің қолдауымен айтулы жыраудың шығармашылығына арналған аудандық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ақмола облысының, Павлодар мен Семейдің сөз зергерлері көпшілікті жыр қайнарынан сусындатты. Мерекелік шараны абыроймен өткеруге тәжірибелік-материалдық көмек көрсеткен демеушілерге ризашылық алғыс лебізін арнады.
Кездесуге жиналған қауым, негізінен әлеуметтік сала қызметкерлері, ауыл әкімінің есебін құптарлық ниетпен қабыл алды. Тазалық, көгалдандыру айлығының нәтижесі де қоса қамтылды. Көшеге шам орнатуға, мал қорымын заңдастыратын құжат әзірлеуге, Ғаламтор желісіне қосылуға арналған алғы күннің міндеттері де жария етілді.
Ауылдастар, жергілікті қауымдастықтың төрағасы, «Нұр Али» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бекім Әкімов өзекті мәселеге тоқталып өтті. Теріс ниетті жер иелері, халықтың жұмыспен қамтылуы, су құбыры жүргізілімінің салдарлары, мал ұрлығы, учаскелік уәкілдің көлігінің жоқтығы, жақын ауылдардан мектепке бала тасылымы, Қаратал мен Шәкейдің көшесіне шам жағылымы, мал өсіруге ниет білдргендерге лайықты жайылым кеңейтілімі тақырып негізіне айналды. Ауылға имам шақыруға, есепті кездесудің өтетіні туралы көпшілікке уақтылы хабарлауға, жекелеген үйлерге су құбырын тартып беруге, округке кірген инвесторлардың мониторингтік жұмысына, сайланған депутаттардың халықпен белсенді жұмысына, ауыл клубы қызметкерлерінің штатын көбейтуге арналған мәселе көтерілді. Облыстық мәслихаттың депутаты «ЕрейменТАУ-2005» ЖШС директоры Темірболат Оразақов, «Қазақтелеком» АҚ Ерейментау желілік-техникалық учаскесінің директоры Дастан Әбділов, жер қатынастары бөлімінің басшысы Елена Олексиенко осы және өзге сауалдарға жауап қайтарды. Аудан әкімі Виктор Радченко ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі әлеуетіне қатысты ақпар ұсынды, өткен жылмен салыстырмалы талдама жүргізді. Тиісті межеге жетуі тиіс салаларға тоқталды.
Түстен кейін аудан басшысы Виктор Радченконың қатысуымен Олжабай батыр атындағы ауылда есептік кездесу жалғасты. Оған аудандық мәслихаттың хатшысы, жер қатынастары, «Су Арнасы» коммуналды мекемесінің басшысы қатысты. Жүздесуге округ бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Ерғали, бастауыш ардагерлер ұйымының, жергілікті қауымдастықтың төрағалары, жекелеген шаруашылық жетекшілері, әлеуметттік сала қызметкерлері, жастар жиылды.
Аудан әкімі Хасамхан Хавджалелді атқару органдарына қызметке жаңа мерзімге сайлануымен құттықтады, ел сеніміне лайық болуын тіледі. Бастамашыл да беделді әкімнің кез келген қадамын құптайтын белсенді халықпен бірге алғы міндеттерді абыроймен жүзеге асыруына тілектес ниет білдірді.
Округ әкімі Хасамхан Хавджалелдің есебінде барлық саланың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылым реті, халықпен қоян-қолтық жұмыс, алғы кезеңннің нақты міндеттері қамтылды. Осылайша округтің тіршілік қызметі қалыпты назарда ұсталатыны аңғарылды.
Бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Шошанов, Ынтымақ ауылының өкілдері округ ауылдастарын толғантатын өзекті мәселені ортаға салды. Гидротехникалық құрылғының апатты жағдайы, арынды су мұнарасының қайта жөнделімі, ауыл клубы мәселесінің шешімі, Ынтымақ ауылындағы көпірдің, орта мектептің жылу жүйесінің жөңдеу күтетіні, округ шаруаларының егістік жердің ұқыпты пайдаланымы әңгіме негізіне айналды. Полицияның учаскелік уәкілін нақты тұрақтандыруға тілек білдірді.
Өңір экономикасының жалпы даму жағдайы, ауыл шаруашылығы өнім өндірісі, құрылыс қарқыны, орташа жалақы мөлшері, әлеуметтік сала көрсеткіші, халықтың саны, шағын және орта бизнестің дамуы, салық түсімі, бюджет атқарылымы, қоғамдық тәртіп – бәрі-бәрі аудан әкімі Виктор Радченконың есебіне негіз болды.
Осы округтердегі есепті кездесуде тұжырымды, өзекті әңгіме өрбіді. Алғы кезеңнің нақты міндеттері белгіленді. Көпшілік жалпы тұрмысты бірлесе жақсартуға тілектестік ниет білдірді.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА