БІЛІМ ЖОЛЫ БАҚ СЫЙЛАСЫН, ӨРЕНІМ!

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Білім күнімен орайластырылған салтанатты жиын Сілеті орта мектебінде де сәтімен жалғасты. Биылғы оқу жылында жалпы 140-тан астам оқушы сабаққа келді.
Бірінші қазақ сыныбына он екі бала қабылданды. Оларға Көкен Еркегүл ілім-біліи негіздерін үйрететін болады. Шағын орталықта тәрбиеленіп жатқан 38 бүлдіршінмен әріптестер Дәәмеш Біләлова мен Қарашаш Бөкеева жұмыс жүргізеді.
Ұстаздар ұжымына дипломмен туған еліне оралған қазақ тілі-әдебиеті пәнінің маманы Ағлан Тойлыбайқызы таныстырылды. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау колледжінің түлегі.
Білім күніне арналған мейрамда оқу орнының директоры Дана Иманбалинова барша қауымға құттықтауын арнады. Жергілікті оқу орны өткен жылы толымды нәтижеге қол жеткізді. Бес түлектің үшеуі: Бекдорж Бүркітбай, Хурметбек Құдайберген, Дана Ермағамбетова Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне, Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетке түсті. Ал Жылқыбай Диана мен Әсел Мұсабаева оқуын Астананың колледжінде жалғастырмақ ниетте. Олардың бәрі мектептің мақтанышы, ұстаздар қауымының еңбегінің нәтижесі. Биылғы жылдың 11 сыныбында да «Алтын белгіден», ерекше үлгідегі аттестаттан үміткерлер баршылық. 1, 2, 8 сыныптың сабағы өткен оқу жылынан бері жаңартылған бағдарламамен жүргізіліп келеді. Бұл жаңалық келесі жылдан бастап 4, 9, 10, 11 сыныптарға енгізілетін болады. Информатика пәнін үшінші сыныптан, ағылшын тілін бірінші сыныптан енгізуге жоспар белгіленген. Оған қоса кіші буында екі дайындық сыныбын ашатын мүмкіндік баршылық.
Шын ниетпен жақсылық пен амандық тілегімен ққұттықтау лебізін ауыл әкімі Сәуле Сұлтанова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғазиз Әбенов, ауданнан келген уәкіл, шаруашылық жүргізу құқығындағы «Мал Аман» коммуналды мемлекеттік мекемесінің директоры Қазыбек Бекеев, бірінші сынып ата-аналарының атынан Қанат Назымбеков жалғастырды.
Бірінші сыныптың оқушылары даярлаған әдеби монтаж көпшіліктің қошеметін иеленді. Жоғарғы сыныптың шәкірттері сыйластықтың нышаны ретінде оларға шағын сыйлығын ұсынды, «Жас балапан» ұйымының қатарына қабылданғанын айшықтайтын лента тақты.
11 сынып оқушысы Меруерт Малшыбай мен 1 сынып оқушысы Абдурахман Төлегенов алғашқы қоңырауды соқты. Дәл осы нәзік те әсерлі үн барлық оқушыларға сәттілік пен бақ, баянды бейбіт өмір сыйласын, білім биігіне жетелесін, шығармашылық ізденіс, толымды жаңа табыс тарту етсін.
Бұл күні «Мен өз Отанымның патриотымын» тақырыбына арналған жалпымектептік сынып сағаты ұйымдастырылды. Түпкі негізі «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын қамтыды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ. Суретті түсірген автор.
Сілеті ауылы.