ЕРЕЙМЕННІҢ ӨР ТҰЛҒАСЫ АМАНТАЙ АҒА

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (5 оценок, среднее: 4,60 из 5)

Loading...
Биылғы жыл Ереймен халқы үшін ерекше – ауданымыздың 90 жылдығы. Оны ел болып атап өтеміз-деп аудан әкімдігі жоспарлап та қойған. Біз, музей қызметкерлері, 90 жылдыққа арнап елімізден шыққан тұлғалар жайлы іс-шара өткізбек ниет таныттық. Өзіміз әзірлеген «Ерейменнің төрт арысы» атты инновациялық жоба негізінде, ақпан айынан жұмыс істеп жатқан жағдайымыз бар. Сол төрт арыстың бірі – Ереймен елінің тумасы, қазақ еліне танымал жазушы, драматург, тарихшы, қазақтың ең алғашқы архивариусы Амантай Сатаев ағамыз.
Амантай ағамыздың ата-бабасы Ерейментау ауданының оңтүстігіндегі Шәкей, Ақшоқы, Күншалған өңірінде өсіп-өнген. Бірақ ел басына қилы заман орнағанда, халықтың аштықтан азып-тозып, шықпа жаным шықпа дәуірінде Амантайдың әкесі Рақымжан 1934 жылдары Қарағанды қаласына көшіп, жанұясын сақтап қалған екен. Сұңғақ бойлы, жауырыны қақпақтай, батыр тұлғалы Рақымжан атамызды Қарағандының Киров атындағы шахтаның басшылары бірден жұмысқа алып, кеншілер қатарына қосып жібереді.
Жүздеген метр тереңдікте, 5-6 күнге дейін жер астынан шықпай, көмір қазған сол ағамыз 1947 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды, «Құрметті кенші» атағын қоса иеленді. Ал анасы Тыныштуған, орта бойлы, толықша келген, ақсары сымбатты болыпты. Үйдегі тәрбие ананың қолында, балаларына қаталдау болса керек, соның әсері ме, ағамыздың үш ұлы Амантай, Айтпай, Қарғаш қазақ еліне танымал азамат болып өсті, халқының жүрегінде қалды. Ата-анасының тұңғышы Амантай 1933 жылы Ерейментау ауданындағы Шәкей ауылында дүниеге келген еді. Ал жастық шағы Қарағандыда өтіп, ескі қаладағы Жамбыл орта мектебін үздік бағамен бітіреді. Мектеп бітірсімен Алматыға оқуға кетпек болған Амантайды әкесі:
-«Елге барып, ағайын-туыстарға сәлем беріп, батасын алған соң барасың»,-деп рұқсат бермейді. Содан Амантай оқитын кітаптарын арқалап жанұясымен Ерейментауға баратын болады. Негізі Рақымжан ағамыз жыл сайын жазғы демалысында отбасымен елге барып тынығуды әдет қылған екен. Осы бір жол сапарды Сатаев Қарғаш ағамыз өзінің естелік кітабында:
– «Ертең Ерейментауға жүреміз деген күні әкей өзі жұмыс істейтін шахтасынан ат арба сұрап әкелді. «Таң бозара жолға шығамыз, заттарыңды арбаға тиеп қойыңдар», – деген соң кешке қарай керек-жарағымызды арбаға тиеп, сақадай-сай әзір болдық. Басқаны қайдам, менің ұйқым келмейді, ауылдағы балаларға тезірек жетсем екен деймін. Өзенге барамыз, балық аулаймыз, бүлдірген тереміз…Не керек, ауылдың қызығы шақырады да тұрады. Таң бозара жолға шықтық. Әкей аттың желісін тартып-тартып қояды, ат жүрісін жылдамдата түседі. Сарыарқаның ұшы-қиырына көз жетпейтін кең даласы көкорай шалғынға малынып тұр. Бидайық басы желмен ырғалып, дала биін билейді. Не керек, сөз жетпейтін әдемі көрініс.», -деп жазған екен. Түс кезінде жолаушылар арба үстінде жолға алып шыққан айран, нанымен ауқаттанып алады да, кеш бата бір бұлақтың басына тоқтайды. Айтбай мен Қарғаш жүгіріп-жүгіріп қу бұта мен тезек теріп әкеледі. Анасы Тыныштығұл мосыны құра салып, от жағып шай қайнатуға кіріседі. Амантай әкесіне көмектесіп атты доғарып, тұсамыстап жайлауға жібереді. Кешкі шайға әбден қанып алған соң әкесінің ұсынысымен Амантай, Айтпай Қарғаш арбаға төселген алашаны төсек қылып, түнгі ұйқыға беріледі. Бірақ жас Амантай көпке шейін ұйықтай алмай, түнгі самал тербеткен дала кереметін бойына сіңіріп тамсанумен болды. Алыстан шыққан жылқының кісінегені, оған қосарланып дауыс беріп жатқан ауыл иттерінің үргені, аспанда жымың қаққан жұлдыздар, әлден соң түн қараңғылығын сәулесімен жарқыратып туған ай көрінісі жас Амантайды сан түрлі қиял-арманға жетелеп, ұйқысын қашырды.
Таң ата жолға шыққан жолаушыларды алыстан мұнартып Ереймен таулары мұңдалап шақырғандай әсерде болады. Жүгенін қағып-қағып жіберіп әкесі:
-«Анау көрінген тау – Ерейментау», – деп дауыстайды ерекше сағынышты үнмен. –Ал анау мұнартып тұрған Күншалған тауы, онымен қапталдас жатқан таудың аты Ақдін аталады. Оның атын Бөгенбай бабамыз қойған деседі ескі көздер. Ақдін – Ерейментау тауының ең биік жері. Кім білсін, Бөгенбай батырдың жауынгерлері сол таудың басынан қарауыл қарап, жоңғарларды тосты ма екен?!, – деп балаларына қарап қояды. Амантай болса тез ғана қағаз-қарындашын алып, әкесінің айтқандарын қойын дәптеріне жазып ала қояды. Амантайдың осы естелік жазбасына ауылдағы ағайын- туыстардың қарсы алған сәті, ауыл іргесіндегі Ақшоқы, Әтембек маңайынан жинаған бүлдірген, долана иісі, ауыл жастарымен өткізген Алтыбақан, ақсүйек ойындары, әсіресе шежіреші ақсақалдар: Уақы, Имақан, Арыстанның Мақандардың жыр қып төккен әңгімелері тізіліп түсіп жатқан еді. Он күндей аунап-қунап, туыстардың ыстық лебізін, ауылдастардың бұларға деп атаған мал-мүліктерін арқалап Қарағандыға оралысымен жас Амантай оқуға түсу үшін Алматыға тартып кетеді. Ол турасында Амантайдың інісі Қарғаштың естелік кітабында:
– «Бір күні Мәскеудің Тарих-архив институтына түскенін баяндаған хат келді. Ол күні әкей мен шешейдің қуанышында шек болған жоқ. Жайшылықта біртоға жүретін әкей жадырап, ашылып сөз сөйлеп, көзі нұрланып-ақ кетті. Шешей болса көрші-қолаңға: біздің Амантай Мәскеуге оқуға түсті, деп жүрекжарды қуанышымен бөлісті. Әрине ол кезде Мәскеуге оқуға түсу қол жетпейтін арман болатын. Сол арманға біздің Амантай ағамыз жетті»-деп жазған екен. Бірақ бұл жанұялық қуаныш ұзаққа бармай, аяқ астынан отбасының тірегі Рақымжан әкесі кеніштегі жарылыстан қайтыс болып, қайғылы күндерін ала келді. Бұл кезде Айтпай 9 сыныпта, Қарғаш 5 сыныпта, ал Амантай Мәскеуде жоғарғы оқу орнында оқып жүрген студент болатын. Жаман хабар жата ма, көрші-қолаң, ағайын-туыс, жазда ғана барып қайтқан ерейментаулық ағайындар ағылып келіп, қадірлі туыстарын жер қойнауына тапсырады.
Ағайын-туғандар, шахта басшылары оқуда жүрген Амантайға әкесінің қайтқанын естіртпеуге шешім қабылдайды. «Жазда каникулға келген соң біле жатар, оқуына кесел келер. Әкесінің арманы баласын оқыту еді, сол арманын аяқ асты қылмайық», деген ниеттен туған бұл шешім дұрыс та болған шығар. Бірақ келесі жылғы жазғы каникулға келгенде вокзал басында қарсы алған інілерінің қиналып тұрған түрлерінен күдіктенген ол бірден:
-«Әкем аман ба?», – депті. Өкіріп жылаған інілерін құшақтап, көз жасына ерік берген Амантай, үйге келген соң да бойындағы өкініш қасіретін тарқата алмай, екі-үш күн қайғыға беріліп жатып қалған екен. Анасы, туған-туыстары басу айтып, әзер дегенде бетін бері қаратыпты. Жаз бойы жесір қалған анасына, қос інісіне қарайлап, үйге қажетті мал азығын даярлап, қыркүйек айында Мәскеу қаласына аттанып кетеді. Дегенмен жанұясында орын алған қиындық жас студенттің ойынан бір сәт шыққан емес. Қолға тиген студенттік стипендиясын үнемдеп, ара-тұра әртүрлі жұмыс істеп күнелткен студент, оқуын ақсатпай, үшінші курска келгенде сырттай оқуға ауысады да, еліне Қарағандыға қайтып оралады. Қаладағы үлкен кітапханаға қызметке тұрады. Сырт көзге оңай-ақ болып көрінетін бұл жұмыстың да ұшы-қиыры жоқ, қаптаған іс-шараларын өткізе жүріп, бойына біткен жазушылық өнеріне бас қояды. Сөйтіп небір естелік, эссе, очерк Қарағанды халқының көзайымына айналған «Орталық Қазақстан» газетінің бетінен орын алып, оқырман қауымған таныла бастайды. Жазуға әбден төселген қаламгер сол газеттің меншікті тілшісі, Қарағанды облыстық телестудиясы редакторының орынбасары қызметін атқарады. 1957 жылы көп ізденісінің арқасында Құрманғазы жайында таңқаларлық киносценарий жазып шығарады. Ағамыздың қарымды жазушылық қадамы, оны сол кездегі еліміздің астанасы Алматыға жетелейді. Алматыда «Қазақфильм» киностудиясында, кейінірек Жазушылар одағында, Тың өлкесі ашылған жылдары Целиноград қаласында өлкелік радио-телевидение редакциясының бас редакторы қызметін атқарады. Осы жылдары қаптаған жолжазбалар, естеліктер, «Тәттімбеттің бір күні» (хикая), «Тәттімбет хақында» (деректер), Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин жайында повестері жарық көрген еді. Автордың қаламынан өз елі Ереймен жайында да көп әңгімелер; «Мылтық иесі кім?», «Дос мұрасы», «Арқа палуандары», «Елу жылды ел жаңа», «Ереймен ерлер елі», «Бақташының бақыты», сонымен қатар ерейменнің ерен еңбеккерлері шопан, механизаторлары жайында жазған очерктері жұрт жүрегінен орын алды. Осындай толымды еңбектерін ескерген Жазушылар одағы ағамызды арнайы жолдамамен Мәскеудің «Литературный институтына» жібереді. Бұл 1967-1969 жылдар еді. Бертін Қазақстан Жазушылар Одағының секретариатында, Қазақ ССР мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамында қызмет еткен ағамыз өзінің сүйікті ісін жалғастырып, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор, Ташкент қалаларындағы ірі-ірі кітапханалар мен архивтерден қазақ халқының тарихына қатысты аса маңызды деректерді молынан жинақтады, зерделеп-зерттеді, анық-қанығына жетіп алып, көркем шежірелі тамаша туындыларды дүниеге келтіреді. Сөзіміз дәлелді болу үшін кезінде Жазушылар одағы партия ұйымының хатшысы болған Ғаббас Қабышұлының «Көріп білгені көп-ақ» деген мақаласында ағамыз жайлы айтылған естелікте былай деп жазылыпты:
-Амантайдың қолында небір көне кітаптар, немесе сондай кітаптардың, қолжазбалардың фотосуреттің көшірмелері көп. Олардың бірін алып, әңіме шерте жөнелгенде автордың танымпаздығына, білімдарлығына еріксіз таңданамын. Өзі шығарған, өзінсіз шығарылған жинағының қайсысын парақтасаң да, тарихымыз, ғылымымыз, әдебиетіміз бен өнеріміз жайындағы деректер менмұндалайды. Олар: актер Мүлік Сүртібаев, көркем фильм жасаушы, ақын Ілияс Жансүгіров, кинооператор Іскендір Тынышпаев, әнші Тәмти Ибрагимова, саяхатшы поляктар, Арқа палуандары, француз жазушысы Ромен Роллан, Шоқан Уәлиханов, Сегізсері, Абылайхан, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Жұмат Шанин, Шәкен Айманов, Әнуар Әлімжанов және тағы басқа тарихи тұлғалар, Абай елі, «Қыз Жібек» дастаны, Ақмола қаласының тарихы, Жұмақыз, Аттила (Оттылы) туралы тың деректі мақалалары мен жазбалары – Амантайдың сергек зерттеуші, батыл пайымдаушы екенінің дәлелі», – деп түйіндеген екен. Ал белгілі жазушы, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев өзінің «Деректі сөйлеткен дарын» мақаласында: «Амантайдың мамандығынан, азаматтығынан бастау алып, қалың оқушы қауымға мөлдір сана, мәнді мағлұмат беретін ғұламалығы мен ойындағысының өңін қашырмайтын қаламгерлігінде жатыр. Амантайды қазақ жазушыларының ішінде даралап оқшауландыратын қасиеті тарихтың құпиясын білетіндігі, архивте жатқан деректердің қыр-сырын айнымай танып, мөлдіретіп жаза білетіндігінде. Сондықтан болар, Амантай Сатаев өзінің бір мақаласында: «Біздің дүмше тарихшыларымыз көмекші салалар дегенді әсіресе тарихи деректерді зерттеу, археография, палеография, топонимика, этнология, археология, тағы басқа осындай тарихтың жанама арналарына ешбір мән бермей, дақпырт тәртіппен жайдақ мініп, жадағай шабуға әуес. Көп жазамыз, асығып-аптығып жазамыз. Тайыз білсек те қамтып, қарбытып тастағымыз келеді. Осыдан барып өркениетті елдердің есті ғалымдарының алдында артымыз ашылып қала береді», – деп ашына жазған еді. Ағамыз шындықты бетке ұратын, тайсалмай өз ойын ашық айта алатындығы жоғарғы жақтағыларға ұнай қоймаған секілді. Бірде жаңадан жарық көрген Қазақ ССР энциклопедиясын талқылауға арналған іс-шара өтіп жатады. Баяндамашылар авторларды мадақтап сөз сөйлеп жатқанда Амантай Сатаев орнынан тұрып:
-Мен энцикопедиядан Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев туралы ешнәрсе таппадым», – деді. Онымен қоймай, қуғын-сүргінге ұшыраған саяси қайраткерлер мен жазушылар, ғалымдарды атап, неліктен басылым беттеріне кірмей қалғанын сұрайды. Бұл сауалды жаратпағандар жамырасып:
– «Сатқын, ұлтшыл, қарақшы адамдардың аттарын Республикалық басылым бетіне қалай шығармақпыз?», – деп жан-жақтан айғай шығарады. Сонда Амантай ағамыз:
– Жарайды, олай болса басылымға Адольф Гитлерді неге кіргізіңіздер», -деген екен. Әрине, бұндай оқиғалар қайталана берген соң, ағамызды осындай іс-шаралардан шеттете берген екен. Бірақ Тәуелсідік алған соң, сол мықтыларың «халық жауларының» еңбектерін, өмір тарихын зерттеп жазып, кітап шығара бастады. Солардың көбісі менің әкемнен дерек сұрап келетін –деп жазыпты Сәуле Сатаева өзінің «Әкем жүрген жерлерде» атты мақаласында.
Ағамыз тірісінде керемет адамдармен ұмытылмайтын кездесу өткізіпті. Оның күнделігінен Қарағандыда айдауда болған Чижевскийді, Әлкей Марғұланды, Евней Букетовты, Әлімхан Ермековты, Сәбит Мұқановты, Шәкен Аймановты, Нұрмұхан Жантөринді және көптеген атақты адамдарды көресің. Алашорда қайраткерлерінің бірі, математик – профессор Әлімхан Ермеков бірде ағамызға: «Амантай, сен өз кезеңінде тумапсың, сен, не ертерек, немесе кейінірек туылуың керек еді», – депті. Осы орайда, ағамыздың еңбектеріне көз жүгірткен атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің «Деректі сөйлеткен дарын» атты мақаласында жазылған мына бір пікірлерін сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмын.
– «Бұл пәниден хан да, қара да өтеді. Бірақ солардың қалдырған іздері қандай? Ол із оның аруағын ардақтауға жарай ма, әлде елге тигізген пайда-зиянына қарай бағалана ма? Біз кейде кезінде аты шығып, жақсы-жаманды мадақталғандарды жаттап алып қайталай беруді ұнатамыз, ерен еңбек сіңіріп кеткендердің артында қалған мұрасына назар аударуға дұрыстап мән бермейміз, тіпті есімізге түсе қалғанда кежегеміз кейін тартып, марғаулыққа салынамыз, олардың ерен еңбегі болса да, атақ-даңқы онша мадақталмаған қарапайым бейнетқорларды «ұмытып» қала береміз. Оның үстіне жоқтаушысы болмаса данышпанның өзі де елене қоймайтын, қалтасы қалыңдардың базары саудалы болатын заманға тап болып отырмыз. Міне осындай кезеңде өмір сорабын бірге кешкен, талай азап-бейнетті бірге тартқан қазақтың білімді де зиялы әйелдердің талпынысын көре бастадық қой деймін. Сондай бейбақтың бірі Амантай Сатаевтың жары Гүлжан екеніне көзім жетіп отыр»,- деп жазған екен. Апамыз 1962 жылы Целиноград қаласында ағамызбен танысып, жанұя құрып, Сәуле, Жанар есімді екі баланың ата-анасы болған еді. Ағамызбен 40 жыл отасып, жазушының нағыз жары,ең сенімді серігі болған. Кезінде отағасының өзі Гүлжан апамызға : «Қырық жыл ішінде мен өзімді жақсы тарихшы және публицист еттім. Мен кеткенде ішің пыса қоймайды, өйткені менің архивіммен айналысасың», – дейді екен. Айтқанындай, Гүлжан апамыз өзінің білімді, ғалым қыздары Сәуле мен Жанар бірігіп, айтулы тұлғаның мол архивін зержелей жүріп, 6 томдық жинағын жарыққа шығарды. Көзінің тірісінде «Аққуды атпас болар», «Дала күйлері», «Ақын ізі» кітаптары ғана жарық көрген қаламгердің туындылары «Төл тарихымыздың тұнығынан», «Замана әпсаналары», «Алаштың арыстары», «Бәрі де көңілімде көз алдымда» деген айдармен баспадан жарық көрді.
Манап ӘДІРЕШЕВ,
Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері.