МЕКТЕПТЕРДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ КҮМБІРЛЕДІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Бірінші қыркүйектің таңында қаламыздың көшелері сәнді киінген, қолындағы гүл дестесімен мектебіне қарай асыға басқан оқушыларға лық толды. Бірінші сыныпқа баласы мен немересі баратын ересектердің де көңіл-күйі көтеріңкі. Міне, олардың бәрін ұстаздар қауымы асыға күтуде.

Бұл күні №2 мектеп-лицейдің ауласында әуелеген ән мен күй барша қауымның назарын өзіне аудартты. Тіпті айналада ине шаншар жер жоқ десе де болады. Білім ордасының табалдырығын алғаш аттайтын өрендер үшін бәрі де таңсық. Оларды тәжірибелі апайлар Жарылғасын Битақова, Қымбат Еркебаева, Татьяна Ворожцова қабылдап алды. Көпшіліктің қошеметімен ортаға шыққан шәкірттерінің келешегіне ұстаз қауым да алаңдаулы. Оның да өз жөні баршылық. Өйткені екі жақты да аса жауапты кезең күтіп тұр.

Қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджанов мектеп ұжымын, ата-аналарды, барша үлкендерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Оқушыларға игі жақсылық, бейбіт өмір, толымды табыс тіледі. Мұғалімдерге қиындыққа толы игі еңбегі, қажырлылығы үшін алғыс айтты. Еліміздің Әнұраны әуеледі.

Директор Ерғали Жақин баршасына жылы лебізін арнады. Бірінші сыныптың ата-аналарын баласының сенімді ортаға алынғанын айтып сендірді, әріптестеріне, шәкірттеріне шығармашылық жаңа жетістік тіледі. Биылғы күрделі жөндеуден кейінгі дайындық ісіне демалыссыз, жаз бойы белсене үн қосқан мұғалімдерге ризашылық жылы лебіз, мерекелік ыстық ықыласты құттықтау сөзі арналды. Ал өмір жолын жаңа парақшадан бастайтын бірінші сынып үшін де бүгінгі мереке ерекше. Оларды сабаққа бейімдейтін, игі қадамымен әр күні үлгі көрсететін жоғарғы сынып оқушылары болмақ.

Түлектер, болашақ «Алтын белгі» үміткерлері Әнел Алдажұман мен Камила Шиптенко шаршы топта сөз алды.

Міне көптен күткен алғашқы қоңырау соғылды. Оны 11 сыныптың оқушысы Дмитрий Островский мен 1 сынып шәкірті Әділбай Айғаным күмбірлетті. Салтанат тәмам болды. Аға буын бүлдіршіндерді сынып бөлмесіне жетелеп барады. Бұл күнгі алғашқы сабақ «Мен өз елімнің патриотымын» тақырыбына арналады.

Людмила МАРКОВА. Суретті түсірген автор.

***

Ауа райы бұлыңғыр болса да, ауданымыздың бүкіл елді мекендерінде Алғашқы қоңырау мейрамына арналған салтанатты жиын өтті.

Балабек Жақин атындағы Новомарковка орта мектебі жаңа оқу жылына лайықты даярланған. Дәстүр бойынша 11 сынып оқушылары бірінші сыныпты сапқа жетелеп әкелді. Қазақстан Республикасының Әнұраны әуеледі. Шаршы топтағы қонақтарымыз: аудандық мәслихаттың депутаты Ержан Биекенов, ауылдық округтің әкімі Григорий Самойленко, ағарту саласының ардагері Әдебиет Байдолда, ата-аналар ұстаздардың, шәкірттердің, барша ауылдастың атына жылы лебізін арнады. Білім бөлімінің басшысы Совет Нұрғазин көпшілікті Білім күнімен құттықтады. Жұмыста, оқуда табыс тіледі. Әріптес Баян Сереноваға Ақмола облыстық білім басқармасының Алғыс хатын ұсынды. Ұстаз апай Айман Тезекованы құрметті демалысқа шығуымен құттықтады. Мектеп директоры Азамат Жүсіпбеков тілек лебізін жалғай келе, ғылыми-зерттеу жұмысында, әскери-патриоттық дайындықта қол жеткізген табысы үшін оқушыларға Грамота мен медаль ұсынды. Директордың оқу ісі бойынша орынбасары А.А.Шошақова мектептің жұмыс тәртібі, каникул мерзімі туралы бұйрықты оқыды.

Ізінше бірінші сыныптың оқушыларына кезек келгенде өздерінің алғашқы мұғалімі Г.К.Манабаева мен В.В.Квачконың жетекшілігімен жаттаған өлең шумағы мен көңілді әнін орындап берді. Алғашқы қоңырау үні құлаққа келді. Оны Әлішер Серіков пен Дарья Головко соқты. Оқушылар «Менің Отаным – Қазақстан» атты ортақ тақырыппен өтетін алғашқы сынып сағатына жиналды.

Раушан БАРЖАҚСЫ. Суретті түсірген автор.

***

***

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ

БАЛА – АДАМНЫҢ БАУЫР ЕТІ

Бүгін бізге Өлеңті ауылдық округінің әкімдігінен ақпар келіп түсті. Мекеме, атқару органдарының басшылары, түрлі деңгейдегі депутаттар, жеке кәсіпкерлер дәстүрлі «Мектепке жол» републикалық акциясына жомарт пейілмен, жүрек қалауымен үн қосқан екен. Олар шағын ауқатты отбасылардың балаларын қатарынан қалдырмаудың, сыныптасымен тең дәрежеде мектепке жіберудің қамын ойластырған.

«Қоржынкөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анатолий Рябушевтің, №13 Өлеңті сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Қайрат Махметовтың, жеке кәсіпкерлер Надежда Узденованың, Майра Дүйсембаеваның, Олеся Каримуллинаның, Өмірхан Қарқынның демеушілік көмегімен үш балаға киім әперілген.

Сонымен қатар ветеринария бөлімінің басшысы Орал Төлеуов, «ЕрейменТАУ-2005» ЖШС-нің директоры Темірболат Оразақов, Өлеңті ауылдық әкімдігінің қызметкерлері «Баланы мектепке даярлаймыз» акциясы шеңберінде көпбалалы отбасылардың алты оқушысына оқу құралдарын алдыруға демеушілік жәрдем көрсетті.

«Мектепке жол» акциясы қыркүйектің соңына дейін ұзартылады. Егер сіздің мүмкіндігіңіз болса, онда мұқтаж отбасылар мен олардың балаларына көмек қолын созыңыз.