НӘТИЖЕ ШЫҒАРЫЛДЫ, БАСЫМ МІНДЕТ БЕЛГІЛЕНДІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Жылда тамыздың соңында ел ұстаздарының тамыз кеңесі өткізіледі. Ағарту қызметкерлері өздерінің білік-тәжірибесін бөліседі. Заманауи зерделі шәкірт оқытып-тәрбиелеуді көздейтін мәселе шешімінің тың бағыт-тәсілін межелейді.
Тамыз кеңесіне жоспарланған ауқымды бағдарламаның беташары Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің ауласына орналасқан ашық аспан аясындағы музейде өтті. Ауа райы қолайсыз болса да, шаршы топтағы мектеп директорлары мен педагогтар тарихи-танымдық табиғи парктің тұсаукесер сәтін ықыласпен күтті. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Сырым Әбжіков оқушыларға лайықталған, «Кәрітау» және «Ерейментау ауданы тарихының беттері» атанған екі жобаның жүзеге асырылымы туралы әңгімеледі. Ғылыми- зерттеу, шығармашылық жұмысына жалпы бір мыңнан астам оқушы үн қосыпты. Алаңдардың біріне түрлі дәуір ескерткіштерінің көшірмесі орналастырылған.

Бұл жәдігерлердің өскелең ұрпақ өміріндегі тәрбиелік, патриоттық, өнегелілік мәні терең. Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Медеу Әбжіков, музейдің ғылыми қызметкері Манап Әдірешев Конституция күні мен алдағы Білім күні құрметіне құттықтау лебізін жеткізді. Абай Әлжанов, Медеу Әбжіков, білім бөлімінің басшысы Совет Нұрғазин мерекелік лентаны қиды.
Манап Әдірешев киелі де қастерлі, тарихи маңызды орындарға шолу үлгісінде терең мәнді танымдық экскурсия жүргізді. Орнатылған әрбір ескерткіш жайында тыңдарманның назарына тарихи дерек, түрлі дәуір ақын-жырауларының естелігін, аңыз-әңгімелерін ұсынды. Негізгі мазмұны аты аңызға айналған батырлардың, әділдікті, татулықты, бітімгершілікті ту еткен билердің, халық емшілерінің ғұмырнамасын, естелік стела мен қорым тарихын қамтыды.
Қала мен аудандағы Бөгенбай батыр атындағы, №4 орта, Т.Шаханов атындағы №3, Ақсуат, Тайбай, Малтабар, Өлеңті, Сілеті, Еркіншілік, Күншалған, Торғай орта мектептерінің дарынды қолөнер шеберлері осы музейді құруға, құнды жәдігерлердің макетін әзірлеуге, орнатуға сүбелі үлес қосты. Келешекте бұл аумақта тарих, әңгіме, естелік сағатын ұйымдастыратын жоспар баршылық. Табиғи таспен қаланған табанжол, объектінің тарихын баяндайтын көрнекі жазба, мектеп жанындағы қолайлы орын – бастама иесі мен ұйымдастырущыларына таңданыс пен ризашылық сезімін туғызды. Олар: аудандық білім бөлімінің қызметкерлері Қатима Әубәкірова, Сырым Әбжіков.
***
Тамыз кеңесінің пленарлық жиыны қаламыздың №4 орта мектебінде өтті.
Балалар музыка мектебінің оқытушысы Меруерт Әбілдиноваа басқаратын көпке танымал «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблінің өнерпаздары конақтарды фойеде сазды сәлеммен қарсы алды. Наталья Курникованың жетекшілігіндегі бейнелеу өнері үйірмесі өкілдерінің қолөнер бұйымы көрмесі мен «Лидер» балалар би ансамблінің биі баршаны сүйсіндірді. Ауданның бүкіл мектептері мен балабақшалары өткен оқу жылы ішінде атқарылған жұмыс туралы өз есебін ұсынды. Көрме үлгісіндегі тиісті дерек-мәліметінде оқушылар мен педагогтардың ғылыми-зерттеу жұмысы, оқу-тәрбие ісіндегі жетістігі, тиісті тақырып игерілімі, алғы мақсаты қамтылды. Авторлық бағдарламасы жоғары бағаланған, кәсіби газет-журнал беттерінде жарық көрген жаңашыл әріптестердің табысы жеке стендте безендіріліпті. Оқытқан шәкірттерінің де өз жетістігі баршылық. Жаңағы педагогтардың жаңашыл жұмысы аудандағы әріптестердің арасында қолдауға ие болды. Олар: Жұлдыз Әбілдинова, Алма Жасарова, Раиса Шәйзина, Жанар Өтепова, Зәуреш Қалиәкпарова, Жанар Тауқұдыретова, Оксана Асатиани. Бәрі де түрлі пәндер мен тәрбие жұмысының бағыттары бойынша өз жаңалығын әріптестерінің назарына ықыласпен ұсынып жатты.
Мектептің жиналыс залында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбы қамтылған пленарлық жиын басталды.
Аудан әкімі Виктор Радченко, облыстық білім басқармасының өкілі Аман Ермұқанов, ауданның білім бөлімінің басшысы Совет Нұрғазин төралқаға жайғасты. Тамыз кеңесінің пердесі ашылған сәтте еліміздің Әнұраны әуеледі.
Болаақ бірінші сынып оқушылары ұстаздарға ыстық ықыласпен, зор талпыныспен үш тілдегі құттықтау шумағын арнады.
Ауданның білім бөлімінің басшысы негізгі тақырыпқа арналған баяндамасында Елбасының Жолдауы шеңберіндегі өңірдің білім жүйесінің жетістігіне қоса бәсекеге қабілетті қазақстандық жастарды бірлесе оқытып-тәрбиелеуді көздейтін міндеттерге тоқталды. Еркіншілік орта мектебінің директоры Бақыт Исатаева, «ҚР білім беру ісінің үздігі» Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің директоры Бекай Нұрмұханов, Балалар музыка мектебі директорының оқу ісі бойынша орынбасары Айнұр Рүстемова, аудандық оқу бөлімінің әдіскері Сырым Әбжіков осы тақырып аясында жарыссөзге қатысты. Әріптестер өзінің, оқушыларыңың жетістігін даралады, жас ұрпақтың әрмен қарай өсіп-жетілуіне лайықты жағдай жасауға қолбайлау болатын жайттарға тоқталды. Ізінше барша қауымға арналған ұсыныс қабыл алынды.
Виктор Радченко мен Аман Ермұқанов аудан педагогтарына жылы лебізін арнады да, ағарту саласының үздіктерін марапаттау рәсімін жүргізді. Қазақ орта мектебінен Әлия Шәймерденова мен «Болашақ» балабақшасынан Қалима Тасболатова Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен көтермеленді. №2 орта мектеп-лицейден Жанар Тауқұдыретова білім беру жүйесіндегі мінсіз шығармашылық еңбегі, жұмысына адалниетті көзқарасы, өскелең ұрпақты оқытып-тәрбиелеу ісінде қол жеткізген табысы үшін салалас министрдің Алғыс хатын иеленді. Жыл сайынғы ҰБТ сынағында өз пәнінен жақсы көрсеткіш байқатқаны үшін келесі әріптестер: Еркіншілік орта мектебінен Гүлназ Бибәкірова, №2 орта мектеп-лицейден Қаламқас Исина, Күлән Омарова, Сұлушаш Смағұлова, Күншалған мектебінен Жанбота Бекей аудан әкімінің Алғыс хатына қол жеткізді.
Әлеуметтік саланың жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов өңірдің жаңашыл ұстаздарын әспеттеді. Оған қоса 2017-2018 оқу жылының нәтижесі бойынша бірқатар мектеп ұжымдарына бағалы сыйлық, тиісті дәрежелі диплом ұсынылды. Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебі бірінші, Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектеп екінші,№2 орта мектеп-лицей үшінші орын алды.
Балалар музыка мектебі, Торғай орта мектебі, «Болашақ» балабақшасы, Перуаш Кәрімов атындағы Малтабар орта мектебі Мақтау қағазымен, бағалы сыйлықпен көтермеленді.
Олжабай батыр ауылы мектебінен Мұхаметқали Дүйсенбаев, Еркіншілік мектебінен Татьяна Слипец, Қазақ орта мектебінен Гүлсім Оразбаева, «Жұлдызай» ясли-бақшасынан Ирина Кучерюк, №2 орта мектеп-лицейден Татьяна Мясникова облыстың білім беру жүйесін дамытуға, оқу-тәрбие ісінің сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін Ақмола облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын иеленді.
Қазақ орта мектебінен Жұлдыз Шәкірова, Новомарковка мектебінен Баян Серенова, Ақмырза мектебінен Наталья Шершнева, Ажы мектебінен Айтжамал Ахметова, №3 орта мектептен Элиза Уразбаева Ақмола облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Ауданның білім қызметкерлері кәсіподағының төзрайымы Рымтай Жақина әріптестерді құттықтады да, «Жаз-2018» конкурсының қорытындысы негізінде үздік шыққан ұжымдарға сыйлық ұсынды. Күншалған орта мектебі Бас жүлдемен көтермеленді. Бірінші орын алған Өлеңті орта мектебіне білім-ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподағының диплломы қоса табыс етілді. Ең белсенді орта және негізгі мектеп ұжымдарына ақшалай жүлде мен сыйлық беріліп жатты.
1 қыркүйекте қала мен аудан мектебінің ұжымын толықтыратын табыс пен сәттілік тілегімен жас мамандар көпшілікке таныстырылды. Ағарту саласының ардагері Қадиша Ермұқанова оларға сәтті жол тіледі.
Түстен кейін Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте пән секцияларының жиыны өтті. Салтанатты жиында да, секцияның жұмыс барысында да, үздік пән мұғалімдері марапатқа ілігіп жатты.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суреттерді түсірген автор.