ЗАМАНА КӨШІН ДӨП БАСҚАНДАР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Бүгінгі алмағайып заманда, ағарту саласына, қазақ тілі пәнінің мамандарына жүктелер міндет ерекше. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін еселеуді көздеп жүрген, әсіресе отандастарымызға оны пән ретінде оқытуға білім-білігін аямай жұмсап жатқан, осы мақсатта елеулі еңбек сіңірген филолог апайларымыз да баршылық.
Бұл орайда қаламыздың Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектебі мұғалімдерінің де игі іске қосқан үлесі өлшеусіз. Білікті жетекші Ермұқан Жапабаев басқаратын білім ордасындағы қос әріптес пән оқытылымы, болашақ жайында ықыласпен ой бөлісті.
Қарлығаш Сейітқызы Тағиманова мұғалімдік қызметін Тайбай орта мектебінде бастады. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түлегінің жалпы еңбек өтілі – 24 жыл, ал қала мектебінде 19 жылдан бері таңдаған кәсібінің барлық ыстық-суығын ниеттес әріптестерімен тең бөлісіп келеді.
Жерлесімізге дәл осы жолды таңдауына септескен, бала жастан білімге баулыған, Елтай мектебінде дәріс берген ата-әжесі – Сағындық пен Орынтай Тағимановтар. Ол кісілерден сабақ алған шәкіртінің бірі – балалар дәрігері Қуандық Исабаев ақсақал бүгінде зейнеттік демалыста, көпке сыйлы ел ағасы.
-«Кішкентай күнімде мені атам оқытатын, қалам ұстағанымды, «Әліппе» ашқанымды, өздігімнен жүгіртіп оқығанымды қызық көретін. Мектепте апайымның үйреткенін үйде бірге пысықтайтынбыз. Бәлкім, осының бәрі менің келешегіме берік негіз қалаған болар», – дейді кейіпкеріміз. Тайбай мектебінде көпті көрген тәжірибелі тәлімгерге – Күлшен Әміреноваға, №3 мектепте Ләззат Жүсіпбековаға жолықтырған тағдырына мың шүкіршілік етеді. Директор Геннадий Кулагиннің, әріптестер Надежда Бойконың, Галина Саратованың тілектестік ниетпен оң бағыт-бағдар бергені, өз әдістемесін үйреткені әлі есінде.
Пән маманының қызмет жолы осылай жалғасты. Әсіресе осы өңірдің төлтумасы, мектептің түлегі, шығармасын орыс тілінде жарыққа шығарған ақын әрі фантаст-қаламгер Төлеу Шахановтың еңбектеріне ден қойғаны, автор жайындағы зерттеу жұмысы бізді де қызықтырды. Белгілі журналист Жанат Елшібектің республикалық «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Уақыттан озған қиялгерлер» авторлық мақаласында ереймендік авторларды да атап өткені мұғалима үшін зор мәртебе. Жылда мектепте дәстүрлі әдеби кеш ұйымдастырылады, келешекте аудандық деңгейде шара өткізетін жоспар баршылық.
Замана талабына ден қойған Қарлығаш Сейітқызы Астананың Назарбаев зияткерлік мектебінде бірінщі деңгейлі курсты сәтті өткерді. Бақ сынаған 100 әріптестің ішінде зерде-білігімен биік тұғырдан көрінді, оқу ордасы әкімшілігінің Алғыс хатын иеленгені өз пәнін терең меңгергенін айшықтайтын жетістік. Оқу-тәрбие ісіндегі елеулі табысы үшін былтыр облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен көтермеленген. Естіген-білген, көкейге түйген жаңалығын әріптестерімен де бөлісіп отырады. Екі аптада бір рет шеберлік сағатының өткізілгенін, тіл мамандарының өзара ой бөліскенін жөн көреді.
Бүгінде 5, 8, 10 орыс сыныбына сабақ бере жүріп, «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» тақырыбын басты қағидаға айналдыруда. Оқытқан балаларының мемлекеттік тілге ықыласына, білім сайысындағы табысына көңілі толады. 2014 жылы облыстық тіл білгерлері бәсекесінде бақ сынаған Татьяна Маюсупова екінші орынды иеленді де, іле Шымкентте өткен республикалық пән олимпиадасына қатысты. Камила Крикунова облыстық «Дарын» ғылыми жобалар байқауында ілтипатқа ілікті.
Қазіргі шәкірттерінің талпынысын зерттеген Қарлығаш Сейітқызы қысқа да нұсқа электронды материалға әуестігін аңғарғандай әсерде. Заманауи интерактивті тақта, ғаламтор желісі, көрнекіліктер сабақты әдістемелік деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Дегенмен пән кабинетіне лингафон құралдары әперілсе – балалардың тілді меңгеруіне мол септесер еді, мұғалімнің жұмысы да жеңілдер еді. Тілдің келешегі жарқын, бағы баянды деген ойда біздің кейіпкеріміз. Ержеткен түлегіне күні ертең қызметке кірерде мемлекеттік тілді білуіне шарт қойылатыны анық. Осы сәтте өскелең жастың сынақты абыроймен өткеретініне пән маманы бек сенімді. Өйткені дәл бүгін қалап берген білім негізі, ұстаздың іргетасы барынша иықты әрі берік.
Талай заман қиындығы мен уақыт соққысына төтеп берген ана тілінің мәртебесін еселеуге алдыңғы буын ұстаздардың ізімен ықылас танытқан мұғалиманың алда әлі де шығар биігі мол, оған қажыр-қайраты жеткілікті деген ой түйдік.
***
Жанар Керейбайқызы Абдулина – Алматы қыздар пединститутының түлегі. Қазақ тілі-әдебиеті пәнінің маманы. Көкшетау облысына қарасты Уәлиханов ауданында еңбек жолын бастаған мұғалима ширек ғасырдан бері Ерейментауда, Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте орыс сыныбына қазақ тілін оқытып келеді. Бүгінде журналистика саласында еңбек етіп жүрген, көпті көрген білікті маман Раушан Сейітқалиқызы Нұрғазиновадан кезінде мол тәлім үйренгеніне, ғұмырлық азық алғанына дән риза. Бүгінде әріптесі Қарлығаш Тағимановаға әдістемелік тәжірибесі мен кеңесі үшін алғысы шексіз. Үзеңгілес мамандар Маржан Бөкенова, Рая Әбдірәсімова, Әйгерім Бәкеева, Бақытгүл Ахметова, Фариза Битақова, алдыңғы буыннан – Ләззат Шортанбайқызы – бәрі-бірі ортақ мақсатпен еңбек жолын жалғастырып келеді.
Негізінен 1-3 орыс сыныбына сабақ беретін ұстаз әуелі баланың білімге бейімі мен зейініне, талабы мен талғамына ден қоюды басты қағидаға айналдырған. Оған қоса кішкентай отандастарымыздың бойында ерте бастан мемлекеттік тілге сыйластық-құрмет сезімін қалыптастыруды мақсат етеді. «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей» , деген халық даналығын негізге алсақ – жас буын жеткіншектің тіл нәрінен қалай сусындайтыны мұғаліміне тікелей байланысты. Әйтседе ата-аналардың да, оқушысының да, қазақ тіліне ықылас-құрметінің ерекше екенін көзбен көрудің өзі зор ғанибет. Бастауыш сыныптан білім алған оқушы Валерия Доценко орта буынға көшкенде 9 сыныпқа дейін аудандық «Абай оқулары» байқауында жүлдегер атанды. Тіпті аудандық деңгейдегі мерекелік шараларда жүргізуші ретінде қазақ тілінде таза сөйлегені есімізде. 2 сынып оқушысы Николь Кистнер Көкшетауда өткен «Тілдарын» ғылыми жоба байқауында үшінші тұғырға көтерілді. Міне, Жанардың маңдай терінің, еккен егінінің жемісі осындай.
Алғашқы бетте ата-ананың бұл пәнге, тіл маманына көзқарасы басқа болатыны –заңдылық. Дегенмен келе-келе бәрі өз арнасына түскен сәтте, баланың ықыласы молайғанда ұстазға да жеңіл тиеді, көңіліне қуаныш ұялайды.
Жаңартылған жүйеге де қосар ойымыз баршылық, – дейді тәжірибелі тіл маманы. Оқулық баланың жас шамасына шақталса, ой-өрісімен үйлестірілсе дұрыс болар еді.
Ұстаздықтың негізі, кезінде осы салада жалпы 45 жыл еңбек еткен, нағашы апасынан дарыған маманның келешекте әлі де алар асуы биік, білім теңізі терең, уақыт ағымына ілесу ниеті мол екенін аңғардық.
Жанар – отбасында үш перзент тәрбиелеген ана. Үлкені қызметке араласқан, ортаншысы мектеп бітірген, кенжесі – мектеп жасында. Сабақтан бос уақытта көркем әдебиетке, әсіресе поэзияға, мәнерлеп өлең оқуға әуестігі баршылық.
Елбасының ұсынысымен алда баршамызды латын қарпіне көшетін келелі тапсырма күтіп тұр. Зерделі де іскер әріптес мамандардың бұл міндетті сәтімен еңсеруге талыпыныс-білігінің молынан септесетініне үміттенеміз, кәміл сенеміз.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ. Суретті түсірген автор.