ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНҒА ІЛІКТІК

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және орталығы» және Целиноград аудандық ішкі саясат бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Келін – отбасының ырысы» облыстық байқауы ұйымдастырылды.
Қорғалжын, Ерейментау, Аршалы, Астрахан, Ақкөл, Целиноград аудандарынан ортаға келіп қосылған жас келіндер шаршы топта бақ сынасты. Сайыстың негізгі мақсаты қазақтың ежелгі шежірелі тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын дәріптеуге арналды.
«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» демекші, қазақ халқы қыз тәрбиесіне болашақ келін ретінде көп көңіл бөлген. Өйткені, жақсы келін бір шаңырақтың ғана емес, тұтас бір ұлттық болашағы, келер ұрпақтың тәрбиешісі. Болашағын бағдарлаған ел де оның бастауына жан-жақты ден қойған. Ұйымдастырылып отырған жарыс та осы мақсатты көздеді, салт- санамызды жаңғыртуға, ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді дәріптеуге негізделді. Терең мәнді, қызыққа толы жарыс бағдарламасына «Менің отбасым – менің бақытым», «Өнерлінің өрісі кең», «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Ұлттық тағамдар» тақырыбы «10 саусағынан бал тамған» үй тапсырмасы енгізілді.
Әр кезеңде бойынша қатысушылар өз өнерін ортаға салды, білім-білгірлігімен, зерделілігімен, шеберлігімен дараланды. Таныстыру кезеңінде бірі қара өлеңмен, бірі қазақтың қара домбырасымен күмбірлете ән шырқады. Енлі бірі театрландырылған көрініспен барлық отбасы мүшелерін қатарға қосты. Ал «Өнерлінің өрісі кең» тақырыбында келіндер жаңа қырынан ашылды, мың бұрала билеп, нақышы үйлесімді әуезді әннен шашу шашты.
Сайыс барысында қазақтың бесікке салу, тұсау кесу, сыңсу, балаға жеті атаны үйрету, ат тергеу, қыз ұзату сынды, сонымен қатар, көмескіленіп, ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптарға лайықты сұрақ қойылды, тұшымды жауап алынды.
Шаршы топта көрермен көзайымына айналған келіндер «Өнерлі келін», «Шебер келін», «Көркем келін», «Білімді келін» аталымында ілтипатқа ілікті, көтерме жүлдеге қол жеткізді. Ақтық нәтижеде үшінші орынды Целиноград ауданының намысын қорғаған, халық әнін қазақтың қара домбырасымен құйқылжыта орындап, көпшіліктің алғысына бөленген Өмірхан Разыхан иеленді. Екінші орынды Ерейментау ауданынан Амина Омарова, бірінші орынды Аршалы ауданының үмітін арқалай келген Айдана Сембиева иеленді. Бас жүлдені сайыстың бар талабына сай келген Целиноград ауданының өнерпазы Жанна Сарина қанжығасына байлады.
Ұлттық болмысымызбен үйлесімді рәсімдерді сән-салтанатпен көрсете білген бүгінгі байқаудың жастар үшін тағылымы мол. Аталмыш шараның салтымызды жаңғыртуда, жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды орын алатыны анық.
Ерейментау ауданы әкімінің
баспасөз қызметі