АЛАСАРМАС БЕЛЕСІ СЫЙ-ҚҰРМЕТТІҢ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Күншалған ауылының байырғы тұрғыны Иван Яковлевич Богучарский, егде жасқа жетсе де, аға буын өкілі ретінде, әлі күнге дейін туған өңір өміріне белсене араласып келеді. Көпті көрген қос ана – Жаңыл Сағиқызы Нұралина мен Александра Федоровна Кулакованың ғұмырнамасы да елді мекеннің тарихымен тығыз байланысып жатыр. Кейіпкерлеріміздің жүріп өткен жолына үңілсеңіз – өмір үшін күрес ізін, жарқын болашаққа сенім нұрын, отбасы мен Отан игілігіне сіңірген игі еңбек лебін аңғарасыз.
Иван Яковлевич Богучарский 1925 жылдың 17 ақпанында туған. 1943 жылы бесінші армияның әскери трибуналы 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне үкім кескен. Уақыт жеңіл тиген жоқ, қанды соғыс қызып жатқан шақ. Сондықтан кез келген жаңсақ қадам үшін әскери кезең заңына сәйкес, әлде мерзімді жаза арқалатады, әлде ату жазасына іліктіріп жүре береді. Лагерьден кейін мерзімді жазаны Қарағанды облысында өтедім. 1952 жылы Ақмола облыстық милиция басқармасына жіберілдім.

Ол жерден Еркіншілік ауданының Благодат селосына еркін қонысқа аттандырды. Благодатта бір жыл тұрдым. Милиция бастығы Н.П.Кулагин Киров атындағы совхозға, қазіргі Қаратал ауылына жөнелтті. Бұл елді мекенде аптасына бәр мәрте комендантта тіркеліп отыруды міндеттеді. Қазақстанға жер аударылған өзге ұлттың өкілдері де, саяси қуғын-сүргін құрбандары, осы мекемеде тіркеуден өтіп жүрді. Совхоз құрылған уақытта колхоздың бүкіл есеп құжаттамалары совхоздың бухгалтериясына ауыстырылды да, Байман Бейсембаев бас бухгалтерлікке тағайындалды. Жаңадан құрылған шаруашылық мемлекеттік банктен несие алуға мұқтаж болды. Бас бухгалтер мені экономист лауазымына ұсынды. 1958 жылы өнеркәсіптік қаржы жоспарын құрастыру үшін Ақмола тресіне жіберді. Ол барлық, өндірістік, шаруашылық және қаржы жұмысын түпкілікті жоспарлауға негіз болатын. Иван Яковлевичтің зейнеттік демалысына дейінгі бүкіл еңбек жолы Ленинский совхозының бас экономисі лауазымында өтті. Алдында аталған үш саланың сапалық деңгейін жақсартуға арналды. Жерлесіміздің ғұмырнамасынан заңсыздықты айғақтайтын тағы бір құжатты аңғардық. Ол – елде жаппай орын алған саяси қуғын-сүргін жылдарында шыққан шешім. 1955 жылға дейін арнайы қоныста болған жерлесіміз тек Қазақстан Республикасының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 2 бабының Г тармағына сәйкес толық ақталды. Ерейментау МЗТО басшысы Ж.Қашағанованың қолы қойылған 1999 жылдың 8 қарашасындағы №13-2004-99 шешім иесіне табыс етілген.
Қарттың өміріндегі үлгі тұтарлық тағы бір жайт: 1953 жылы Киров колхозына келген сәтте ғұмырлық жолдасын Анна Григорьевна Самронованы жолықтырды, бірлесіп отау құрды, 70 жыл бір шаңырақта ғұмыр кешті. Қызы Зоя, ұлы Александр дүниеге келді. Бес немере, үш шөбере көрді.
****
Ауылымыздағы сыйлы ананың балалық-жастық шағы сол кездегі Қазақ КСР-ының қалыптасу кезеңімен, қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, қуғын-сүргін дәуірімен орайлас келді. Дегенмен жасымаған қайрат-жігер мен ізгі ниет, бақытты өмірге талпыныс, еңбексүйгіщтік қасиет қиындықты жеңуге септесті.
Жаңыл Сағиқызы Нұралина 1926 жылдың 8 наурызында Ақмола облысының Еркіншілік ауданына қарасты Бәке мал жайылым учачкесінде туған. 14 жасында үйіне алып келген әпкесі сіңлісін Бестөбе кенішіндегі мектепке берген. 17 жасында әр саланың жұмысшысы ретінде кенішке орналасқан. 1943 жылы әпкесі Торғайға көшкенде оны да өзімен бірге ала кеткен. Осылайша 1948 жылға дейін колхозда сауыншы болған. Соғыс жылдары да, Жеңіс кезеңі де, халыққа жеңіл тиген жоқ. Елдегі егде адамдар, әйелдер мен балалар алғы шепті киім-кешекпен, азық-түлікпен, керек-жарақпен қамсыздандыру жолында аянбай еңбек етті. Ізінше бейбіт өмірге араласты, халық шаруашылығын түлетті.
Жаңыл Сағиқызы 1948 жылы Жұмабек Нұралинге тұрмысқа шықты. Зейнетке шыққанша, шыққаннан кейін де Ленинский совхозында әр салада жұмыста жүрді. Ардақты ана атанды, 11 перзент сүйді. Бір кездегі мызғымас Одақтың көптеген атаулы дата марапатын: тың және тыңайған жер игерілімінің 20; 30 жылдығына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30; 50 жылдығына орай мерекелік медалін иеленді. Ауылымыздағы құрметті ананың қырықтан астам немере-шөбересі өсіп-өнді. Қазіргі таңда 92 жасқа толған ана Күншалған ауылында тұңғышы Егінбай Нұралиннің қолында тұрады.
****
Александра Федоровна Кулакова 1930 жылдың 5 қаңтарында Белгород облысында туған. Әкесі, кеңес армиясының офицері Ф.Г.Клименко 1940 жылы Ұлы Отан соғысының алдында, отбасын Қазақстанға, Ақмола облысы Ерейментау ауданының Новокаменка ауылына көшіріп әкелуді ұйғарған. Соғыс алдында өскен балаларды уақыт ерте есейтті, олар аштықты, жоқшылықты да, ыстық-суықты да, ауыр еңбек бейнетін де, бастан өткерді.

Александра 11 жасынан колхозда жұмысқа араласты: бұзау күтті, сиыр сауды. Қыстың ұзақ түндерінде үлкендермен және құрбыларымен бірге майдандағы жауынгерлерге сәлемдеме ретінде жөнелтілетін жылы шұлық, қолғап тоқыды. Бейбіт кезеңде «Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медаліне ұсынылды. 1950 жылы тұрмысқа шықты. Алты перзент тәрбиелеп, өсірді. «Ардақты ана», «Күміс алқа» медалімен марапатталды. Бірнеше мерейтойлық медалі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевың қолы қойылған Алғыс хаты баршылық. Қазіргі таңда Күншалғанда тұратын жерлесіміз 13 немеренің әжесі, 15 шөберенің ұлы әжесі.
Тыл еңбеккерлері мен балаларының әңгімесі негізінде дайындаған Күншалған ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Тазагүл ЖАСАРОВА.