«БАТАЛЫ ҚҰЛ АРЫМАС…»

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Бата – ата-бабамыздан бүкіл ұрпақ-зәузатына мирас болған ең қастерлі құндылығымыз, халық ауыз әдебиетінің баға жеткісіз жанрларының бірі. Айтар ойы терең, ниеті түзу, мағынасы кең, сөзі нәрлі осы бір шағын шумақтың баршаға тигізер шарапаты мол. Бәрі-бәрі: алысқа шығатын жолаушы да, ел қорғайтын батыр да, ұзатылатын бойжеткен де, қай заманда болсын, ауыл ақасақалынан арнайы бата алған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, қысқа сөзге сыйғызылған оң сапар, игі жақсылық, амандық-сәттілік тілегі әрбір жан иесіне ғұмырлық азық болған. Атышулы отыз жетінің зобалаңында жазықсыз қуғындалған белгілі қаламгер Ахмет Байтұрсыновтың батаны алғыстың нышаны ретінде бағалағанын бертін әдебиеттен, тарихтан естіп білдік. Шариғат жүзінде де бата-тілекте келтірілген әрбір жақсы сөзді періште: «Әмин» деп, құптап тұратынын аталарымыз да, имамдар да тілге тиек етіп келеді. Осылайша жамандықтан сақтандыруды, тек жақсылыққа бет бұруды меңзейді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен, қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе ұйымдастырылған, Халықаралық отбасы күніне арналған «Ақ бата» сайысы ел ағаларының, көпті көрген үлкендердің назарын өзіне аудартты.

Ата-әжелер межелі уақытта №8 АТК-нің «Рухани жаңғыру» бөлмесіне жиналып жатты. Жалпы саны он екіге жеткен сайыскерлеріміз – батагөй ата-аналарымыз ортамызды толтырды. Жеті санын киелі сан ретінде қабылдаған ұйымдастырушылар алқасы үміткерлердің аузынан жалпы батаның жеті түрін тыңдауды ұйғарған еді. Олар: дастархан батасы, шілдехана-бесік той, тұсаукесер, үйлену тойы, сүндеттой, наурыз батасы және діни бата. Әрбір қатысушының батасы бес баллдық жүйемен бағаланды. Батаның алдыңғы үш түріне ықылас танытқан үш үміткер ерекшеленді, жүлделі жеңіс тұғырына көтерілді. Кеңес Қоянов атай бірінші, 86 жастағы тыл, еңбек ардагері Айтым Оңайбеков ақсақал екінші, Роза Өсіпова жеңгей үшінші орын алды, жүлдегер атанды. Бір немесе екі аталым бойынща бата берген жерлестеріміз: Мақсұт Баймұрынов, Қуандық Исабаев, Сағындық Мұқышев, Бақша Бүкірова, Мейрам Бөкеш, Амантай Бегайдаров, Жәмила Абақаева, Серік Сыздықов, Амантай Жақсыбалин, Тоқан хазірет мешітінің наиб имамы Еркебұлан Исенов естелік сыйлықты иеленді. Жүлде әперуге демеушілік көмек көрсеткен – аудандық ардагерлер кеңесі.

Аралық үзілістерде Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің танымал өнерпаздары Талғат Смағұлов, Балалар музыка мектебінің күйшілері шерткен Құрманғазының «Балбырауын» күйі, Мақсат Байдолданың орындауындағы әндер сахна ажарын аша түсті.

Бүгінгі игі шара – тырнақалды қадам. Келешекте бұл іс жылдағы дәстүрге айналса, қазыналы қарияның ақ батасын ықыласпен тыңдайтын өскелең жастар қатары көбейсе, аталы сөзге мемлекеттік қызметкерлер де бір сәт уақытын бөліп, ден қойса – баршаға зор өнеге болар еді. Дегенмен алда осылай болатынына үмітіміз зор.

Жиылған аға буын жарысты ұйымдастырушыларға ыстық ықыласты алғысын жеткізді, ризашылық ниет білдірді. Әділқазылар төрағасы Төлеген Әбдин де қолдау көрсеткен батагөй жерлестерге разы болды, өз тарапынан қысқа да нұсқа бата үлгілерін ұсынды. Қарашаш Қалқаманова басқаратын қалалық ардагерлер кеңесі де ортақ іске үн қосты.

Үкіметтік емес ұйым келешекте үлкендердің қатысуымен дәлдік пен мергендікті дәріптейтін Асық ату ойынын қолға алмақ ниетте. Бастаманың баяндылығын, сәттілігін, шаршы алаңда алдыңғы толқын ағалармен дүбірлі бәсекеде, жеңісті күндерде жолығуды тіледік.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ. Суретті түсірген автор.