«ОТБАСЫ – ӨМІР АЯСЫ»

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Облыс орталығы – Көкшетау қаласының «Достар» мәдениет сарайында жас отбасылар арасында мақаламыздың тақырыбымен аттас конкурстың мәрелік кезеңі өтті. Игі шара Отбасы күнімен орайластырылды.

Ақмола облыстық Жастардың ресурстық орталығы үстіміздегі жылдың тамызы-қыркүйегі кезеңінде облыстық конкурс ұйымдастырды. Негізгі мақсаты рухани-өнегелілік құндылық қалыптастыруға, отбасылық құндылықты насихаттауға, жастардың әлеуметтік белсенділігін жандандыруға, мәдениетаралық ізгі амалға жағдай жасауға арналды.

Конкурс екі кезеңге жіктелді. Бастапқы бетте жергілікті жерде: әрбір аудан мен екі қалада жеңімпазды анықтауға, келесі жолы фотосурет пен дауыс жинауға арналды. Инстаграмм дауысының нәтижесіне сәйкес, бес ауданнан бес отбасы тікелей мәре сызығына жетті.

Мәрешілер қорытынды кезеңде «Отбасы – өмір саласы» тақырыптық бейнекөрінісін ұсынды. Осылайша көрермені мен қонағын өз отбасымен таныстырды, шығармашылық кезеңде дарын-қабілетін танытты.

Интернет-дауыс беру қорытындысында Ерейментау ауданы төртінші орынға шықты, Аудандық кезеңнің жеңімпаздары -Айтмұқашевтардың отбасы: Дастан мен Әсем ұлы Темірханмен бірге Көкшетаудың ауқымды сахнасында өз қаласының, ауданының, отбасының намысын абыроймен қорғап шықты.

Ұйымдастырушылар бастапқы кезеңде жігіттердің бейнеқатарын жаңылыстырып алды. Ойыншылар осының салдарынан сәл сасқалақтап қалды. Дегенмен шығармашылық конкурс қойылымы идеясының өзі толық болды да, бүкіл тақырыпты ашып берді. Дастан ұлымен қоса дарынды балалар – бауырлары Мейрам, Досхан, Мұрат және Кенжебек Қасиет бір топта ұлттық асық ойынын ойнады. Дастан Айтмұқашев бұл сәтте, отағасы ретінде, балаларға ойын әдісін үйретті, бастапқы шығу тегін түсіндірді. Киіз үй үлгісінде безендірілген сахнаға жайғасқан Әсемгүл ана қызымен, оны ойнаған Нүрила Омарова, болашақ ізбасар отанасына қазақтың ою-өрнегінің қыр-сырын түсіндірді. Бұл өнердің мәртебесіне, отбасылық өмірде алатын орнына, атқаратын рөліне тоқталды. Өз қолынан шыққан бұйымдарды көпшіліктің назарына ұсынды. Соңынан бүкіл отбасы сахнада қара жорға биін биледі. Көрініс Айтмұқашевтар әулетінің «Біз татумыз, бір-бірімізге қажетпіз!» ұранымен тәмамдалды. Жалпы бүгінгі игі шараның түпкі мәнісі «Мерейлі отбасы – Мәңгілік Ел» қағидасына негізделді.

Өзге аудандардан келген конкурсанттар ереймендік отбасына шынымен жолын берді. Олар өз тарапынан ешқандай жаңалық ұсынған жоқ. Бірі үнді биін биледі, келесісі бірінің шырқаған әнін қайталай берді, үшіншісі мобильді құралға үңіліп, монолог оқып берді.

Төрешілер ақылдастар бөлмесіне бет алғанда, Көкшетау қаласының дарынды өнерпазы көрерменді мерекелік ән шуағына бөледі.

Әділ қазылар түпкілікті шешімін жария етті. Нәтижесінде степногорскілік Малоземовтар мен ереймендік Айтмұқашевтарға қатысқаны үшін Алғыс хат, сыйға шаңсорғыш табыс етілді. Үшінші орынды Целиноград ауданы иеленді. Екінші және бірінші орын Бұланды мен Бурабай ауданына бұйырды.

«Шаңырақ» қоғамдық қоры өзінің арнаулы жүлдесін, жеңіске деген жігері үшін, конкурс тақырыбын жан-жақты ашып бергені үшін Ерейментау ауданына ықыласпен ұсынды.

 

Ерейментау ауданы жастарының ресурстық орталығы.