ТАЯҒЫ ҚҰТТЫ БОЛҒАН СЕЙІТ АҒА

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Кешегі Одақ тұсында, кеңес дәуірінде өңірімізде қажырлы еңбек еткен жігіттер бүгінде ауылдың үлкені санатында, рулы елге сөзі өтетін қария дәрежесінде. Бозтал ауылының тұрғыны Сейіт Қырықбаев ағамызды да осы санатқа қосуымыздың жөні баршылық.
Балдәурен балалық шағы жеңіл тимеген бозбала, бұғанасы қатпай жатып, қол еңбегіне араласты. Тың игеру кезеңі қарқын алғанда жұмысқа кіріскенін ескерсеңіз, ауылдасымыз ол кезде небары 13-ақ жаста екен. Ленинский кеңшарының орталық қонысы – Күншалған ауылында жазда механизатор, қыста шопанның көмекшісі болыпты.
1961 жылы жаңа ашылған «Өлеңті» кеңшарында аға шопан ретінде жеке отарға иелік етті. Міне осы кезеңде өріс сәні – ақтылы қой өсіруді түпкілікті қолға алды. «Мал өсірсең – қой өсір, берері оның көл-көсір» демекші, байырғы ата кәсіпке ден қоя жүріп, малдың күтімі мен бабын, өсімі мен күйін жіті назарда ұстады. Ол уақытта аупарткомнан әрбір шопанға 100 саулықтан төл алуға, әр қойдан килограмм өлшемімен тиісті шамада жүн қырқуға, совхоз бойынша мемлекетке ет өткізуге социалистік міндеттеме, арнаулы жоспар белгіленетін. Совхоздың экономикасы мен әлеуеті, тұтас ауданның да облысқа оң қырынан танылуы дәл осы тапсырманың орындалым деңгейімен орайласатын. Игі іске жастай төселген, жыл санап тәжірибесін шыңдаған шопан жылда осы меже биігінен көрініп жүрді. Сейіт ағамыздың көктемгі сақман, жазғы қырықтық науқанында іске ұқыптылығымен, қарамағындағы малға қырағылығымен ауылдас әріптестеріне үлгі көрсеткені ел аузында, көзкөрген аудан басшыларының жадында. Әсіресе жаппай қой қоздату науқаны кезінде шопанға көмекші ретінде совхоз басшылығының нұсқауымен фермаға қосымша жұмысшы жіберілетін.
Осылайша ынтымақ-бірлікпен, жанашырлық-бауырмалдық ниетпен атқарылған іс тиісті жемісін беріп те жататын. Аудандық «Прогресс» газетінің сол кездегі нөмірлерінде жарияланған социалистік міндеттеменің орындалым кестесінде аға шопан Сейіт Қырықбаев есімінің жарқырай көрінгені мәртебелі кезең болды.
1974 жылы Өлеңтімен көршілес жаңадан «Горный» совхозы ашылды. Алғашқы директоры соғыс ардагері Жақия Қанғожин болды. Ауданның уәкілдеріне қоса бөлімше басқарушысы, ферма меңгерушісі, жергілікті сала мамандары мал өсірушілерден ешқашанда көмек-кеңесін аянған емес. Тіпті көпті көрген жан ретінде олардың өздерінің де Ағамен ақылдасқан сәттері әлі есте. Осы шаруашылықтың іргесін нығайтуға, абыройын еселеуге Сейіт Қырықбаевтың еңбегі мен білігін арнағаны ақиқат. Мал-жанға жайлы қоныс ретінде Айғыржал қыстағын таңдаған шопан жыл он екі ай бойы өз кәсібіне адалдық дағдысынан жаңылмай, қоғам малын шашау шығармай, аман өсіргені көпке аян. Кез келген үй жануарының ұқыпты күтім мен бап тілейтінін, істе олқылық жіберілсе – малдың лезде жүдейтінін, бүкіл еңбектің зая кететінін анық сезінді. Жердің жағдайы, азықтың сапасы, жаңа туған төлдің енесінен жерінбей, уызға қанығуы, қораның зоотехникалық талаптармен үйлесімділігі, ветеринарлық көмек мәселесі, қырқылған қойдың профилактикалық шомылдырылымы – бәрі-бәрі мамандармен бірлесе, ақылдастық ниетпен ойластырылды.
Ел алдындағы еселі еңбек ескерусіз қалған жоқ. Әр жылдардағы толымды табыс үшін үш мәрте берілген «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Қазақ КСР-ына еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері», «Қажырлы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалі, ВДНХ – ның қола медалі, «Облыстың үздік шопаны» атағы, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» «Х бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісі, заттай сый-сыяпат – өткен күннің естелігі. Облыстық партия конференциясына бірнеше мәрте мүшелікке сайланғаны, облыстық Советтің депутаттығына ұсынылғаны ауыл еңбеккерінің мәртебе-беделін еселей түсті. Есімі «Қазақстан энциклопедиясы» кітабына енгізілген. Бертін «Ерейментау ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
****
Сейіт Қырықбаевтың толымды жетістігіне дем берген, игі еңбектің, отбасылық өмірдің қиындығын да, қызығын да жарты ғасырға жуық уақыт бойы тең бөлісіп жүрген ғұмырлық жолдасы – жеңгеміз Әсия Мешітбайқызы жайында да мерекелік нөмірімізде сыр шерткеніміз орынды. Алдында айтылған Айғыржал қыстағында бала-шағасымен бірге өз шаруасын кәсіп ететін отанасы 1996 жылдан бері ауласында бие байлап, шипалы сусынын көпшілікке ықыласпен ұсынып келеді. Бозталдан бөлек, жолшыбай отағасына сәлем бере келген Ерейментау, Екібастұз, Астана қаласының тұрғындарына қысы-жазы есігін айқара ашып, кең дастархан жаюмен қатар бал қымызынан қонақжайлық пейілмен дәм татырады. Тіпті нәрлі сусынын тапсырыспен де алдырып жатады. Аудандық деңгейдегі мерекелік шараларда да, жәрмеңкеде де жұртшылықтың көбінесе Әсияның баптаған тағамына ерекше қызығушылық танытатыны және бар. Жергілікті өнім өндірісіне, азық-түлік қорын еселеуге үлесін қосып жүрген қарапайым ауыл әйелінің қажыр-қайраты сүйсінтеді.
Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ұлағатты ананың, немере әлдилеген мейірімді әженің, баршаның қамын көздеген көпшіл де кең пейілді жанның, жалпы Қырықбаевтар отбасының бүгінгі келбеті осындай.
Дайындаған Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.